Президент Қазақстан халқын Жеңіс күнімен құттықтады

zakon.kz zakon.kz
Биыл мереке күні өзгеше ахуалға тұспа-тұс келсе де майдангерлердің ешбірі елеусіз қалған жоқ.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев баршаны Ұлы Жеңіс күнімен құттықтады, деп хабарлайды zakon.kz.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жеңіс күнімен құттықтауы:

Құрметті отандастар!

Баршаңызды Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын!

Бұл мерейлі мереке қанқұйлы жауды күйрете жеңіп, туған жерін қорғап қалған әкелеріміз бен аталарымыздың өшпес ерлігін дәріптейді.

Қазақстандықтар қиын-қыстау кезеңде батырлық пен жанқиярлықтың жарқын үлгісін көрсетті. Майданға аттанған 1 миллион 200 мың азаматымыздың жартысы елге оралған жоқ.

Талғат Бигелдинов, Сергей Луганский, Леонид Беда, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, Иван Павлов, Бауыржан Момышұлы, Сағадат Нұрмағамбетов, Мәлік Ғабдуллин, Хиуаз Доспанова, Рақымжан Қошқарбаев және басқа даңқты батырларымыздың есімдері мәңгі есте сақталады.

Соғыс жылдарында Қазақстанға көшірілген жүздеген өндірістік және өнеркәсіптік кәсіпорындарда мыңдаған отандасымыз еңбек етіп, Ұлы Жеңісті жақындатуға үлес қосты. Әрбір он оқтың тоғызы Қазақстанда өндірілген қорғасыннан құйылды. Ауыл халқы жауынгерлерді азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін аянбай тер төкті.

Біз ержүрек аға буынның алдында мәңгі қарыздармыз. Олардың қайсарлығы мен төзімділігінің, табандылығы мен патриоттығының арқасында бейбіт заманда өмір сүріп, жарқын болашағымызға жол аштық.

Биыл мереке күні өзгеше ахуалға тұспа-тұс келсе де майдангерлердің ешбірі елеусіз қалған жоқ.

Ардагерлерімізге мықты денсаулық және бақ-береке тілеймін!

Елімізде әрдайым бейбітшілік пен тыныштық болсын!

zkadm
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
0
Толық оқу
Басты Топ LIVE Бәрі
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз