Қазақстандықтар ірі заттарды қорықпай сатып алуға дайын – Досаев

13 Қазан 2020, 10:00
Сурет: zakon.kz

Елде жалақы алушылардың үлесі қалпына келуде, мемлекеттік жәрдемақы алушылардың үлесі төмендеуде және де респонденттердің ірі сатып алуларға дайындығы артуда, деді бүгін Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев Үкімет отырысындағы баяндамасында, деп хабарлайды zakon.kz.

Оның сөзінше, соңғы 3 айда ірі сатып алулар мен шығын жасағандар үлесі ағымдағы жылғы кыркүйекте 17%-ке дейін (шілдеде – 12%, тамызда – 14%) өсті. Алайда, респонденттердің 46%-і ағымдағы уақытты ірі сатып алулар жасау үшін қолайсыз деп санайды.

Ағымдағы жылғы қыркүйекте жылдық инфляция 7,0% деңгейінде сақталды.

Азық-түлік тауарлары бағасының жылдық өсуі ағымдағы жылғы тамызда 10,9%-тен 10,8%-ке дейін аздап баяулады. Ет және сүт өнімдері, жұмыртқа бағасының өсу қарқынының баяулауы байқалды. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының жылдық өсуі 5,5% деңгейінде сақталды, ақылы қызметтерге бағаның жылдық өсуі ағымдағы жылғы тамызда 3,4%-тен ағымдағы жылғы қыркүйекте 3,6%-ке дейін электр энергиясына және білім беру қызметтеріне тарифтердің өсуі аясында жеделдетілді, деді ол.

Сонымен бірге, баяндамада келесі көрсеткіштер айтылды:

Инвесторлардың қауіптенуі мен доллардың нығаюы да дамушы елдер валюталарының әлсіреуіне және мұнайдың арзандауына (ағымдағы жылғы қыркүйекте шамамен 10%-ке) алып келеді. Мұнайдың арзандауына жаһандық экономиканың қалпына келу қарқынының баяулау тәуекелдерінің өсуіне байланысты мұнайға сұраныстың төмендеуінен қауіптену ықпал етеді.

Ағымдағы жылғы қыркүйекте теңгенің айырбастау бағамы мынадай сыртқы факторлардың айтарлықтай қысымында болды.

1. Ағымдағы жылғы қыркүйекте әлемнің жекелеген өңірлерінде коронавирустың қайта өршуі аясында жаһандық экономиканы қалпына келтірудің баяулау тәуекелдерінің өсуіне және соның салдарынан мұнайға сұраныстың әлсіреуіне байланысты мұнай шамамен 10%-ке (9,56%) арзандады.

Мұнай бағасы ағымдағы жылғы тамыздан бастап ОПЕК+ мұнай өндіруді шектеу, Сауд Арабиясының мұнай бағасын төмендетуі және Ливиядағы мұнай өндіруді қалпына келтіру қысымында болды.

Әлемдік экономиканың шектеулі қалпына келуі мұнайдың ағымдағы өндіру көлемін сақтай отырып, мұнай қорларының қайта өсуіне алып келуі мүмкін.

2. Ағымдағы жылғы қыркүйекте дамушы елдердің валюталары коронавируспен ауырғандар санының өсуі аясында әлсіреді, бұл инвесторлардың тәуекелі бар активтерге деген қызығушылығының төмендеуіне және АҚШ доллары бағамының нығаюына әкелді.

Түрік лирасы бір айда 5,2%-ке, Ресей рублі – 4,9%-ке, Аргентина песосы – 2,7%-ке әлсіреді. Жалпы алғанда, қыркүйекте дамушы елдер валюталарының индексі 0,4% қана қосты.

Дамушы елдер валюталарының жалпы динамикасы аясында қазақстандық теңге бір айда АҚШ доллары үшін 420,11 теңгеден 431,81 теңгеге дейін 2,8%-ке әлсіреді.

Республикалық бюджеттегі кепілдік берілген трансфертті бөлу шеңберінде Ұлттық қор активтерін конвертациялау және квазимемлекеттік сектор компанияларының экспорттық валюта түсімінің бір бөлігін міндетті түрде сатуы жөніндегі ұзартылған шаралар теңгенің айтарлықтай әлсіреуін шектеді.

Ағымдағы жылғы қазанның басынан теңгенің АҚШ долларына шаққандағы айырбастау бағамы біртіндеп нығаюда. Ағымдағы жылғы 12 қазанда мұнай бағасының бірқалыпты өсуі аясында бір АҚШ доллары үшін 427,83 теңгеге дейін 1%-ке нығайды.

