Қыздарды Бахрейнге секс-құлдыққа сатқандардың соты басталды

28 Мамыр 2021, 09:45
Сурет: baigenews.kz

27 мамырда Шымкенттің қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты "адам саудалап, жыныстық құлдыққа салды" деген күдікке ілінген 16 адамның ісін қарай бастады, деп хабарлайды zakon.kz centralasian.org-ке сілтеме жасап.

Айыпталушылардың арасында Ресей және Қырғызстан азаматтары бар. Айыпталушылардың 12-сі – әйел, 4-еуі – ер адам. Олар Қылмыстық кодекстің "Трансұлттық ұйымдасқан топ, трансұлттық қылмыстық ұйым құру және оларға басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу" (264-бап), "Адам саудасы" (128-бап), "Кәмелетке толмағандар саудасы" (135-бап), "Қылмыстық жолмен алынған ақшаны және (немесе) өзге мүлікті заңдастыру" (218-бап) бабымен күдікке ілінген.

Сот тергеуіне судья Әбсаттар Шахиддинов төрағалық етіп жатыр. Қалалық соттың баспасөз хатшысы Қабыл Дүйсенбі жәбірленуші ретінде 38 адам танылғанын, олардың екеуі кәмелет жасқа толмағанын айтты. Іске 16 адвокат пен 2 прокурор қатысып отыр.

Жәбірленушілердің ішінде кәмелет жасқа толмаған адамдар бар, сот тергеуі жабық өтеді, деді соттың баспасөз хатшысы.

Айыпталушылардың адвокаттары мен жәбірленушілер және олардың адвокаттарынан пікір алу мүмкін болмады.

Іс сотқа 14 мамырда түскен. Айыптау актісі екі томнан, жалпы іс 150 томнан тұрады. 2021 жылдың ақпанында ішкі істер министрлігі Бахрейнде "адам саудалап, жыныстық құлдыққа салған" топтың ұсталғанын мәлімдеген. Жәбірленушілердің дені тұрмысы төмен отбасыдан шыққан қыздар екені айтылған.


zakon.kz жаңалықтарын оқыңыз
Жазбаларды көрсету

Көп оқылғандар

барлық жаңалықтар

ЖАҢАЛЫҚТАР

қате туралы хабарлау
Қате туралы хабарлау
Қате мәтін:
Түсініктеме:

Маңызды жаңалықтарды білгіңіз келе ме?