Алтай Көлгінов: Күзде мектептерді қайта аша алмаймыз...

21 Маусым 2021, 13:02
Сурет: inbusiness.kz

Нұр-Сұлтан қаласы әкімі Алтай Көлгінов күзде оқушылардың мектепке орала алмайтынын айтты, деп хабарлайды zakon.kz.

Бұл туралы әкім Инстаграмдағы парақшасында жазды. Ол бас қаланың неге "қызыл" аймақта әлі қалып отырғанын түсіндірді.

"Құрметті елорда тұрғындары мен қонақтары! Біз әлі де "қызыл" аймақтамыз! Күнделікті COVID-2019 инфекциясының 250-300 жағдайы анықталады. Бір жағынан, бұл ПТР тестілерінің санын көбейту арқылы, екінші жағынан, оқшаулау мен санитарлық нормалардың бұзылуынан болып отыр. Ashyq жобасы арқылы карантин талаптарының өрескел бұзылғанын көріп отырмыз. Өзін-өзі оқшаулауы тиіс (байланыста болған, жұқтырған) азаматтар бар, бірақ олар адам көп жиналатын орындарға баруын тоқтатар емес. Осылайша, коронавирустың таралуына әсер етіп жатыр. Мұндай адамгершілікке жатпайтын бұзушылықтарды тоқтатып, жолын кесеміз! Қала тұрғындарын сырқаттанған адамдардың статистикасына бей-жай қарамауға шақырамын. Әрбір санның артында бір адамның өмірі, олардың отбасыларының тағдыры тұр!", деп жазды Көлгінов.

Оның айтуынша, медициналық рұқсаты жоқ және әлі вакцинацияланбаған адамдар отпен ойнап жүргенін білмейді: олар ерте ме, кеш пе жеңіледі. Бұл ретте өз денсаулығын ғана емес, туыстарына, жақындарына және қоршаған ортаға қауіп төндіреді!

"Былтыр, яғни жағдай бұдан да ауыр кезде санитарлық нормаларды сақтаудан басқа амалымыз болмаған еді, ал 2021 жылдың басынан бастап вакцинация басталды! Вакцинация пункттері медициналық мекемелерде, сондай-ақ қала тұрғындарына ыңғайлы болу үшін СОО, СҮ және адам көп жиналатын басқа да орындарда ашылды. Вакцинация бәріне тегін жүргізіледі. Оның бірнеше түрі бар", - деді ол.

Сондай-ақ әкім көршілес елдерде коронавирустың таралуы күшейіп жатқанын еске салды.

"Штаммдардың жаңа түрлері пайда болады. Өзге елдерде карантиндік қосымша шектеулер енгізіліп, жаңа инфекциялық стационарлар ашылып жатыр. Коронавирустың ең ауыр кезеңінде елордада төрт мыңнан астам төсек-орын аштық. Инфекциялық стационарларда нон-стоп режимінде сегіз мыңнан астам медицина қызметкері жұмыс істеді. Қазіргі уақытта біздің стационарларда 1000-ға жуық адам ем алуда. Төсек орындарының жүктемесі қазірдің өзінде 50%-ды құрайды!", - деді ол.

Алтай Көлгінов қалада қосымша шектеулер енгізгісі келмейтінін айтты.

"Бұл қала экономикасына, тұрғындардың әл-ауқатына әсер етеді. Сонымен қатар, күзде жаңа оқу жылы басталады. Бірақ балаларымыз үшін мектептерді қайта аша алмаймыз", - деп жазды ол.


zakon.kz жаңалықтарын оқыңыз
Жазбаларды көрсету

Көп оқылғандар

барлық жаңалықтар

ЖАҢАЛЫҚТАР

қате туралы хабарлау
Қате туралы хабарлау
Қате мәтін:
Түсініктеме:

Маңызды жаңалықтарды білгіңіз келе ме?