Алдын-ала деректер бойынша ағымдағы жылғы қыркүйектің соңында Қазақстанның халықаралық резервтері өткен айда 3,1%-ке қысқарып, 91,1 млрд АҚШ долларын құрады.

Ұлттық Банктің алтынвалюта резервтері қыркүйек айында негізінен алтын бағасының 4%-ке төмендеуі есебінен, сондай-ақ Ұлттық Банкте орналастырылған банктердің қаражатының қысқаруы аясында 33,8 млрд АҚШ долларына дейін төмендеді.

Ұлттық қордың активтері қорға түсетін түсімдер мен республикалық бюджетке кепілдік берілген трансферттің бөлінуі арасындағы теріс айырманың әсерінен, сондай-ақ пандемияның екінші рет қайталануынан қауіптенуге байланысты қаржы нарықтарындағы теріс түзету есебінен бір айда 1,36 млрд АҚШ долларына қысқарып, (-2,3%), 57,33 млрд АҚШ долларын құрады.

Қыркүйекте теріс түзетуге қарамастан инвестициялық кіріс 2020 жылдың басынан бері 1,5 (1 470) млрд АҚШ долларына жуық болды.

Банк жүйесіндегі депозиттер жыл басынан бері 8,7%-ке ұлғайып, ағымдағы жылғы тамыздың соңында 20,7 трлн теңге болды.

Теңгедегі салымдар 12,4 трлн теңгеге дейін 14,2%-ке, валюталық салымдар 8,3 трлн теңгеге дейін 1,4%-ке өсті.

Нәтижесінде депозиттердің долларлану деңгейі 2020 жылғы 8 ай ішінде 40,2%-ке дейін (2019 жылғы желтоқсанда 43,1%) төмендеді.

Жиынтық депозиттердің өсуі көбінесе наурыздағы бағамдық қайта бағалау, сондай-ақ валюталық салымдар бойынша алынған кірістерді кейіннен теңгедегі депозиттерге біртіндеп ауыстыру есебінен қалыптасады.

Бұл ретте, халықтың инфляциялық күтулері бойынша Ұлттық Банктің пікіртерімі шеңберіндегі деректер жинақтары бар респонденттер үлесінің төмендеп бара жатқанын көрсетеді (2020 жылғы қыркүйекте 16%-ке, тамызда 18%-ке дейін). Пікіртерімге қатысқандардың көпшілігі ағымдағы жылғы қыркүйекте жинақтарды қалыптастыру уақытына теріс баға берді – 42%, алайда бұл теріс бағалаулар ағымдағы жылғы тамыздағы 47%-пен салыстырғанда төмендей бастады.

Жыл басынан бері экономикаға берілетін кредиттер ағымдағы жылғы тамыздың соңында 14,2 трлн теңгеге дейін 2,4%-ке (немесе 328,2 млрд теңгеге) ұлғайды. Ұзақ мерзімді кредиттер 3,1%-ке немесе 12,2 трлн теңгеге дейін 372,3 млрд теңгеге өсті. Қысқа мерзімді кредиттер 2,2%-ке немесе 2,0 трлн теңгеге дейін 44,2 млрд теңгеге азайды.

Бизнестің кредиттік портфелі жыл басынан бері 7,3 трлн теңгеге дейін 1,2%-ке ұлғайды. Бизнеске берілетін теңгедегі кредиттер бойынша ставка ағымдағы жылғы тамызда 11,9% (2019 жылғы тамызда 11,9%), оның ішінде қысқа мерзімді кредиттер бойынша – 11,6% (11,6%), ұзақ мерзімді кредиттер бойынша ағымдағы жылғы тамыздағы 13,4%-тен 12,8%-ке дейін төмендеді.

Халықтың кредиттері ағымдағы жылдың басынан бері 6,9 трлн теңгеге дейін 3,7%-ке ұлғайды. Олардың құрылымында тұтынушылық қарыздар 4,2 трлн теңгеге дейін 0,6%-ке төмендеді, мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру есебінен ипотекалық қарыздар 2,0 трлн теңгеге дейін 14,6%-ке ұлғайды.

Қазақстан экономикасын қолдау үшін Мемлекет басшысының дағдарысқа қарсы бастамаларын іске асыру жалғасуда.

1. "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасы бойынша ағымдағы жылғы 9 қазандағы жағдай бойынша банктер жалпы сомасы 417 млрд теңгеге 450 өтінімді мақұлдап, 380,4 млрд теңге сомасына 661 қарыз берді.

