Жаңалықтар тізбегі
0

"СҚ-Фармацияда" 150 қызметкердің әрқайсы 852 мың теңге жалақы алыпты

видеодан кадр, сурет - Zakon.kz жаңалық 29.07.2020 18:23 видеодан кадр
"СҚ-Фармация" компаниясы қызметкерлерінің "шекесін шылқытқан" жарылқаушы – Берік Шәріп деген азамат.

Атышулы "СҚ-Фармация" компаниясына жаңа өкілеттік берілді. Үкімет қаулысына сәйкес, "СҚ-Фармация" ЖШС бөлшек сауда желісінде шекті бағамен өткізу үшін дәрілік заттарды көтерме саудадан сатып алатын болды. Әзірше, бұл бастаманың қаншалықты тиімді екені белгісіз. Белгілісі, үкімет былыққа батқан "СҚ-Фармация" компаниясын "құтқаруға" кірісті, деп хабарлайды zakon.kz inbusiness.kz-ке сілтеме жасап.

Осыдан 11 жыл бұрын "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" АҚ жанынан құрылған "СҚ-Фармация" ЖШС 2013 жылдан бері Денсаулық сақтау министрлігінің құзырында. Бірыңғай дистрибьютерге тегін медициналық көмектің кепілді көлемі аясында халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіп, тең серіктестік құқығы негізінде жеке және мемлекеттік сектордың күшін фармацевтика саласын жетілдіруге жұмсау міндеті жүктелген. Бұған қоса компания тегін медициналық көмектің кепілді көлемі шеңберінде дәрі-дәрмек сатып алу бойынша ашық сауда өткізуге, дәрі-дәрмек пен медициналық мақсаттағы бұйымдарды сақтауды ұйымдастыруға, тапсырыс беруші мен жеткізуші арасындағы логистиканы реттеу үшін ақпараттық жүйе құруға тиіс болған. Алайда мұндағылар "жеңілдің астымен, ауырдың үстімен" жүріп, қалта "қалыңдатумен" айналысқан. Бұған Zertteu Research сарапшыларының төмендегі дерегі дәлел.

Былтыр "СҚ-Фармация" компаниясының жалақы қоры 1,5 млрд теңгені құраған. Қомақты қаржының 273 млн теңгесі біржолғы ынталандыруға жұмсалған. Компанияда 150 қызметкер жұмыс істеген. Олардың әрқайсы ай сайын 852 мың теңге жалақы алған.

Айтпақшы "СҚ-Фармацияда" бөлінген қаржының тиісінше жұмсалуын бақылайтын кеңес жұмыс істеген. 2018 жылы кеңесті қазіргі денсаулық сақтау министрі Алексей Цой басқарған. 2019 жылы кеңес құрамында "СҚ-Фармация" компаниясының су жаңа басшысы Ерхат Есқалиев болған. Бір қызығы, аты аталған азаматтар "СҚ-Фармация" компаниясының қызметкерлері неге жоғары жалақы алады деген сұраққа бас қатырмаған.

Салыстыру үшін айтайық, 2018 жылы компания жалақыға 1,1 млрд теңге бөліп, 124 адамға ай сайын 733 мың теңге төлеген. Ал біржолғы ынталандыруға 242 млн теңге қарастырған.

"СҚ-Фармация" компаниясы қызметкерлерінің "шекесін шылқытқан" жарылқаушы – Берік Шәріп деген азамат. Ол 2018 жылғы мамыр мен 2020 жылғы сәуір аралығында "СҚ Фармация" ЖШС басқарма төрағасының орынбасары – басқарма төрағасының міндетін атқарушы, 2020 жылғы сәуірден компанияның басқарма төрағасы қызметін атқарған. Бұл қызметке бұрынғы денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен тағайындалып, бүгінгі денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен босатылған.

Естеріңізге салайық, 10 шілде күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент "СҚ-Фармация" мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры басшыларын жұмыстан босатуды тапсырды. Дәл осы күні 2 лауазымды тұлға қызметінен кетті. Соның бірі – Берік Шәріп болды.

12 шілде күні "СҚ-Фармация" ЖШС басқарма төрағасы болып Ерхат Есқалиев тағайындалды. Ол қызметке кірісе салысымен халықтан дәрі тапшылығы үшін кешірім сұрап, мәселені шешуге уәде берді.

Біле жүріңіз, "СҚ-Фармацияның" қазіргі төрағасы әр жылдары Атырау облысы әкімдігінде, қаржы министрлігінде, "Қазақстан Темір Жолы" ұлттық компаниясында жұмыс істеген. Ол күні бүгінге дейін instagram желісінде белсенді болған. Қызметке тағайындалғаннан кейін парақшасы ашылмай қалған.

zkadm
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: