Елдегі саяси өзгерістер революциялық емес, эволюциялық жолмен өтуі тиіс – Арман Қырықбаев

24 Шілде 2020, 13:37
Сурет: aikyn.kz

"Nur Otan" партиясы биыл праймериз өткізетінін бұған дейін хабарлаған болатын, деп хабарлайды zakon.kz.

Ал, келер жылдың басында елімізде Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын сайлау науқаны өтеді деп күтілуде. Партия хатшысы Арман Қырықбаевтың айтуынша, жаңадан жасақталатын Парламент пен өңірлердегі мәслихаттар ел экономикасын дағдарыстан алып шығуға дайын болу қажет.

Айта кетейік, "Nur Otan" партиясы жақтастары лигасы мүшелері zoom-конференция өткізіп, елдегі әлеуметтік-саяси жағдайды талқылады. Конференцияға партия хатшысы Арман Қырықбаев, саясаттанушылар Ерлан Саиров, Айдос Сарым мен Қазбек Майгелдинов, журналистер Бағдат Қожахметов, Айдос Жұқанұлы, Рахат Жақсыбай, блогерлер Яков Федоров, Бибігүл Дәулетбекқызы, Самат Нұртаза қатысты.

А.Қырықбаевтың пікірінше, елдегі үлкен реформалар Мәжіліс пен мәслихат сайлауынан кейін басталады. Ал, биыл болатын праймериз елдегі өзгерістерге деген сұранысқа жауап береді, өйткені тыңнан кадрлар тартып, сол арқылы өкілетті биліктің әлеуетін арттырады. Іріктеуден өткен жаңа құрам атқарушы биліктен талап етуге, оны бақылауға мүдделі әрі қабілетті болады, эволюциялық өзгерістерге осылайша жол ашылады дейді ол.

Бүгін талқылап тырған екі мәселе (коронавирус пандемиясына байланысты қазіргі әлеуметтік ахуалдан шығу жолдары мен "Nur Otan" партиясының алдағы праймеризі – авт) сырт көзге екі бөлек болып көрінгенмен, екеуі өзара тығыз байланысты. Қазір үкіметтен экономиканы түбегейлі өзгерту туралы терең бағдарлама әзірлеуді күту дұрыс емес. Себебі, атқарушы билік пен үкімет дәл қазір індетпен күресіп жатыр. Карантин кезінде басқа тұрмақ қарапайым жұрттың күнкөріс көзін ажыратып беру, жаппай жұмыссыздықтан құтқару сияқты нақты сұрақтар бірінші кезекте. Пандемия кәдімгі өрт сияқты. Президенттің өзі қазіргі ахуалды соғыс жағдайымен салыстырды, - дейді Арман Қырықбаев.

Оның пікірінше, елдегі саяси күштердің бәрі келер жылдың басында Мәжіліс пен мәслихатқа сайлау болатынын жақсы біледі әрісоны күтуде. Ал, сайлау өткеннен кейін жаңа жасақталған Парламент пен мәслихаттар Жаңа Үкіметпен бірлесе отырып ел экономикасын дағдарыстан алып шығуға дайын болуы керек.

Алдымызда Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының сайлауы келе жатыр. Барлық деңгейдегі өкілетті органдардың бір уақытта, бір мезетте сайлануы біздің тарихымызда бұрын соңды болмаған. Осындай саяси науқанды күтіп жүрген кезде, саяси аренада жүрген әрбір адамның көңілі күпті. Менің ойымша, елдегі терең реформалар сайлау өткеннен кейін, Үкіметтің нақты құрамы анықталғаннан кейін, әкімдер корпусы жаңарғаннан кейін болатын мәселе. Ал, қазір бар күшті коронавируспен күресуге жұмылдыру керек, - деді Арман Қырықбаев.

Праймериздің ашық өтетініне сенімді хатшы саяси науқанға ел болашағын өзгертемін деген кез келген адамның қатыса алатынын еске салды.

Біздің елде революциялық өзгерістер болмайды. Шын патриот Қоғам өкілдері және мемлекет тарапынан оған ешқашан жол берілмейді. Біздің екі Отанымыз жоқ, еліміздің тәуелсіздігін көрінгенге жем қылып қоя алмаймыз. Сондықтан, таңдау эволюциялық болады. Праймериз - эволюциялық өзгерістер жолы. "Nur Otan-ның" беріп отырған мүмкіндігін белсенді, өзіне өзі сенетін азаматтарға толық пайдалану керек, - деді Қырықбаев.


zakon.kz жаңалықтарын оқыңыз
Жазбаларды көрсету

Көп оқылғандар

барлық жаңалықтар

ЖАҢАЛЫҚТАР

қате туралы хабарлау
Қате туралы хабарлау
Қате мәтін:
Түсініктеме:

Маңызды жаңалықтарды білгіңіз келе ме?