Субұрқақтағы оқыс оқиға: Жансақтау бөліміндегі әйел әлі есін жимады

22 Маусым 2021, 10:16
Сурет: youtube.com

Алматыда қыздарын құтқарамын деп токқа түскен әйел үшінші күн ес-түссіз жатыр. Зардап шеккен жасөспірімдердің бірінің де жағдайы ауыр. Екінші қыз палатаға ауыстырылған. Денесінен тоқ өткен 10 жастағы қыз бала ауыр шок алған дейді дәрігерлер, деп хабарлайды zakon.kz КТК-ға сілтеме жасап.

Қаладағы субұрқақтарға жауапты компания басшылары ақаудың қайдан шыққанын әлі түсіне алмай отыр. Дегенмен субұрқақтағы сұмдыққа қатысты полиция қылмыстық іс қозғады. Кінәлілер бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы да мүмкін. Жерде талып жатқан қыз бен анасы. Куәгерлердің айтуынша, екі жеткіншек субұрқақтың жиегінде ойнап жүріп ішіне де түскен. Тоқ сол мезетте ұрыпты. Екі қыздың жайын көре сала анасы да жанұшыра суға секірген. Алайда тоқтың күшінен өзі де сұлап түседі.

- Қараңыздаршы, екі адам түсіп, қазір ес-түссіз жатыр. Қыздар байқамай секіріп түскен де, тоқ ұрып, ұшып жатыр ана жерде. Мынаның ішінде тоқ бар деп айту керек! Ескерту жоқ еш жерде!

Тоққа түскендерді құтқаруға, ең бірінші боп 19 жастағы жігіт суға секірген. Абылай Балапанов алдымен әйелді жағаға алып шыққан. Содан қыздарды да құтқармақ болып суға түскенде өзін де тоқ ұрып қимылдай алмай қалыпты. Ал балаларға басқа адамдар көмекке келген. Студенттің ерлігін суда қалған қол ізінен көруге болды.

Абылай Балапанов:

- Бер жақта мамасы жатты, қыздың қасында, ал қызының футболкасы субұрқаққа ілініп, суда екпетінен жатты. Сол кезде мен түстім. Міне, іздері тұр ғой. Әне, қолдың ізі тұр, құлаған кезде ілініп қалған.

Қыздарын құтқармақ болып тоққа түскен 28 жастағы келіншек бүгін үшінші күн ес-түссіз. Сегіз жастағы қызы да ауыр халде жансақтау бөлімінде жатыр. Ал тоққа түскен екінші жасөспірім құрбысының қызы екен. 10 жастағы қыз палатаға ауыстырылған.

Лаура Мырзағали, Алматы қаласы қоғамдық денсаулық басқармасы басшысының орынбасары:

- Әйел ауыр жағдайда жатыр. Қазір жансақтау бөлімінде. Барлық медициналық көмекті көрсетіп жатырмыз. Ол азаматта көптеген жарақат бар. Қазір дәрігерлердің бақылауында. Бір Аллаға сыйынамыз, одан кейін өз білімімізге. Балалардың жағдайы жақсарып, осы өмірге қайтадан келеді деп ойлаймын. Әрі қарайғыны енді...

Ал қаладағы субұрқақтарға жауапты компания ақаудың қайдан шыққанын білмей отыр. Айтуларынша, субұрқақтың тостағын сол күні ғана тазалап тексеріпті.

Әлеуметтік желіде өзін ақтап құлаш-құлаш жазба қалдырған кәсіпкер балаларға бас-көз бола алмаған ата-аналарды кінәлі санайды.

Жанна Асанова, "Eco Almaty" ЖШС басшысы:

- Субұрқақта шомылуға болмайды, ол шомылатын жер емес. Ол қаланы көркейтіп, сумен ылғалдатып тұратын жабдық, бассейн емес. Алдында айттым, тақтайшалар да тұр. Сондықтан алдын ала көріп, біліп жүрген дұрыс.

Бірақ кәсіпкер айтқан тақтайшаларда тоқ туралы бір ауыз сөз жоқ. Ал цирк алдындағы субұрқақтың сыйқы: тоғын тексермек түгілі, шаңын да сүртпеген. Әр жерден тоқ сымдары жалбырап, кірден түбі көрінбейді. Тат басып, тасы үгітіліп жатыр. Түбінде адам өміріне қауіпті тоқ жәшігі де тұр. Қалай дегенмен де субұрқақтағы сұмдыққа қатысты полиция қылмыстық іс қозғады. Кінәлілер бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.


zakon.kz жаңалықтарын оқыңыз
Жазбаларды көрсету

Көп оқылғандар

барлық жаңалықтар

ЖАҢАЛЫҚТАР

қате туралы хабарлау
Қате туралы хабарлау
Қате мәтін:
Түсініктеме:

Маңызды жаңалықтарды білгіңіз келе ме?