Нұр-Сұлтанда үлескерлер митингке шықты

28 Шілде 2020, 10:17
Сурет: Orken Zhoyamergen (RFE/RL)

Нұр-Сұлтанда салынып бітпеген "Жағалау-3" тұрғын үй кешенінің ондаған үлескері 27 шілдеде қарсылық акциясын өткізіп, он жылдан бері құрылысы бітпеген кешендегі пәтерлеріне кіргізуді талап етті, деп хабарлайды zakon.kz centralasian.org-ке сілтеме жасап.

Үлескерлердің сөзіне қарағанда 2010 жылы кешенге миллиондап ақша құйған кезде құрылыс компаниясы кешенді бір жылдан кейін бітіретінін айтып, уәде берген. Бірақ уәделерін әлі күнге дейін орындамай отыр дейді. Қазір ғимарат құрылысының 90 пайызы аяқталған, газ, су тартылғанмен жарық әлі қосылмаған.

- Елу пайызын құйып қойып, қалғанын кілт алған күні құямыз деп отырғандар бар, толық құйып қойғандар да бар. Бұл үйдің бітуін көре алмай, өліп кеткендер қаншама. Өзіміз пәтер жалдап тұрып жатырмыз. Төрт балам бар. Көктемде әкім Көлгінов келіп, мәселелерімізді шешіп беруге уәде берген. Бірақ бүгін келген жоқ. Қоластындағы қызметкерлерді жіберген екен. Олар мәселеден мүлде бейхабар. Бүгін жолды бекітеміз деп ойлағанбыз. Бірақ милициялар бізді жіберген жоқ. Егер жолды жапсаңдар, соттаймыз деп қорқытты, - дейді Ақбантик Қойшыбайқызы Азаттық тілшісіне.

Наразылық шарасы кезінде кейбір тұрғындар "Баспанамызды күтіп жүргенімізге он жыл болды" деген жазуы бар үлкен плакат ұстап тұрды. Бітпеген ғимараттың сыртында "биліктің әрекетсіздігі халықтың сенімін жояды", "әкімдік, 30-блокты пайдалануға беріңіздер, біздің баратын жеріміз жоқ" деп жазылған баннерлер ілініп тұрды.

Үлескерлердің айтуынша, астана орталығындағы көзге түсетін ғимараттардың бірі 12 қабатты кешендегі пәтерлеріне амалсыз қалтасынан қаржы шығарып, өз бетінше жөндеп алған тұрғындар да бар. Олай істеуге қаржылай мүмкіндігіміз жоқ дейді наразы үлескерлер.

Наразы тұрғындардың шағымын тыңдаған Нұр-Сұлтан қаласының құрылыс басқармасының өкілдері "мәселеге құрылыс компаниясы жауапты екенін" айтып, тек күзде "жабдықтау мәселесі бойынша көмектесетінін" жеткізді. Азаттық тілшісі ASI құрылыс компаниясының басшылығына хабарласқанмен әзірге жауап ала алмады.


zakon.kz жаңалықтарын оқыңыз
Жазбаларды көрсету

Көп оқылғандар

барлық жаңалықтар

ЖАҢАЛЫҚТАР

қате туралы хабарлау
Қате туралы хабарлау
Қате мәтін:
Түсініктеме:

Маңызды жаңалықтарды білгіңіз келе ме?