Жаңалықтар тізбегі
0

"Жиналуға небәрі 25 минут берді": Шешен-ингуштардың Қазақстанға депортацияланғанына 75 жыл болды

inform.kz, сурет - Zakon.kz жаңалық 01.03.2019 18:00 inform.kz
Қазір Солтүстік Қазақстан облысында ғана шамамен 20 мыңға жуық шешен-ингуш тұрып жатыр.

1944 жылы 500 мың шешен-ингуш Қазақстан мен Қырғызстанға күштеп жер аударылды. Олардың 187 мыңы Солтүстік Қазақстан облысында пана тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Басқа көптеген ұлттар сияқты шешен-ингуштердің де туған жерін тастап, күштеп қоныс аударылғанына биыл 75 жыл толды. Мұхарбек Явлоев ол кезде 12-дегі бала екен. Елін, үйін тастап кетуге мәжбүр болған ол бір топ қандастарымен бірге қазіргі Қызылжар ауданындағы Пеньково ауылына тұрақтайды.

"1944 жылдың ақпан айында ауылдағы ер адамдарды орталық алаңға жинады",- деп еске алады Мұхарбек қария. Әскерилердің жеткізген хабары шешен-ингуш халқына төбеден жай түскендей әсер еткен екен. Үйлерін тастап кетуге сол күні небары 25 минут қана уақыт беріпті.

"Кешқұрым ауылдың ер адамдарын орталық алаңға шұғыл жинай бастады. Біз кішкентаймыз, ондай жиындарға қатысуға ерте, бірақ баламыз ғой, ақырын арттарынан ердік. Бір кезде әскери киім киген ер адам орыс тілінде сөйледі. Ол кезде мен орысша білмеймін, түсінген жоқпын. Бір ағайын: "бізді, ингуштерді өз жерімізден қуып жатыр" деді. Біз достарымызбен аң-таң болып үйге қарай жүгірдік. Ауылдың ақсақалдыларына айтып едік, бізге ешкім сенген жоқ. Бір кезде, манағы әскери киімдегі адамдар үй-үйдің есігін қағып, үйлерімізді босатуды талап етті. Жиналуға небәрі 25 минут берді",-дейді Пеньково ауылының тұрғыны Мұхарбек Явлоев.

Явлоевтар отбасы басқалармен бірге эшелонға отырып, жер аударылды. Қазақстанның солтүстігіне дейін 18 тәулік жүріп келіпті. Олардың кейбірі ауыр жолды көтере алмай аштықтан, аурудан қаза табады.

"Біз Петропавлға жеткенде, қарындасым қатты ауырып қалды. Анам екеуін ауруханаға алып кетті, сол жерде анамнан айырылдым. Бізді бөліп арбаға, көлікке отырғызып, ауыл-ауылға таратты. Көлікке отырғандарды шалғай елді мекендерге әкетті. Мен арбаға отырған едім, бізді осы Пеньково ауылына әкелді. Орыс отбасына түстім, өздерінің екі кішкентай баласы болды. Тамағымен бөлісіп, бізді аш қалдырған жоқ", - дейді Мұхарбек Явлоев.

Сөз соңында ақсақал бүгінгі татулық пен достық шаңырағында бақытты ғұмыр кешіп жатқаны үшін қазақ халқына ризашылығын білдіріп, зор алғысын жеткізді.

Депортацияланған халықтардың көпшілігі үшін Қазақстан екінші Отанға айналды. Қазір Солтүстік Қазақстан облысында ғана шамамен 20 мыңға жуық шешен-ингуш тұрып жатыр. Қазақстан халқы Ассамблеясында алғашқылардың бірі болып "Вайнах" атты шешендердің қоғамдық бірлестігі құрылды. Ал Петропавлдағы №17 Ұлттық өркендеу мектебінде шешен тілі оқытылады.

Ал Мұхарбек пен зайыбы Гошта Явлоевтар қазақ жерінде 7 бала өмірге әкелді. Бүгінде ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, Пеньково ауылында өмір сүріп жатыр.

zkadm
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: