АШМ 1 маусымда экспорт бойынша шектеулерді алып тастауды жоспарлауда

13 Мамыр 2020, 10:57
Сурет: ҚР АШМ баспасөз қызметі

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі 1 маусымда экспорт бойынша шектеулерді алып тастауды жоспарлауда, деп хабарлайды zakon.kz министріліктің ресми сайтына сілтеме жасап.

"Тыйым салу және квоталар түріндегі барлық реттеу шаралары уақытша. Қазір короновирус індетіне байланысты карантиндік шаралар жеңілдетілді, демек, тауар айналымы да біртіндеп қалпына келеді. Сондықтан, 2020 жылдың 1 маусымынан бастап астық пен ұнға, сондай-ақ басқа да тамақ өнімдеріне қойылған барлық шектеулерді алып тастау жоспарланып отыр. Мұның үш себебі бар:

- біріншіден, енгізілген тыйымдар мен квоталар өз нәтижесін берді, біз жаңа өнім алуға жақындадық және азық-түлік қауіпсіздігінің қатерін жойдық;

-екіншіден, уақтылы қабылданған шаралардың арқасында өңірлердің тұрақтандыру қорлары ұн және басқа да азық-түлік өнімдерін жеткізуді қамтамасыз етті;

- үшіншіден, негізгі астық өсетін аймақтарда егіс науқаны басталды, барлық дайындық жұмыстары жүргізілді, ылғалдың жиналуы жеткілікті, «Қазгидромет» маусым-тамыз айларында орташа температура режимін және жауын-шашынның жеткілікті мөлшерін болжайды. Мұның бәрі елдің азық-түлік қауіпсіздігін толық қамтамасыз етуге жеткілікті дақыл жиналатындығын болжауға мүмкіндік береді", - делінген хабарламада.

Еске сала кетсек, төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты және карантин кезеңінде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігі 22 наурыздан бастап әлеуметтік маңызы бар ауылшаруашылық өнімдерінің жекелеген түрлерін экспорттауға шектеулер енгізген болатын.

Ағымдағы жылдың 2 сәуірінде, республика аймақтарындағы азық-түлік қорлары қайта нақтыланып, талдаудан өткеннен кейін, ведомство Ауыл шаруашылығы министрінің кейбір тауарлардың экспортын нақты реттейтін "Жекелеген тауарларды Қазақстан Республикасының аумағынан шығарудың кейбір мәселелері туралы" № 111 жаңа бұйрығын дайындады. Тыйым салынған қарақұмық жармасы, ақ қант, картоп, пияз, сарымсақ, тұқымдар мен күнбағыс майлары болды.

Квота бойынша экспортталатын тауарлар тізіміне сәбіз, қызылша, қырыққабат, сондай-ақ ұн мен бидай кірген.


zakon.kz жаңалықтарын оқыңыз
Жазбаларды көрсету

Көп оқылғандар

барлық жаңалықтар

ЖАҢАЛЫҚТАР

қате туралы хабарлау
Қате туралы хабарлау
Қате мәтін:
Түсініктеме:

Маңызды жаңалықтарды білгіңіз келе ме?