Биыл Жұмыспен қамту картасы аясында 36 мыңға жуық жұмыс орны ашылады

25 Мамыр 2021, 16:17
Сурет: liter.kz

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов ҚР Үкіметінің отырысында Жұмыспен қамтудың жол картасын (бұдан әрі – ЖҚЖК) іске асыру барысы туралы айтты, деп хабарлайды zakon.kz.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі өз сөзінде өткен жылдан бастап Қазақстанда дағдарысқа қарсы іс-шаралар пакеті шеңберінде Жұмыспен қамтудың жол картасы іске асырылып жатқанын еске салды.

2020 жылы ЖҚЖК аясында құрылыс, реконструкциялау, күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары бойынша 6,6 мың инфрақұрылымдық жоба іске асырылды. 239 мың адам жұмыспен қамтылды, оның 120 мыңы жұмыспен қамту орталықтарының жолдамалары бойынша жұмысқа орналастырылды.

Жұмыспен қамтудың жол картасы 3 ауысымды және апатты мектептердің проблемаларын ішінара шешуге, ауыл тұрғындарының білім алуға, денсаулық сақтауға және таза ауыз суға қол жеткізуіне, суармалы және жайылымдық жерлер көлемін ұлғайтуға, ауылдық елді мекендерді газдандыруға мүмкіндік берді. Сондай-ақ ЖҚЖК жұмыссыздықтың 4,9% деңгейінде сақталуына ықпал етті, – дейді Серік Шәпкенов.

Биыл Жұмыспен қамтудың жол картасын іске асыруға 300 млрд теңге көзделген. Оның ішінде Ұлттық Банктің облигациялық қарызы есебінен 200 млрд. теңге қарастырылған.

ЖҚЖК халықтың өмір сүру сапасын арттыру; ШОБ үшін қаржыландырудың қолжетімділігін арттыру; агроөнеркәсіптік кешенді дамыту; өңірлерде бизнесті дамыту сияқты төрт бағыт бойынша іске асырылады.

Қаржыландыру лимиттері жұмыс күшінің үлесіне сәйкес айқындалып, өңірлер бойынша бөлінді. Қаражаттың негізгі бөлігі 42,5% (127,5 млрд теңге) халықтың өмір сүру сапасын арттыруға, 33,3% (100 млрд теңге) агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға, 24,2% (72,5 млрд теңге) өңірлерде бизнесті дамытуға және "Атамекен" ҰКП мен жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен микроқаржы ұйымдары арқылы микрокредит беруге бағытталған, – деп түсіндіріп өтті министр.

Сондай-ақ, Серік Шәпкенов бірінші бағыт бойынша 136 жоба іске асырылатынын, оларда барлығы 19 мың жұмыс орны құрылатынын, оның 7,5 мыңы тұрақты болатынын хабарлады.

64 жаңа мектептің, 13 денсаулық сақтау нысанының құрылысы, суару кешенін жаңарту және ТҮКШ жүйесін жаңғырту бойынша жұмыстар жүргізілетін болады. Жобаларды іріктеу кезінде тұрақты жұмыс орындарын құруға және 3 ауысымды және апатты мектептердің кейбір мәселелерін шешуге, ауыл тұрғындарының денсаулық сақтау мен таза ауыз суға қол жеткізуін қамтамасыз етуге, суармалы және жайылымдық жерлердің ауданын ұлғайтуға баса назар аударылды, – деп толықтырды Еңбек министрі.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «ШОБ үшін қаржыландырудың қолжетімділігін арттыру» екінші бағыты шеңберінде 6% - ға дейінгі мөлшерлемемен жеңілдетілген микрокредиттер беру көзделген. Өңірлерде микрокредит беру құралын іске асырудың тиімділігін қамтамасыз ету үшін "Атамекен" ҰКП және жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен 15 микроқаржы ұйымы құрылды.

22,5 млрд теңге сомасына 5,4 мың жобадан тұратын тізім жасалды, ол ет өнімдерін өндіру және қайта өңдеу, сүт, тамақ өнеркәсібі, қызмет көрсету және басқа да салалардағы жобаларды қамтиды. Микрокредит алушылар 10,6 мың қосымша жұмыс орнын ашады, – деді Серік Шәпкенов.

Агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағыты бойынша Ауыл шаруашылығы министрлігі және "Бәйтерек" Холдингі бірлесіп, соңғы қарыз алушы үшін 6% - ға дейінгі мөлшерлемемен 100 млрд теңге сомасына 42 инвестициялық жобаны іске асыратын болады (мөлшерлемені субсидиялауды ескере отырып).

Жобалар мынадай шарттар бойынша іріктелді: жұмыспен қамтуды қолдау және жұмыс орындарын құру; пысықталудың жоғары деңгейі; азық-түлік тауарларының импортын қысқарту.

2,2 мың уақытша және 3,8 тұрақты жұмыс орны құрылады.

Бизнесті дамыту шеңберінде өңірлерде жеңілдікпен кредит беру және бизнес субъектілеріне қарыз беру, сондай-ақ жарғылық капиталға инвестициялау, қаржылық емес қолдау көрсету есебінен 6 мыңға жуық жұмыс орны құрылатын болады.

Биыл Жұмыспен қамтудың жол картасын іске асыру 35,6 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді, оның 55%-дан астамы тұрақты болады (20,3 мың). Отбасы мүшелерін ескере отырып, шамамен 80 мың адам тұрақты табыспен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ, ЖҚЖК әлеуметтік активтерді құру арқылы әлеуметтік инфрақұрылымды жақсартуға; жаңа өндірістерді құру есебінен нарықты отандық өндіріс өнімдерімен толықтыруға; елдің ЖІӨ құрылымында шағын және орта бизнестің үлесін арттыруға ықпал ететін болады, – деп түйіндеді Серік Шәпкенов.


zakon.kz жаңалықтарын оқыңыз
Жазбаларды көрсету

Көп оқылғандар

барлық жаңалықтар

ЖАҢАЛЫҚТАР

қате туралы хабарлау
Қате туралы хабарлау
Қате мәтін:
Түсініктеме:

Маңызды жаңалықтарды білгіңіз келе ме?