Оралда "өгей қызын зорлау" күдігіне ілінген адамның соты басталды

11 Наурыз 2021, 15:54
Сурет: azattyq.org

10 наурызда Оралда аса ауыр қылмыстарды қарайтын арнайы сотта "жасөспірімді зорлады" және "жас баланы азғырды" деп айыпталған 33 жастағы ер адамның үстінен сот басталды. Жабық өтіп жатқан сотқа жәбірленуші тарап сот залында, айыпталушы видеобайланыс арқылы қатысты, деп жазады centralasian.org.

Айыптау актісіне сай, былтыр қыркүйекте айыпталушы өгей қызын бастығы Италия азаматы шығып кеткен жалдамалы пәтерге алып барып, зорлаған. Жәбірленуші қыздың анасы Самира Дүстәлиеваның сөзінше, бес күннен кейін қызы болған жағдайды айтып, диктофондағы жазбаны тыңдатады. Диктофонда өгей әке қызға "тағы пәтерге келіп, шаруаны қайталауды" ұсынады.

- Біз бірден полицияға қайырылдық, бес күн өтіп кеткен соң еркектің анализі таза болып шықты. Полицияға барғанда ол жуынып, тырнақтарын алып, дайындалып келіпті. Экспертиза қызымнан ештеңе таппады, бірақ физиологиялық жаратылысы сондай, - деді қыздың анасы.

Самираның сөзін адвокат Сағынғали Елеуов та қоштайды. Бірақ ол құпияны ашпау жөнінде қағазға қол қойғандықтан көп жайтты айтпады.

Балада психологиялық жарақат болғанын психолог Райса Байдалиева да растады. Ол сотта сарапшы ретінде қатысып жатыр және баламен терапия жүргізіп жүр. Байдалиева балада стресстік жарақаттан кейінгі бұзылыстардың барлық белгісі бар дейді.

Айыпталушының адвокаты Мереке Ғабдуалиетің сөзінше, күдікті өзіне тағылған айыптарды "толық мойындамайды". Ғабдуалиев те істің жабық өтіп жатқанын алға тартып, көп жайтты айтпады. Ол сәрсенбіде өткен сот отырысында бірнеше шағым түсіргенін, оны сот қанағаттандырғанын ғана айтты.

Айыпталушының анасы Айсұлу Аймағамбетова ұлына тағылған айыппен келіспейді. Оның ойынша, келіні "ұлын қызғанып, қолдан келгеннің бәрін жасап жатыр". Аймағамбетова "Самира күйеуін италиялық әйелдер қызғанып, ажырасуға мүмкіндік бермегенін" айтады.

– Ұлым ажырасқысы келді, бірақ Самира рұқсат бермеді. Ол кек алу үшін осының бәрін ойдан шығарды. Келін ұлымды түрмеде шірітемін деп айтқан еді, дейді сотталушының анасы.

Азаматтық соттың Азаттыққа берген ақпаратынша, Досталиевадан ажырасу туралы өтініш былтыр 24 тамызда түскен, ол екінші рет сотқа 2020 жылы 20 желтоқсанда қайырылған.

Самираның сөзінше, күйеуі жиі қол көтере берген соң ажырасуға шешім қабылдаған. Күйеуі ажырасу туралы соттан хабар алған соң өзін және қыздарын соғып, телефонын тартып алып, үйге қамап тастаған.

- Уақытымнан бұрын босанып, ажырасуды соңына дейін жеткізе алмадым. Желтоқсанда ажырасуға тағы арыз жаздым, қаңтарда ол мүлікті бөлісу туралы арыз түсірді, дейді Самира.

Айсұлу Аймағамбетова ұлының мүлікті бөліскісі келетінін жоққа шығармайды. Бірақ ол "ұлым басында тек ажырасуды қалады, ал осы іс басталған соң үй мен көлікті бөлісемін деген шешім қабылдады" дейді.


zakon.kz жаңалықтарын оқыңыз
Жазбаларды көрсету

Көп оқылғандар

барлық жаңалықтар

ЖАҢАЛЫҚТАР

қате туралы хабарлау
Қате туралы хабарлау
Қате мәтін:
Түсініктеме:

Маңызды жаңалықтарды білгіңіз келе ме?