Карантинге жабылған ауыл тұрғындары аш отыр

13 Мамыр 2020, 12:33
Сурет: видеодан кадр

Қоршауда қалған ауыл тұрғындары аш отыр! Қызылорда облысындағы бүтіндей бір ауыл халқы елде төтенше жағдай аяқталса да неге қамалып отырғандарын түсінбейді. Жұмыс тоқтаған, табыс жоқ, яғни, азық жоқ, ал үйде алты-жеті аш бала. Осындай отбасылар да бар. Ал, ауылдың оқшауланғанын қалтасын қалыңдатуға пайдаланған дүкен иелері азық-түлік бағасын аспандатып қойып, бедірейіп отыр.

"Өлмесең өмірем қап" деген олар әкімдіктің баға туралы ескертуін бос былжырақ көріп, пысқырмайды да. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Бұл – екі жарым ай бойы карантинде отырған тұрғындардың жанайқайы. Аудан орталығына шықпақ болғандарды санитарлық бекеттен әскерилер өткізбей қойған. Себебі Қодамановтағы карантиннен шығу мерзімі белгісіз уақытқа созылыпты.

Патыма Даниярова, ауыл тұрғыны:

"Мына 11-не деді бізге. Мақұл, 11-не дейін біз шыдадық, екі жарым ай қазір отырмыз. Бізді қоя бер, біздің пенсиямыз жүріп тұр, мына жастардың иә айлығы жүріп жатқан жоқ, иә үйлерінде пенсия алмайды. Алты-жеті баласы барлар бар. Оның үстіне магазинде қарызға бермейді, сонан кейін қиналып жатыр жаным".


Жұрт пандемия басталғалы күн көріс қиындағанын айтады. Ауыл кәсіпкерлері елдегі жағдайды пайдаланып, азық-түлікті қымбаттатып сатып жатқан көрінеді.

Раушан Сәрсенбай, Қодаманов ауылының тұрғыны:

"Ауданда мысалы 7 мыңнан алатын ұнды бұл жақтан 8,5 мыңнан аламыз. Екі литр шемішке майды ауданнан 900 теңгеден алып жүрсек, қазіргі кезде мың жарым теңге. Оған екінің бірі қолы жете бермейді ғой. Халықтың барлығы қиналып жатыр. Ешқандай біздің ауылдан шығып жатқан ауру жоқ".


Ауыл әкімі бағаның шарықтап тұрғанын растады. Алайда қолдан келер нақты көмек жоқ, дейді.

Ынтымақ Мадиев, Төңкесір ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы:

"Енді бағалар бойынша біздер жұмыс жасап жатырмыз. Оның енді ауданмен салыстырмалы түрде жасаған кезде біраз айырмашылықтар бар енді. Оған еді тиісті дүкен иелеріне түсіндірме жұмыстарын жасадық бағаны қымбаттатпау жөнінде".

Бүгінде үш жарым мың тұрғыны бар бұл ауылдан коронавирус ауруына шалдыққан 46 науқас анықталып отыр. Оның 44-і тиісті ем-домын алып шықса, екеуі әлі ауруханада жатыр. Осы азаматтармен байланыста болды деген 300-ден аса ауыл тұрғыны карантинде жатқан.

Азамат Құбаев, карантинде болған ауыл тұрғыны:

"Екі апта жаттық біз СПТУ-дың общагасында. Бірақ бізге жағдай жасаған жоқ. Дым да істеген жоқ. Тамақтың өзін жүрдім-бардым береді. Кейде екі рет кейде бір рет. Азанда бір беру керек, түсте бір беру керек, кешке бір рет ондай жоқ. Біз тамақты былайынша келгенде өзіміздің сондағы туыстарымыздан, группаластарымыздан, достарымыздан алдырып отырдық. Он төрт күн жатамыз деп ана жерде аштан өліп қала жаздадық".


Тұрғындарды сабырға шақыру үшін аудан әкімінің орынбасары келді. Шенеунік карантин кезінде үш адамнан артық бас қосуға болмайтынын біле тұра ауыл тұрғындарын барлығын көпірдің үстіне жинап, түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Айтуынша бекет әзірге ашылмайды екен.

Болатбек Ысмағұлов, Шиелі ауданы әкімінің орынбасары:

"Бұл жерден блок-пост алынбайды. Блок пост тұрады. Өйткені Төңкеріс өздеріңіз білесіздер Шиелі ауданы бойынша бір ошақ болып есептеледі. СОVID-19-дың ошағы осы Төңкеріс болып есептеліп тұр. Бұл жерде қазір 46 адам тіркеліп тұр".


Ал, бұл уақытта сол Шиелі ауданының орталығында тіршілік қызып тұр. Базарлар жұмыс жасап, тұрғындар кент орталығында емін-еркін жүр. Осыны сөз еткен Қодаманов ауылының тұрғындарына аудан әкімінің орынбасары алдағы уақытта блок-пост алынбаса да ауылдан шығуға рұқсат беру мәселесін қарайтындарын жеткізді.


zakon.kz жаңалықтарын оқыңыз
Жазбаларды көрсету

Көп оқылғандар

барлық жаңалықтар

ЖАҢАЛЫҚТАР

қате туралы хабарлау
Қате туралы хабарлау
Қате мәтін:
Түсініктеме:

Маңызды жаңалықтарды білгіңіз келе ме?