Талан-таражға құмар әкімдер жалдамалы блогерлерге жақсы болды

23 Желтоқсан 2020, 16:17
Сурет: Pixabay

Бақсақ, кейбір блогерлер биліктің имиджін қорғап отырған сыңайлы. Қарағанды қаласының әкімдігі блогерлердің жаңа буынын тәрбиелеуді қолға алған екен. Оған халық қазынасынан қаражат бөлініп келген, деп жазады "Жас Алаш" газеті.

Кеншілер қаласы әкімдігіндегі ішкі саясат бөлімінің сектор меңгерушісі Жаннұр Кеңесбаев блогерлер үшін келер жылға бюджеттен 2,4 миллион теңге бөлу қарастырылғанын мәлімдеді. Халық қазынасын бей-берекет бөліске салу мұнымен шектелсе жақсы. Жомарттығы ұстаған әкімдік шенеуніктері "қазаншының өз еркі қайдан құлақ шығарса" деген амалға көшкен. Алайда, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің өкілдері бюджет ақшасының игерілуіне тексеріс жүргізгенде, заңға томпақ әрекеттерді анықтады.

Қалалық әкімдік әлеуметтік тапсырыстарды орындауға, жыл сайын халық қазынасынан 2 млн теңгеге жуық қаражат бөлініп отырған. Бұған қоғамдық кеңестің басшысы мен хатшысына жалақы төленіп келген. Бұл құқықтық нормаға қайшы әрекет. Өйткені, ҚР 2015 жылғы 2 қазандағы "Қоғамдық кеңес" жөніндегі заңында, қоғамдық ұйымды жергілікті қазынадан қаржыландыру міндеттелмеген-дейді, арнайы мониторингтік топ басшысының орынбасары Бейбіт Жұмабеков. Оңай олжаға дәніккен шенеуніктер алдағы жылға да, бюджет ақшасын қисынсыз қымқырудың амалын жоспарлағанға ұқсайды. Қалалық ішкі саясат бөлімі келер жылдың "шырайлы шараларына" қаражат сұраған. Ол бойынша, Қарағанды облысының мәдени-тарихи өлкелеріне саяхат жасауға 200 мың теңге, "Мен патриотпын" акциясына 900 мың теңге сондай-ақ, Киберспорттық турнир өткізуге 3,2 миллион теңге бөлуге өтініш білдірген. Осы орайда, заңды сұрақ туындайды. Қалалық әкімдік пандемия кезінде қандай туристермен саяхат құрмақ әлде өздері саяхаттамақ па?

Орайы келгенде айта кеткен ләзім, күздің басында спорт бөлімін мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қосу жайында қаулы қабылданғанда, қала әкімдігінің аппарат жетекшісі Сандуғаш Асылбекова: "пандемия кезінде барлық санаттағы спорттық шаралар тоқтатылады. Ол бөлімдегілердің маңдытарлық жұмысы жоқ. Біз мұндай шешімді қоғам белсенділерімен ақылдаса отырып қабылдадық", - деген еді.

Өңірде сақтық шаралары қатайтылып жатқан шақта, ішкі саясат басқармасы бұқаралық шараларға қаржы сұраудың қисынын қалай тапқан?

Бізді толғандыратыны, салық төлеушілерден түсетін қаражатты әркімге бір төгудің жөні қайсы?

Осыған орай, қарағандылық журналист Саят Сабдалы өз пікірімен бөлісті.

– Соңғы кездері әкімдіктегілер адам түсінбейтін тендерлер жариялап, ел қазынасын талан-таражға салуға дағдыланып алды. Жақында, шахардағы орталық көшеге құны 218 млн теңге тұратын "кино лента" ескерткіші орнатылды. Ол белгінің тәрбиелік тұрқы қандай? Пандемия кезінде осындай мәнсіз нәрселерге қаржы төгудің жөні жоқ. Өйткенше, сол қомақты қаржыны әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға үлестірсе әлдеқайда тиімді болар еді. Енді келіп, блогерлерге семинар өткіземіз, блогерлердің жаңа буынын тәрбиелейміз дегенге жол болсын. Биліктің шекпенінен шыққан блогердің ойы ешқашан тәуелсіз болмайды, – дейді, әріптесіміз.

Әлбетте, қаржыны кім төлесе, соның әнін шырқайтының анық. Ал, қалтаның қамын ойлаған блогерлер мен қоғамдық кеңестің қос мүшесі биліктің пиары ма әлде панасы ма? Қарашаның сенімінен айырылған жалдамалы блогерлерге енді сенім жоқ. Сонда халық кімге илану керек?


zakon.kz жаңалықтарын оқыңыз
Жазбаларды көрсету

Көп оқылғандар

барлық жаңалықтар

ЖАҢАЛЫҚТАР

қате туралы хабарлау
Қате туралы хабарлау
Қате мәтін:
Түсініктеме:

Маңызды жаңалықтарды білгіңіз келе ме?