Малика Бектұрова: Цифрландыру қала тұрғындарының жайлы өмірін қамтамасыз етеді

Smartcity Smartcity
Ал, денсаулық сақтау саласына қатысты мәселелер әлі де өзекті.

Әлеуметтің әл-ауқатын көтеріп, экономикалық әлеуетін арттыру мақсатында "Цифрлық Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасы іске қосылып, еліміздің әр өңірінде цифрландыру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Мәселен, елордадағы цифрландыру жұмыстары нәтижесінде, аймақтағы қызмет сапасы артып, құқық бұзушылық көрсеткіші төмендеген.

Осы ретте, бас қаладағы цифрландыру жұмыстарының жай-күйі туралы Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Малика Ерланқызы Бектұрова айтып берді.

- Нұр-Сұлтан қаласында "Smartcity" жобаcы аясында бірқатар жұмыстар қолға алынды. Қазіргі нәтижелер жөнінде айтып берсеңіз...

- Бүгінде елордада цифрландыру бойынша көптеген жоба жүзеге асып жатыр. Ең бастысы, қала тұрғындары мемлекеттік қызметтерді ыңғайлы, қолайлы түрде ала алады. Өткен жылдан бастап балабақша жолдамасы тек электронды түрде беріледі. Бұрын балабақша кезегіне, жолдамаға қатысты келеңсіздіктер жиі кездесетін. Цифрландыру жұмыстарынан кейін бұл тақырып төңірегіндегі күмәнді сұрақтардың маңызы төмендеді.

Ал, денсаулық сақтау саласына қатысты мәселелер әлі де өзекті. Соның бірі – анықтама алу. Өзіңіз білесіз, анықтамаларды қолдан жасау, оны сату мәселелері аз көтерілмеді. Бұл сұрақты біз жүйелі түрде шешуге тырыстық. Қазір қаладағы мемлекеттік ауруханалар мен емханалардың барлығына QR-код қызметі енгізілді. QR-код арқылы кадр бөлімінің мамандары анықтаманың шынайылығын тексере алады.

Жалпы, Smart Astana қосымшасы қала тұрғындарының сапалы қызмет алуына мүмкіндік жасайды. Ол жерде 70-тен астам қызмет түрін электронды форматта алуға болады.

Қосымша арқылы жақында қайырымдылық қорларын қолдау мақсатында краудфандинг алаңын аштық. Бұрын мұндай қорларға көмектесу жолдары, аударылған қаржының сенімді қорғалуы туралы сұрақтар көп туындайтын. Енді біздің парақша арқылы толыққанды ақпарат алып, қорлар тізімімен танысып, аударған ақшаңызды бақылауда ұстай аласыз.

Жаңа оқу жылында қала мектептері мен балабақшаларына арнап Smart Astana боямаларын жасадық. Сол арқылы кез келген тұрғын қаланың цифрлық мүмкіндіктерін біліп, қызметтерді қалай пайдалану керектігін біле алады. Цифрландырудың ең басты мақсаты – өмір сапасын жақсарту, жеңілдету.

- Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, жаңа технологиялардың қарқынды дамуы ірі мегаполистегі мәселелермен күресте үлкен рөл атқарады. Ал ел астанасындағы көп түйткілдің түйінін цифрландыру қалай шешіп жатыр?

- Цифрландыруға қатысты іске асып жатқан жобалардың бәрі оң өзгерістерге бастауда. Мәселен, Big Data денсаулық сақтау саласын талдап, түрлі мәселелерді анықтауға мүмкіндік берді. Яғни, емханалар қажеттілігі мен жедел жәрдем станциясының орналасуын жоспарлауды анықтауға көмектеседі. Мұндай талдау қаланың алдағы 3-5 жыл аралығындағы демографиялық моделін ескере отырып, әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының тұрғындарға қолжетімділігін есептеу арқылы жүзеге асуы керек.

Цифрландыру экономикалық өсімге ықпал етеді. Онлайн-сауда ақша айналымын көбейтсе, Big data жүйесі арқылы шынайы ақпарат алуға болады.

Біз қазір 92 жүйені іске қостық. Сәйкесінше, ақпараттық жүйе автоматты түрде келген деректерді тексереді. Ол нені білдіреді? Яғни, бұл қала тұрғындарының нақты санын анықтауға мүмкіндік береді. Нақтырақ айтсақ, еліміздің басқа аймақтарынан келген азаматтарды, салық төлемей жүрген жандарды анықтауға болады. Нәтижесінде, қалалық автобустар маршрутын түзеуге, балабақшалардың санын арттыруға, мектептерді қайда салу керектігін білуге өз септігін тигізеді. Тұрғындардың жайлы өмірін, қажеттіліктерін қамтасамыз ету үшін сандық мәліметтердің сапалы болуы үлкен маңызға ие. Мұның бәрі экономикалық өсімге де әсер етеді.

https://static.zakon.kz/uploads/posts/2019-09/thumbs/1568633262_attachment.jpeg

- Тағы бір өзекті мәселенің бірі – жол-көлік оқиғасы. Осы мәселеге байланысты қала көшелерінде бейне-бақылау жүйесі енгізілді. Бұл жол-көлік оқиғаларына қалай әсер етіп жатыр?

- Алғашында қала көшелеріндегі бейне-бақылау жүйесін адамдардың көбісі түсінбей, айыппұл салу жүйесі секілді қабылдады. Шын мәнінде бұл жүйе айыппұл салу үшін емес, қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жасалды. Соның арқасында биыл Нұр-Сұлтан қаласында қылмыс саны 40%-ға азайды. Қала көшелеріндегі көлік апаттарының саны 2 есе, өлім-жітім 16%-ға төмендеді. Мұның бәрі ең алдымен цифрландырудың оң нәтижесі деуге болады. Сонымен қатар қалада орналасқан бейне-бақылау жүйесіне soft енгізу жүзеге аспақ. Бұның пайдасы қандай? Жаңа жүйе жоғалған, іздеуде жүрген адамдарды табуда, балалар қауіпсіздігі мәселесінде, құқық бұзушылықтардың алдын алуда пайдалы болады деген ойдамыз.

https://static.zakon.kz/uploads/posts/2019-09/thumbs/1568633234_attachprtopment.jpeg

- Жаңа технологиялар мен инновациялар елорда тұрғындарының өмірін қалай өзгертеді?

- Елордада ХҚО-лар мен емханаларда кезек күтушілер саны азая бастады, өйткені тұрғындар керекті анықтамаларды онлайн форматта алып, дәрігер қабылдауына электронды түрде жазылатын болды. Сондай-ақ, QR-кодтың көмегімен дәрігер жұмысына баға беруге болады. Бұл ретте, біз дәрігер рейтингі жүйесін іске қостық. Осыған орай, емханадағы әр маманның есігі алдында QR-код тұрады, сол арқылы сіз оның жұмысын бағалап, ол туралы жазылған пікірлерді оқи аласыз. Бұл – цифрлық дәуірдің үлкен жетістігі.

zkadm
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
0
Толық оқу
Басты Топ LIVE Бәрі
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз