Сотталғандар ҚазҰУ-дың онлайн курстарын түрмеде жатып оқыды

8 Қаңтар 2021, 16:29
Сурет: Алматы қаласы бойынша ҚАЖ департаменті

Алматы қаласы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты мекемелердегі сотталғандар жуырда әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті ұйымдастырған онлайн курстарды бітіргені туралы сертификат алды.

Аталған білім ордасы 2018 жылдан бері жабық мекемелерде ұсталатын сотталғандарды оқытуға қолдау көрсетіп келеді. Сотталғандардың оқудың жаңа технологияларын меңгерулеріне жанашырлық танытып, олардың бостандыққа шыққан соң алған білімдері бойынша еңбек етулеріне ықпал етуде әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің ректоры Ғалымқайыр Мұтановтың еңбегі зор.

Сотталғандардың бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны өтеу кезінде білім алуы – оларды жазасын өтегеннен кейін дұрыс өмір сүрулеріне ықпал етудің ұтымды жолы болып табылады. 2020 жылы ҚАЖ департаментінің ЛА-155/6 және ЛА-155/18 түзеу мекемелерінен 20 сотталған онлайн түрде білім алды. Мысалы ЛА-155/6 түзеу мекемесіндегі жасөспірімдер ақпараттық-коммуникациялық технология бойынша білім алса, ЛА-155/18 мекемесіндегі шаруашылық қызметіндегі сотталғандар менеджмент мамандығы бойынша оқыды. 2018-2019 жылдары сотталғандар "Корей тілі", "Қазақстан Республикасы азаматтарының конституциялық құқығы", "Ықтималдылық теориясы", "Механика", "Орта мектептердің жоғары сынып оқушылары үшін қаржы тақырыбы", "Ғылыми зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру" сияқты курстарда білім алған болатын.

Қашықтықтан оқыту барысында ҚазМУ басшылығы барлық сабақтарды дискке жазып, сотталғандардың толыққанды оқуларына мүмкіндік тудырды. Онлайн курстар бойынша сабақ кестесі бекітіліп, жасақ бастықтары сотталғандардың орындаған жұмыстарын ҚазМУ-дың оқытушыларына апарып тексертіп отырды. 2018-2019 жылдары сертификаттың бағасы 3000 теңге болса, өткен жылғы пандемияға байланысты тегін оқытылды.


zakon.kz жаңалықтарын оқыңыз
Жазбаларды көрсету

Көп оқылғандар

барлық жаңалықтар

ЖАҢАЛЫҚТАР

қате туралы хабарлау
Қате туралы хабарлау
Қате мәтін:
Түсініктеме:

Маңызды жаңалықтарды білгіңіз келе ме?