Қазақстанның Моңғолиямен тауар айналымы төмендеп кетті

26 Қараша 2020, 15:37
Сурет: varlamov.ru

2020 жылғы 25 қарашада бейнеконференцбайланыс режимінде Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрі Б. Сұлтанов пен Моңғолияның Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі А.Арынзаяаның тең төрағалығымен Сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Моңғол үкіметаралық комиссиясының 8-отырысы өтті, деп хабарлайды zakon.kz.

Үкіметаралық комиссияның жұмысында Қазақстан мен Моңғолияның Төтенше және Өкілетті елшілері, сондай-ақ екі елдің мүдделі мемлекеттік органдары мен ұйымдарының өкілдері қатысты.

Министр Б. Сұлтанов өзінің алғы сөзінде түрлі салалардағы екі жақты ынтымақтастықты нығайтуға деген ұмтылысын растады, Қазақстан мен Моңғолия арасындағы ынтымақтастықты кеңейтудің маңызды тетігі ретіндегі Үкіметаралық комиссияның рөлін атап өтті.

Отырыс аясында тараптар Қазақстан Республикасы мен Моңғолия арасындағы екі жақты ынтымақтастықтың кең ауқымын талқылады. Атап айтқанда, сауда-экономикалық ынтымақтастық, инвестициялар, кәсіпкерлік, көлік, ауыл шаруашылығы, мәдениет, спорт және туризм, білім және ғылым, стандарттау, сәйкестікті бағалау және метрология саласындағы ынтымақтастық және басқа да салалар.

Тараптар Үкіметаралық комиссияның отырысы Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі А. Маминнің Моңғолияға алдағы сапарына дайындық кезеңдерінің бірі болып табылатынын атап өтті.

Сауда және инвестициялық ынтымақтастықты дамыту және кеңейту, сондай-ақ кооперациялық жобаларды құру мақсатында Қазақстан Республикасы мен Моңғолия арасындағы 2021-2024 жылдарға арналған сауда-экономикалық ынтымақтастықты жандандыру жөніндегі Жол картасына қол қою мүдделілігі атап өтілді.

"Біз сонымен бірге іскерлік байланыстарды қолдау және орнату, бизнес үшін қолжетімді мүмкіндіктер, жобалар мен бірлескен кәсіпорындарды жүзеге асыру мүмкіндіктері туралы ақпарат алмасу үшін жақсы алаң ретінде қызмет ететін Қазақстан - Моңғол іскерлік кеңесін құруды жоспарлап отырмыз", - деп өз сөзінде атап өтті министр Б. Сұлтанов.

Тараптар бәсекелестік жағдайларда тауарлар ағынын қамтамасыз етуге қабілетті сенімді көліктік-логистикалық дәліз құру қажеттігіне ерекше назар аударды. Пандемия жағдайында тұрақты жүк тасымалын қолдау, халықаралық тұрақты автобус және тікелей әуе қатынастарын жүзеге асыру мәселесі маңызды мәнге ие және елдер арасындағы екі жақты қатынастардың дамуына айтарлықтай үлес қосады.

Отырысты қорытындылай келе, министр Б. Сұлтанов: "Үкіметаралық комиссиясының жұмысы аясында қол жеткізілген уағдаластықтар елдеріміздің сауда-экономикалық байланыстарының одан әрі дамуына қосымша серпін беретіні сөзсіз, бұл Қазақстан мен Моңғолияның стратегиялық әріптестігіне белгілі бір үлес қосады", - деп атап өтті.

2019 жылы Қазақстан мен Моңғолия арасындағы тауар айналымы 21,1%-ға төмендеп, 76 млн АҚШ долларын құрады.

2020 жылдың 9 айында өзара сауда 24,8 млн АҚШ долларын құрады. Қазақстаннан Моңғолияға экспорт 23,5 млн АҚШ доллары, импорт 1,3 млн АҚШ долларын құрады.

Отырыс қорытындысы бойынша онлайн форматта хаттамаға қол қойылды.


zakon.kz жаңалықтарын оқыңыз
Жазбаларды көрсету

Көп оқылғандар

барлық жаңалықтар

ЖАҢАЛЫҚТАР

қате туралы хабарлау
Қате туралы хабарлау
Қате мәтін:
Түсініктеме:

Маңызды жаңалықтарды білгіңіз келе ме?