Нығматулин: бюджет шығыстары халықтың өмір сапасын жақсартуға бағытталуы тиіс

9 Маусым 2021, 13:41
Сурет: Ж.Құспанов

Бүгін Палата Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен жалпы отырыста Үкімет пен Есеп комитетінің 2020 жылға арналған есептері тыңдалды, деп хабарлайды zakon.kz.

Онда Мәжіліс Төрағасы республикалық бюджетті игерудің өзекті мәселелеріне тоқталып:

- Былтырдан бері елімізде қалыптасқан жағдай баршаңызға белгілі. Бүкіл әлемді қамтыған короновирус пандемиясы біздің өмірімізге де көптеген өзгерістер алып келді. Бірақ та, елімізді дамыту, халқымызды қорғау жолындағы мақсаттар, міндеттер, жұмыстар бір күнге де тоқтаған жоқ. Сондықтан, әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты сақтауға қатысты жұмыстар дер кезінде қолға алынды, - деді./quote]

Нұрлан Нығматулин халықты қолдау үшін дағдарысқа қарсы шаралар қабылданғанын, ол қаражаттар барлық әлеуметтік міндеттемелерді жүзеге асыруға және отандық экономиканы қолдауға ықпал еткенін айтты. Мәселен, аталған кезеңде Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт ретінде 4,8 триллион теңге бөлінген.

Үкімет қабылдаған дағдарысқа қарсы шаралар еліміз бойынша жұмыссыздықты 4,9% деңгейінен асырмауға және орташа айлық жалақыны 7,3% - ға ұлғайтуға жол ашты. Ауыл шаруашылығы өндірісінің өсімі 5,6% құрады.

Алайда, Нұрлан Нығматулин бюджеттің орындалуында әлі орын алған кемшіліктер барын алға тарта келіп, мемлекет қаражатын ұтымды, нәтижелі және тиімді игеру керектігіне баса назар аударды.

Сонымен қатар отырыс барысында халықты уақытша жұмыспен қамту шараларына қатысты бірқатар мәселелер басты назарда болды.

Есеп комитетінің қорытындысы бойынша "Жұмыспен қамтудың жол картасы" аясында 2020 жылы 239 мың адам жұмысқа орналастырылған. Адлайда, жобалардың қысқа мерзімділігіне байланысты адам қазірдің өзінде 158 мың жұмыстан босатылды. Ал жұмысқа орналасқандардың 17%-ы бір ай ғана жұмыс істеген.

Осы ретте, Нұрлан Нығматулин бұл бар-жоғы 4,5 пайыз ғана құрап отырғанын алға тарта келіп:

- Әйтеуір "екі қолға бір күрек" деп, уақытша жұмысқа алып барамыз. Бірақ та, оны тұрақты шешім деп айтуға болмайды. Себебі, қалған уақытта, мысалы, күзде, қыста не істейді? Ол кезде де жұмыс істеу керек қой, ол кезде де отбасын асырау керек қой, - деді.

Палата Спикерінің пікірінше, халықты тұрақты, тиімді, сапалы еңбекпен қамтамасыз ету керек. Бұл жұмыс есеп беру үшін, баяндама үшін емес, шын мәнінде, халықтың жағдайын жақсарту үшін қажет.

Осыған орай, Мәжіліс Төрағасы әлеуметтік қорғау министріне аталған мәселелерге әсіресе, тұрақты жұмыстарға ерекше назар аудару қажеттігін ескерте отырып, осы жұмысты дұрыс ұйымдастыру керектігін айтты.


zakon.kz жаңалықтарын оқыңыз
Жазбаларды көрсету

Көп оқылғандар

барлық жаңалықтар

ЖАҢАЛЫҚТАР

қате туралы хабарлау
Қате туралы хабарлау
Қате мәтін:
Түсініктеме:

Маңызды жаңалықтарды білгіңіз келе ме?