2. Төтенше жағдайдың енгізілуінен зардап шеккен ШОБ субъектілерін жеңілдікпен кредиттеу бағдарламасы бойынша ағымдағы жылғы 9 қазанда кәсіпкерлер 563,9 млрд теңге сомасына 2 275 өтінім берді, 419,5 млрд теңгеге 3 887 қарыз берілді, оның ішінде 65,8 млрд теңге бұрын берілген қарыздарды өтеуден түскен ақша есебінен берілді.

Ұлттық Банктің қаржыландыруы есебінен тұрғын үй құрылысын қолдау жалғасуда.

1. "7-20-25" бағдарламасы бойынша ағымдағы жылғы 8 қазанда 280,5 млрд теңгеге 23 935 өтінім мақұлданды, оның ішінде 219,4 млрд теңге сомасына 18 822 қарыз берілді.

2. "Баспана Хит" нарықтық ипотекалық бағдарлама бойынша ағымдағы жылғы 8 қазанда 373,8 млрд теңге сомаға 42 736 өтінім мақұлданды, 293,8 млрд теңге сомасына
34 437 қарыз берілді.

Пандемияның таралуы экономиканың барлық секторларын цифрландыруды жылдамдатты. Қаржы нарықтары технологиялық үрдістердің ықпалынан түбегейлі қайта құру процесінен өтуде, мұнда көп нәрсе реттеушінің іс-әрекетіне байланысты болады.

Осыған байланысты ағымдағы жылғы 17 тамызда ҚРҰБ Басқармасының қаулысымен Қаржылық технологиялар мен инновацияларды дамыту жөніндегі 2020-2025 жылдарға арналған тұжырымдама қабылданды. Ол Қазақстандағы қаржылық технологиялар мен инновациялар нарығын дамытудың негізгі басымдықтарын айқындайды және үш негізгі мақсат қояды:

Біріншіден, бұл – қаржылық қызметтерді цифрлық форматта ұсыну мүмкіндігін қамтамасыз ету үшін цифрлық қаржы нарығының іргетасын қалау.

Екіншіден, саладағы жалпы шығындарды қысқарту, тиімділікті арттыру және өсудің жаңа мүмкіндіктерін жасау есебінен қаржы нарығын құрылымдық қайта құру үшін технологияларды пайдалану.

Үшіншіден, бәсекелестік және нарыққа қатысушылар арасындағы коллаборацияны жақсарту үшін жағдай жасау арқылы нарықтың орнықты дамуын ынталандыру.

Осы Тұжырымдаманы іске асыру аясында ағымдағы жылғы 1 қазаннан бастап Ұлттық Банк қаржы ұйымына келмей-ақ қаржы қызметтерін алу үшін әзірленген қашықтықтан биометриялық сәйкестендіру сервисін өнеркәсіптік пайдалануға іске қосты.

Ағымдағы жылғы сәуірде жүйе пилоттық режимде іске қосылды. Осы уақыт ішінде сервис екінші деңгейдегі 11 банкке халыққа 2,8 млн банктік қызмет көрсетуге мүмкіндік берді.

Қашықтықтан биометриялық сәйкестендіру қаржы нарығының қатысушыларына клиенттерді қашықтан сәйкестендіруге және оларға банктік шоттар мен депозиттер ашу, төлем карточкаларын шығару, кредит беру сияқты қызметтерді көрсетуге мүмкіндік береді. Бұл сервис әлемдегі күрделі эпидемиологиялық ахуал аясында жаңа
сын-қатерлерге жауап береді.

Сервис банктерге, сол сияқты сақтандыру компанияларына, бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушыларына, төлем және микроқаржы ұйымдарына да қолжетімді екенін атап өту маңызды.

Сыртқы нарықтардағы құбылмалылықтың өсуі ішкі нарыққа әсер ететін болады. Осыған байланысты Ұлттық Банк ахуалды жіті бақылайды және баға мен қаржы тұрақтылығын қамтамасыз ету, сондай-ақ экономиканы қалпына келтіруге қолайлы жағдайлар жасау үшін барлық қажетті шараларды қабылдайтын болады.


zakon.kz жаңалықтарын оқыңыз
Жазбаларды көрсету

Көп оқылғандар

барлық жаңалықтар

ЖАҢАЛЫҚТАР

қате туралы хабарлау
Қате туралы хабарлау
Қате мәтін:
Түсініктеме:

Маңызды жаңалықтарды білгіңіз келе ме?