Букмекерлік кеңселер, тотализаторлар Қапшағайға, Шучьеге көшіріледі

14 Мамыр 2020, 09:55
Сурет: 2gis.kz

Құмар ойынға салынып кеткен азаматтардың санын азайту мәселесі Мәжілісте қаралды. Ол бойынша букмекерлік кеңселер мен тотализаторлар түгел Қапшағайдағы немесе Шучьедегі арнайы ойын аумағына көшуі керек, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Мәжіліс бүгін осындай заң жобасын мақұлдады. Ол қолданысқа енер болса, еліміздегі ең жиі талқыланатын ойын бизнесіне тағы бірқатар өзгерістер енгізілмек. Мәселен, еліміздегі букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардағы қаржы айналымы туралы нақты мәлімет жоқ. Сондықтан бәске тігілген теңгені есепке алу орталығы құрылады да онда қолма-қол болсын, электронды болсын, қанша ақшаның айналып жатқаны көрініп отырады. Мәжіліске Мәдениет және спорт министрлігі алып келген заң жобасы осындай бірқатар өзгерістер енгізейін деп отыр.

Ақтоты Райымқұлова, ҚР Мәдениет және спорт министрі:

- Уәкілетті мемлекеттік органдарды букмекерлік кеңселер мен ойыншылардың арасындағы ақша операциялары туралы толық және дұрыс ақпаратпен қамтамасыз ету үшін, сондай-ақ, бәс тігуге қатысудан шектеу тетігін іске асыру үшін ставкаларды есепке алу орталығын құру көзделеді.

Бұдан былай тек қана таза спорттық ойындарға бәс тігу ұсынылып отыр. Себебі, букмекерлер осы күні ән байқаулары, саяси сайлау қорытындылары, тіпті ауа райы болжамына ұтыс ойнататынды шығарған. Одан бөлек, виртуалды ойындары және бар. Ал ақшасын ұтылып, іші күйгендердің жасаған қылмысынан жан түршігеді.

Арыстанғали Запаров, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары:

- 14-наурыз күні 2018 жылы біздің Астанада жергілікті тұрғын өзінің бірге тұрып жатқан қалыңдығы арнайы бинго ойынына барып ақшасын ұтылып келгендіктен, екеуінің арасында шыққан жанжалдан оған да пышақпен қол жұмсап, қылмыс орнында қайтыс болды.

Биылдың өзінде ойын бизнесіне қатысты 320 қылмыстық іс қозғалыпты. Енді бір қызығы, ел аумағында 1184 букмекер мен тотализатор кеңсесі бар екен. Депутаттар соның бәрін Қапшағайдағы және Шучьедегі арнайы ойын аумақтарына көшіру керек деген заңға түзету енгізген. Мұны естіген ойын бизнесмендерінің төбе шашы тік тұрды.

Николай Искендиров, Қазақстан букмекерлері қауымдастығының мүшесі:

- Қапшағайға не Шучьеге көшу үшін бүкіл бүкмекерлердің бір жылдық бюджетін салуға тура келеді. Себебі, үлкен залдар тауып, үлкен экрандар қою керек. Одан бөлек, қоғамдық тамақтану және сол сияқты көптеген қызмет түрлері болу керек. Ал бүкіл букмекердің жылдық табысы 100 миллион десек, оның 85 пайызы салық пен ғимарат жалдауға кетеді.

Өте қызу талқыланған заң жобасына депутаттар 150-ден аса түзету енгізіпті. Ал жалпы соңғы 10 жылдағы бұл бесінші түзету екен. Бірақ букмекерлерге ауыр соқса да, Мәжіліс мақұлдап жіберді. Себебі, адам денсаулығы мен қоғамдық тәртіп басты орында тұру керек дейді министр. Құмар ойынға берілу, өз-өзін ұстай алмайтын жағдайға жету "Лудомания" деп аталатын ауру екен. Латынша "лудо" ойнаймын, грекше "маниа" ес-түссіз құмарту дегенді білдіреді. Бізде ол Денсаулық сақтау министрлігінде ауру ретінде тіркелген. Елімізде осыған дейін ресми тіркелген 11 науқас бар. Заң бойынша енді ондай адамдарды не өз өтініші, болмаса туыстарының өтініші бойынша, құмар ойындарға қатысуын шектеп тастауға болады.


zakon.kz жаңалықтарын оқыңыз
Жазбаларды көрсету

Көп оқылғандар

барлық жаңалықтар

ЖАҢАЛЫҚТАР

қате туралы хабарлау
Қате туралы хабарлау
Қате мәтін:
Түсініктеме:

Маңызды жаңалықтарды білгіңіз келе ме?