Қазақстан әлемдік азық-түлік хабының біріне айналу әлеуетіне ие — Мамин

26 Мамыр 2020, 10:34
Сурет: primeminister.kz

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкіметтің селекторлық отырысында көктемгі егіс жұмыстарын өткізу барысы қаралды, деп хабарлайды zakon.kz.

Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров, энергетика министрі Нұрлан Ноғаев, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев, Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов және Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов баяндама жасады.

"2020 жылы ауыл шаруашылығы дақылдарын 22,5 млн га алаңға егу жоспарланған. Бұл ретте дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар алаңы 15,2 млн га, оның ішінде бидай алаңы 11,4 млн га құрайды. Майлы дақылдардың болжамды алаңы 3 млн га, көкөніс-бақша дақылдары мен картоп алаңы 471,7 мың га, азықтық дақылдар алаңы 3,7 млн га, техникалық дақылдар 132,5 мың га құрайды"ғ делінген ҚР Үкіметінің ресми сайтындағы хабарламада.

Ауыл шаруашылығы дақылдары республиканың барлық өңірлерінде егіліп жатыр. Қазіргі уақытта дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар 9,6 млн га немесе жоспардың – 65%, майлы дақылдар – 2,3 млн га (76%), көкөніс-бақша дақылдары мен картоп – 400 мың га (85%), қант қызылшасы – 20,5 мың га (93%), мақта – 118 мың га (100%), көпжылдық шөптер – 352 мың га (100%) егілді. Оңтүстіктегі облыстарда, сондай-ақ Ақтөбе және Атырау облыстарында егіс жұмыстары аяқталуға таяп қалды. Биыл жақсы өнім алу үшін қолайлы ауа райы болады деп болжануда.

"Біріккен Ұлттар Ұйымының жанындағы Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы – FAO болжамы бойынша Қазақстан агроөнеркәсіптік кешен саласындағы әлеуеті жоғары АҚШ, Австралия, Бразилия және Аргентина мемлекеттерінің қатарында және әлемдік азық-түлік хабына айналуына нақты мүмкіндігі бар", — деді А. Мамин.

Премьер-Министр ауыл шаруашылығы өндірісінің қарқынын ұлғайту аясында сапалы әрі қолжетімді шикізат базасын өсіру, өнімділікті жоғарылату, жоғары бөлініс өнімдерінің өндірісіне жедел көшу бойынша шараларды қабылдауды тапсырды.

Үкімет басшысы алға қойған міндеттердің орындалуына Түркістан облысын мысал ретінде келтірді, онда 4 жыл ішінде ауыл шаруашылығы өндірісін 3 есеге арттыру бойынша кешенді жоспар бар.

Мемлекеттік қолдау аясында заманауи суару технологияларын пайдалана отырып, ірі және орта ауыл шаруашылығы құрылымдарының суармалы учаскелерін кеңейтуге, егін көлемін ұлғайтуға ерекше назар аударылады. Бұл дайын өнім өндіретін келесі өндірістерді дамытуға мультипликативті әсер береді.

Премьер-Министр Ауыл шаруашылығы министрлігіне әкімдіктермен бірге әр өңір бойынша ауыл шаруашылығы саласының ерекшелігін ескеріп, агроөнеркәсіп кешенін дамытудың кешенді бағдарламасының жаңа тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырды.


zakon.kz жаңалықтарын оқыңыз
Жазбаларды көрсету

Көп оқылғандар

барлық жаңалықтар

ЖАҢАЛЫҚТАР

қате туралы хабарлау
Қате туралы хабарлау
Қате мәтін:
Түсініктеме:

Маңызды жаңалықтарды білгіңіз келе ме?