ШҚО тұрғындарының шамамен 20%-ын вакциналау жоспарлануда

19 Қаңтар 2021, 16:42
Сурет: primeminister.kz

Қазақстанда, оның ішінде шығыста COVID-19-ға қарсы вакцинация ағымдағы жылдың ақпан айында басталмақ. Ең алдымен вакцинациядан медицина қызметкерлері мен мұғалімдер өтеді, деп хабарлайды zakon.kz.

ШҚО денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, 18 жастан асқан барлық адамдар коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинациялауға жатады. Екпе вакцинаның түсуін ескере отырып, кезең-кезеңімен жүргізіледі деп күтілуде. Ең алдымен, инфекцияның таралуы мен таралу қаупі жоғары халықтың ең осал тобы – медицина қызметкерлері, жедел жәрдем қызметкерлері, реанимация бөлімшелері, ауруханалардың қабылдау бөлмелері коронавирусқа қарсы егіле бастайды. Екінші кезеңде жалпы білім беретін мектептердің, орта-арнайы оқу орындарының, университеттердің педагогтары, ал үшінші кезеңде мектеп-интернаттардың, мектепке дейінгі балалар мекемелерінің педагогтары, студенттер, созылмалы аурулары бар адамдар өтеді.

COVID-19-ға қарсы вакцинация ерікті негізде егілушінің келісімімен ғана ұсынылады.

- Қазақстан Республикасының "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Кодексінің 77-бабына сәйкес Қазақстан азаматтары профилактикалық вакцинациядан бас тартуға құқылы. Егуді алу алдында әр адам вакцинаның құрамы туралы ақпарат берілген нұсқаулықпен танысуға құқылы. Бұдан басқа, егу алдында медицина қызметкері егілетін адамға тексеру жүргізуі тиіс, – деп атап өтті ведомствода.

Вакцинацияға қарсы көрсетілімдерге вакцинаның кез-келген компонентіне жоғары сезімталдық, анамнездегі ауыр аллергиялық реакциялар, созылмалы аурулардың өршуі бар жағдайлар жатады. ЖРВИ-дің ауыр емес белгілері, өткір инфекциялық және инфекциялық емес аурулар кезінде вакцинация температура қалыпқа келгеннен кейін жүргізіледі. Сондай-ақ, жүкті және омырауда баласы бар әйелдерге вакцина жасауға болмайды.

Бауыр мен бүйректің созылмалы аурулары, эндокриндік жүйе функциясының айқын бұзылуы, анамнездегі миокард инфарктісі, миокардит, эндокардит, перикардит, жүректің ишемиялық ауруы, бастапқы және қайталама иммун тапшылығы, аутоиммундық аурулар кезінде сақтықпен қолданған жөн.

Қазақстанда тіркелген барлық вакциналар медициналық ұйымдарға түспей тұрып, олардың қауіпсіздігі мен сапасына тексеру жүргізілетінін атап өткен жөн, бұл нарыққа тек тиімді және қауіпсіз вакциналардың жіберілуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Вакцинация - вакцинамен басқарылатын инфекциялармен күресте жалғыз тиімді, үнемді және қол жетімді құрал. Ол инфекциядан тиімді қорғайтын және жаппай иммундау нәтижесінде халықтың жұқтыру және сырқаттану қаупін төмендететін нақты тәсіл болып саналады.

Осылайша, иммундау көмегімен соңғы 20 жылда Қазақстанда қызамықпен сырқаттану 56 есе, эпидемиялық паротитпен сырқаттану 119 есе, "В" вирустық гепатитімен сырқаттану көрсеткіші 34 есеге азайды, ал осы инфекцияға қарсы егілетін балалар саны 262 есеге төмендеп, көкжөтелмен сырқаттанушылықтың тұрақты төмен деңгейі, дифтерияның, сіреспенің жекелеген жағдайлары сақталуда. Сондықтан коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинациямен халықты барынша қамту шектеу шараларынсыз күнделікті өмірге оралуға мүмкіндік береді.

ШҚО денсаулық сақтау басқармасының алдын ала есептеулері бойынша, биыл Шығыс Қазақстан тұрғындарының жалпы санының 20%-ын COVID-19-ға қарсы егу жоспарлануда.


zakon.kz жаңалықтарын оқыңыз
Жазбаларды көрсету

Көп оқылғандар

барлық жаңалықтар

ЖАҢАЛЫҚТАР

қате туралы хабарлау
Қате туралы хабарлау
Қате мәтін:
Түсініктеме:

Маңызды жаңалықтарды білгіңіз келе ме?