Кәсіподақ деп аталатын кей ұйымдар ақша жинайтын кассаға айналған – Бақытжан Тәжібай

25 Мамыр 2020, 23:10
Сурет: zakon.kz

Коронавирус пандемиясы бізді де айналып өткен жоқ. Осы ретте қауіпті дертпен біздің медицина қызметкерлері бетпе-бет күресіп жатыр. Арасында өздері де жұқтырып алғандар бар. Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ақ халатты абзал жандардың еңбегін ескеріп, үстемақы тағайындау туралы үкіметке тапсырма берген болатын. Оны алып үлгергендер, арасында өз реніштерін білдіріп жатқандары бар.

Сондықтан мұндай сұрақтармен айналысатын Қазақстандық денсаулық сақтау қызметкерлерінің салалық кәсіподағының төрағасы Бақытжан Тәжібаймен сұхбаттасқан едік.

– Бақытжан Арынұлы, өзіңіз басқарып отырған медицина қызметкерлері кәсіподақтар ұйымының жұмысы туралы айта кетсеңіз?

– Біздің кәсіподақ биыл 97 жылдығын өткізіп жатыр. Соңғы екі жыл арасында бізге жасалған түрлі қысымдарға қарамастан біздің филиалдар мен бастауыш кәсіподақ ұйымдарымыз толық республикада кәсіподаққа тән барлық негізгі міндеттемелерін, медицина қызметкерлерінің құқықтары мен мүдделерін қорғауды тоқтатқан жоқ. Әсіресе, қазір коронавируспен байланысты пандемия кезінде кәсіподақ ретінде негізгі қорғаушы болып біздің кәсіподақ белсенділік көрсетуде. Оның негізгі себебі біздің дайындығымызда деп білемін. Республикамызда медицина саласында 3 республикалық және екі локалды кәсіподақтар құрылған. Жалпы, кәсіподақтардың құрылуын біз әрқашанда қолдаймыз. Егер ол қызметкерлердің өз еркімен, саналы түрде болып жатса, онда керемет. Өкініштісі, олай емес. Соңғы кезде пайда болған кәсіподақ деп аталып жүрген ұйымдар, көбінесе, жай ақша жинап, үлестіріп беретін кассаларға айналып кеткен. Әкімшілік әдістермен біздің біраз бастауыш ұйымдарымыз да жойылған. Сөйтіп, тәуелді ұйымдар жасалған болатын. Елдің мұқтаждығын пайдаланып, амал әрекеттермен түрлі сертификаттар береміз деп, азаматтардың санасын көтерудің орнына, жай тоғышарлық пиғылдарға тартқан. Ал жиналған ақшаның таратылу механизмдері де ешкімге түсініксіз, кәсіподақ қағидаттарына қайшы келеді. Сөйтіп, халық бұрыннан келе жатқан көмектерден айрылып қалды. Мысалы, кезінде біз жылына 15 мыңнан астам кісіні сауықтыру үшін демалыстарға жіберетінбіз. Бұл мақсаттарға 650 млн тг жұмсалатын. Жаңа құрылған ұйымдар осы қаражатқа ие болар, бірақ қазір сауықтыруға жіберілетін кісілердің саны 7-8 есе азайып кеткені белгілі.

– Жалпы, кәсіподақ немен айналысады?

– Кәсіподақтың негізгі үш міндеттемесі бар. Кәсіподақты біреу құрып бермейді. Қызметкерлер өздерінің мүдделерін қорғау үшін құрады. Қандай мүдде дегенде, осы үш міндеттеме еске түседі. Біріншісі, жалақы мәселесі мен қосымша төлемақылар. Ол лайықты түрде жоғары деңгейде болу керек. Қызметкерлер атсалысып, күш-жігерлерін салу қажет. Екіншісі, еңбек қатынасындағы құқықтарды сақтау. Басшы келіп, маған ұнамайсың деп жұмыстан шығарып тастауына жол бермеу керек. Біреулер жазаланып жатады, қысқартуларға ұшырайды. Осындай кезде көмекке кәсіподақ келуі тиіс. Үшіншісі, еңбек қауіпсіздігі, яғни жұмыс орнының қауіпсіз болуы. Өзіңіз естіп жатқан, Алматыда, Жамбыл облысында болған медперсоналдың коронавирусты жаппай жұқтыруы дұрыс емес жағдай екенін барлығымыз да түсінеміз. Кәсіподақтың рөлі осы жағдайларда айқын көрінеді.

– Қазір қанша мүшелеріңіз бар?

– Бізде 14 облыс пен үш республикалық маңызы бар қалада мүшелеріміз баршылық.

