Маңғыстау облысында ҰБТ-дан 308 түлек 100-ден жоғары балл жинады

23 Шілде 2020, 18:41
Сурет: pixabay.com

Бұл туралы өңірлік қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облыстық білім басқармасының басшысы Асқар Сейдалиев мәлімдеді, деп хабарлайды zakon.kz.

Ұлттық бірыңғай тестілеуге биыл 5 мың 738 түлек өтініш білдірген. Бұл жалпы мектеп бітірушілердің 85,6 пайызын құрайды. Маңғыстаулық түлектердің білімін саралау соңы республика бойынша орташа 64,06 балды көрсетеді. (2019 жылдың көрсеткішінен айтарлықтай айырмашылық жоқ (65,5 балл).

Соның ішінде 308 түлек 100-ден жоғары балл, ал 1922 түлек шекті балл жинады. Бұдан бөлек, ҰБТ-ға қатысушы түлектердің 45,7 пайызы, яғни 1621 түлек шекті балл жинай алмады.

"Облыс бойынша ең жоғарғы балды (138) Мұнайлы ауданы Қызылтөбе лицейінің "Алтын белгі" иегері Салтанат Кульджанова жинады. Сондай ақ, білім-инновация лицейінің 4 түлегі SAT халықаралық сертификаттарын иеленді және ол ҰБТ ның 140 балына теңестірілді. Шекті балл жинай алмаған түлектер тамыз айының 15 -17 күндері кешенді тестілеуге қатыса алады. Оның нәтижесі бойынша талапкер шекті балл жинай алса ЖОО-ның ақылы бөліміне түсе алады. Университеттің ақылы бөліміне түсу үшін қаңтар айындағы шекті балл жинаған сертификаттары жарамды болып есептеледі", - деді А.Сейдалиев.

Айта кетейік, маусым айында ҰБТ-дан шекті балл жинаған түлектер жоғары оқу орнында оқу үшін мемлекеттік грант конкурсына қатысады. Биыл мемлекеттік грант көлемі 53 мың 864 орынға бекітілді. Құжат қабылдау egov.kz электронды үкімет порталы арқылы 13- 30 шілде күндері өтеді. Конкурс нәтижесі жарияланғаннан кейін 5-10 тамызда жергілікті әкімдіктің грантына өтініш қабылдау басталады.

"Жергілікті әкімдіктің гранты конкурсының 3 ерекшелігі бар. Біріншіден, маусым айындағы ҰБТ нәтижесімен шекті балл жинауы. Екіншісі, түлектің таңдаған мамандығы облыс әкімдігімен бекітілген өңірге қажетті мамандықтардың тізбесінде болуы керек. Соңғысы екі немесе одан көп талапкердің критерийлері сәйкес келген жағдайда әлеуметтік статусына басымдық беріледі", - деді облыстық білім басқармасының басшысы.

Жергілікті әкімдіктің гранты конкурсына үміткерлерге арналған (өңірге қажетті мамандықтар тізбесі, қажетті құжаттар және т.б.) жадынама ақпарат мемлекеттік грант конкурсы өткеннен кейін Маңғыстау облыстық білім басқармасының әлеуметтік желілердегі ресми парақшасында және интернет-ресурсында жарияланады.

Биыл қыркүйек айында Мұнайлы ауданы Батыр елді мекенінен 960 орындық және Түпқараған ауданы Ақшұқыр ауылынан 600 орындық мектеп, Қарақия ауданындағы Жетібай ауылынан 300 орындық мектеп пайдалануға беріледі.

Жаңа оқу жылында Маңғыстау облысында 141 мектепке 160 630 оқушы (2019-2020 о/ж – 148981 оқушы), оның ішінде 1 сыныпқа 19900 оқушы келеді деп күтілуде (2019 - 2020 о/ж - 19147 оқушы).Бірінші сыныптарға құжат қабылдау egov.kz веб-порталы арқылы көрсетілуде.

"Бүгінде 12 мыңнан аса өтініш түсті, қабылдау 1-ші тамызға дейін жалғасады. Осы орайда ата-аналарға уақыттың аз қалғандығын ескерткім келеді. Электронды портал арқылы өтініш беруді жылдамдату керек. Карантиндік шеутеулерге байланысты биыл барлық мектепте оқыту қашықтықтан басталады. Аталған елді мекендердегі соңғы екі апта бойынша ауырғандардың үлесі анықталып, қатер деңгейі төмендеген жағдайда қатаң санитарлық талаптарды сақтай отырып дәстүрлі оқу процесі жүзеге асырылады", - деді өңірлік коммуникация орталығында өткен брифингте Асқар Сейдалиев.

Оның айтуынша, қашықтықтан оқыту барысында мұқтаж отбасылардың оқушылары мен мұғалімдер толық компьютерлік құрылғылармен қамтылатын болады. Бұл үшін жергілікті бюджеттен мектептердің базасы жаңа үлгідегі компьютерлермен толықтырылады. Сондай-ақ олар көмекке зәру, жетім және аз қамтылған отбасы балаларына уақытша пайдалануға беріледі.

"Осы мақсатқа жергілікті бюджеттен 1 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. 6 мың 700-дей компьютер сатып алу шаралары жүргізілуде. Бұдан басқа демеушілер есебінен сатып алуға компанияларға хат жолданды. Қашықтықтан оқыту барлық мектептерде mektep.edu.kz электронды журналы ақпараттық жүйесіндегі www.ok.edus.kz платформасында жалғасады", - деді облыстық білім басқармасының басшысы.

Әлгі платформада күнтізбелік, тақырыптық жоспарлар мен үй тапсырмалары, оқушымен кері байланыс, сынып жетекшілерінің сыныппен жұмыс жасау функционалы іске қосылды. Сонымен қатар, барлық мектеп "Bilim Land" цифрлық білім беру ресурстарын қолданады.

Қашықтықтан оқытуды үйлестіру мақсатында республикалық біліктілікті арттыру орталықтары арқылы барлық мектеп мұғалімдері онлайн біліктілік арттыру курсынан өтеді. Олар тамыз айында кезең-кезеңмен өткізіледі деп күтілуде.

Спикердің сөзінше, қазіргі уақытта жергілікті байланыс операторлары интернет жылдамдығы нашар шалғай елді мекендерге ғаламтор желісін жүргізу жұмыстарын жүргізіп жатыр.


zakon.kz жаңалықтарын оқыңыз
Жазбаларды көрсету

Көп оқылғандар

барлық жаңалықтар

ЖАҢАЛЫҚТАР

қате туралы хабарлау
Қате туралы хабарлау
Қате мәтін:
Түсініктеме:

Маңызды жаңалықтарды білгіңіз келе ме?