Жаңалықтар
Басқа бұқаралық ақпарат құралдарында
Загрузка...
Читайте также

Жарты жыл тыныш тұрған "Астана Операда" шапалақ қайта соғылды

Екі күн өткен концертке театрдың түгел дерлік солистері, хор әртістері, оркестр музыканттары мен миманс қатысты.

Сурет : Астана Опера21 Қыркүйек 2020, 09:43

Өткен демалыс елордада жағымды жаңалықпен басталды: "Астана Опера" театры "Опералық классикаға саяхат" атты ғаламат гала-концертімен өзінің VIII маусымын ашты. Мазмұнды бағдарламаны ҚР Бас санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес әзірге тек 50 адам тамашалап, бағалай алды. Концертке сондай-ақ ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова келді, деп хабарлайды zakon.kz.

Дирижерлік тұғырда – әлемнің көптеген елдеріне әйгілі маэстро, театрдың бас дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Алан Бөрібаев. Концерт алдында ол театрдың тартымды да қызықты бағдарлама әзірлегенін және оған негізгі репертуардағы "Абай", "Дон Карлос", "Тоска", "Мадам Баттерфляй", "Севильдік шаштараз" сынды опералардан көріністер мен ариялар енгізілгенін айтқан болатын.

Екі күн өткен концертке театрдың түгел дерлік солистері, хор әртістері, оркестр музыканттары мен миманс қатысты.

- Барлығы асқан құлшыныспен, зор қуанышпен жұмысқа кірісе кетті, бәрі де жұмысын сағынған. Өнерімізді көрермен қауымға сыйлағымыз келеді. Ұлы Абайдың 175 жылдығында бағдарламаға А.Жұбанов, Л.Хамидидің "Абай" операсынан көріністерді енгіздік, - деп атап өтті маэстро.

Көрермендер өздері болмаған кезде театрда орын алған өзгерістерді мұқият қарауда: фойенің барлық жерінде санитайзерлер орнатылған, залдағы креслолар шахмат тәртібінде орналасқан.

Өзгерістер оркестр музыканттарының отыру ретіне де әсер еткен, санитарлық нормаларға сәйкес аспапшылар бір-бірінен бір жарым метр қашықтықта жайғасқан. Мұндай арақашықтықта музыканттардың мінсіз ансамблін жасау қиын, дегенмен әртістер бұл тапсырманы керемет орындап шықты.

18-19 қыркүйек күндері сахна төрінде жарқыраған театрдың опера солистері – Майра Мұхамедқызы, Жұпар Ғабдуллина, Дина Хамзина, Айгүл Ниязова, Альфия Каримова, Айзада Қапонова, Азамат Жылтыркөзов, Медет Чотабаев, Жан Тапин, Талғат Мұсабаев, Жанат Шыбықбаев, Меир Байнеш, Ержан Саипов, Елена Ганжа, Татьяна Вицинская, Жамиля Джаркимбаева, Гүлжанат Сапақова, Бибігүл Жанұзақ, Мәдина Исламова, Салтанат Мұратбекова, Назым Сағынтай, Ерұлан Кәмел, Бейімбет Таңарықов және т.б. Бас хормейстер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітов. Концерт режиссері – Еренбақ Тойкенов.

Көрермендер орындарынан тік тұрып, қошемет көрсетті, орындаушылардың асқан шеберлігі үшін "Браво" деп ыстық ықыластарын білдірді. Гала-концерт аяқталған соң ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова сахна сыртына келіп, әртістерді керемет өнер көрсетулерімен құттықтады. Ал фойедегі көрермендер алған әсерлерімен бөлісті.

- Театрларға шектеулі көрермен санымен өз қызметін жалғастыруға рұқсат бергенін естіген кезде, бірден билет сатып алуға келдік. Классикалық өнерді, театрды, оның әртістерін сағындық. Болып жатқан жайттың ахуалын жеткізу қиын, бірақ ең басты эмоция, бәлкім, қуаныш шығар. Өміріміздің қайтадан өз қалпына келіп жатқанынан, асқақ өнермен қайта қауышуға мүмкіндіктің пайда болғанынан туындаған қуаныш деп білемін. Жұмыстағы осыншама көп үзіліске қарамастан, барлық солистер, хор әртістері керемет вокалдық қалыптарын сақтаған. Бүгін оркестр тамаша өнер көрсетті, опера жауһарларының туындыларын мың құбылтқан Алан Бөрібаевтың ғажайып интерпретациясын тыңдаудың өзі бір ғанибет, - деп пікірімен бөлісті театрдың тұрақты көрермені Аида Махпирова.

Еске салар болсақ, "Опералық классикаға саяхат" гала-операсынан бөлек, Күміс ғасыр балеттері хореографиялық өнерінің жауһарлары мен Н.Римский-Корсаковтың музыкасына "Шехеразада" балеті қыркүйек айының афишасына сән келтірді.


Telegram арнасындағы маңызды жаңалықтар «zakon.kz». Жазылу!

қате туралы хабарлау
Қате туралы хабарлау
Қате мәтін:
Түсініктеме:
Қазір оқулыда
Басқа жаңалықтар
Загрузка...
Жаңалықтар мұрағаты
ДүСейСәрБеЖұСенЖе
Соңғы пікірлер
Соңғы пікірлер