– Республикалық кәсіподақтар федерациясының құрамына кіресіздер ме?

– Жоқ, біз ол жақтан 2018 жылы шығып кеткенбіз. Естіген боларсыздар, бұл ұйымды халықаралық кәсіподақтар қауымдастығынан да шығарып тастады деген ақпарат тарады. Шын мәнінде, бұл жағдай бұдан 2 жыл бұрын болған. Өйткені кәсіподақ федерациясы өз қызметін дұрыс атқармады. Басшылары бұл кәсіподақта тәжірибелері жоқ мемлекеттік органдардан келгендер болды. Қазір ол ұйымда жаңа басшылық сайланғаны белгілі, мүмкін оң өзгерістер болар. Ал біздің ұйым халықаралық кәсіподақтармен тығыз байланыста. Қоғамдық қызмет көрсету Интернационалының (PSI) және оның Еуропа құрлығы бойынша өкілдігіне де (EPSU) мүшеміз.

– Бүкіләлемдік пандемиядан біздің ел де тыс қалмады. Аталмыш дерт пен карантин режимі біткен соң, кәсіподақ өз мүшелеріне қандай қамқорлық жасамақ?

– 13 қаңтарда денсаулық сақтау министрлігімен салалық келісімге қол қойдық. Оның ішінде қызметкерлерге қатысты біршама жеңілдіктер мен тиімді жағдайлар қарастырылған. Осы жылы тарихымызда бірінші рет әлеуметтік әріптестікті негізге алып отырып, медицина саласындағы қызметкерлердің жалақысының өсуін қамтамасыз еттік. Әлеуметтік желілерде шұғыл телефон мен поштамызды жариялап, жалақының өсуін жан жақты бақылауда ұстадық. Біздің жасаған салалық келісімді басқа кәсіподақтар да көшіріп, пайдалынып жатыр. Мәселен, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап дәрігерлердің жалақысы орта есеппен 30% (орташа айлық 213 мың теңге), орта медициналық қызметкерлерінің еңбекақысы 20% (орташа айлық 160 мың теңге) өсті. Оның орындалу механизмі әлеуметтік әріптестік арқылы жасалады. Әр ұйымда бас дәрігер мен кәсіподақ басшысы арасындағы келіссөздер ұжымдық шарттар арқылы жүргізіледі. Өткен жылы жазда көп кісілер жалақымыз өспеді деп әлеуметтік желілерде көптен шағымданған еді, биыл ондай жағдайлар аз болғандай. Біздің жариялаған шұғыл телефонымыз бен поштамызға 1500 астам хаттар мен хабарламалар түсті. Қызметкерлер сол арқылы өз мәселелерін айтып отырды. Біз бірден шешуге тырыстық.

– Мемлекет коронавируспен күрес кезінде алдынғы шепте жүрген медицина қызметкерлеріне үстемақы төледі. Осыған байланысты шағым айтқандар болды ма?

– Төтенше жағдай енгізілмей тұрып, осы жылдың ақпан, наурыз айларында үкіметке "коронавируспен күресте дәрігерлердің жауапкершілігі артады, міндеттері көбейеді, осыған байланысты ұйымдардың қаржыландыру мен медперсоналдың жағдайын жасау туралы" хат жазып жібергенбіз. Денсаулық сақтау министріне де хат жолдаған болатынбыз. Құзырлы органдарда қабылданған шешімдерде біздің жасаған ұсыныстарымыздың ескерілетінін көріп, қазіргі "естуші мемлекет" қағидатының жүзеге асып жатқанына көзіміз жетіп отыр.

24 наурызда шұғыл жағдай басталған кезде премьер-министрге барлық медицина қызметкерлері атынан өз ұсыныстарымызды берген болатынбыз. Оның ішінде басты орында әрине қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ол дегеніңіз жеке қорғаныс құралдарымен жабдықталуы, жұмыс орнының толығымен құрал-саймандармен жабдықталуы, арнайы оқытудың жүргізілуі және іс-шаралардың дайын жоспарының болуы, сонымен бірге, медициналық ұйымдарға қаражат толық берілуі, қаржыландырудың толық бөлінуі. Себебі қазіргі кезде науқас саны азайды деп, сақтандыру қоры ақшаны аз беруі мүмкін. Сөйтіп, дәрігерлер мен басқа персоналдың табысының төмендеуі мүмкін.Сондай-ақ карантинге түсіп қалған қызметкерлердің де жалақысының азаюының алдын алу керек.

– Жаз маусымы келе жатыр. Медицина қызметкерлерінің кезекті еңбек демалыстары мен өтемақылары және төлемақы жүйесі өзгеріске түспей ме?

– Жалпы, 1 қаңтардан бастап жалақы өсті. Сосын демалыс кезінде берілетін сауықтыру төлемі болады. Ол да біздің кәсіподақтың бастамасымен қолға алынған. Басқа кәсіподақтар бізден көшіріп алды. Оны дайындаған біздің кәсіподақ. Сауықтыру төлемі деген бір айлық жалақы көлемінде. Сосын жоғарыда айтқан үш міндеттемеден басқа кәсіподақтың сервистік қызметі бар. Оған демалыс орындарын ұйымдастыру, сауықтыру, бұқаралық мәдени шаралар өткізу. Мұның бәрі маңызды. Керек емес деп ойлайтындар бар. Бірақ мынаны түсінуіміз керек, дәрігердің жұмысы оңай емес: жүйкеге көп салмақ түседі, негативтік эмоциялар жиналып қалады. Сондықтан осындай шаралар олардың көңіл күйлерінің көтерілуіне, мәртебелерінің өсуіне әсер етеді.

– Кезекті категорияға өту кезіндегі медицина қызметкерлерінің курсақысы мен оның төлем жүйесі қалай реттелуде?

– Жалпы, жалақының есептелуі категорияға тәуелді, соның ішінде жатқан нәрсе. Жалақыны есептегенде маманның біліктілік категориясы ескеріледі. Категория жоғары, бірінші, екінші дегендей санаттарға бөлінеді. Мұғалімдердікіне аздап ұқсастығы бар. Мәжілістен өтіп, Сенатқа жеткен "денсаулық сақтау кодексінде" категория, аккредитация, лицензияға қатысты баптар бар. Болашақта өзгерістер болады. Бәлкім, категориялар емес, лицензия маңызды болуы мүмкін. Дәрігерлердің бес жылда бір біліктілігін арттыру өзгеріп қалар. Сол кезде айлықтың есептелуі де өзгереді. Мұның бәрі келешектің еншісінде.

– Енді алдағы жоспарларыңыз туралы айтып өтсеңіз?

– Алдымен, медицина саласындағы қызметкерлердің жағдайын толығымен жасау. Кәсіподақ деген – қызметкердің өміріне әр жағынан араласып, көмегін беру. Сол үшін жұмысымызды дұрыс ұйымдастыруымыз керек. Сыртқы және ішкі фактор бар. Ішкі фактор дегеніміз – қызметкерлердің өздерінің санасын көтеру, кәсіподаққа саналы түрде кіру. Екіншіден, өзіміздің жұмысты ұйымдастырған кезде жариялы және ашық түрде жүргізу. Атап айтсақ, жалақының өсуі, еңбекті қорғау бойынша жағдай жасау.

Қазақстандық денсаулық сақтау қызметкерлері кәсіподағының өкілі ретінде кәсіподақ көмегіне жүгінгендердің қажеттілігіне толық кепілдік бере аламын. Менің ойымша, барлық қызметкер ешбір қысылусыз кәсіподаққа жүгіну керек, талаптар қою керек. Құқықтары мен мүддерлері бұзылып жатса, кәсіподақ арқылы шешуге тырысу керек. Егер шешпей жатса, жоғары деңгейдегі жауапты құрылымына шығу керек. Жалпы, қызметкерге туындаған мәселелерін шешу жалғыз өзіне оңай емес болады.

Тағы бір айта кетерлік, денсаулық туралы кодексте біраз өзгеріс жоспарланған. Дәрігерлердің жауапкершілігін, біліктілігін, көмек сапасын көтеру арқылы мәртебесін де көтеру көзделген. Бірақ, өкінішке орай, кодекстің өзі дәрігер жағдайын жасауда әлеуметтік-экономикалық, еңбек қатынастары бойынша жеңілдіктер мен кепілдіктер беруді толық қамти алмайды. Сондықтан дәрігерлер мәртебесіне арнайы бөлек заңның болуы керек. Сол заңда жалақы, еңбек қатынастары, әлеуметтік жағдайлары бойынша маңызды мәселелер қамтылса абзал. Мұғалімдерге байланысты "ұстаз мәртебесі" деген заң қабылданды ғой, бізге де сондай заң керек.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Еркебұлан БЕК


zakon.kz жаңалықтарын оқыңыз
Жазбаларды көрсету

Көп оқылғандар

барлық жаңалықтар

ЖАҢАЛЫҚТАР

қате туралы хабарлау
Қате туралы хабарлау
Қате мәтін:
Түсініктеме:

Маңызды жаңалықтарды білгіңіз келе ме?