Марина Никулина: Әлсіз деп саналғандар бәрінен мықты болып шықты

22 Маусым 2021, 11:48
Сурет: Марина Никулинаның архивінен

"Ең қайырымды, шыншыл әрі көңілді", – тарих пәнінің мұғалімі Марина Никулина балалығын онкология ұрлағандар туралы осылай әңгімелейді. Марина "Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты" АҚ жанындағы балалар онкологиясы орталығында және "Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы" жанындағы онкология және гематология бөлімшелерінде емделуде жатқан білім беруде ерекше қажеттілігі бар балаларды оқытады.

Он бір жыл тәжірибесі бар педагог zakon.kz порталына "Инклюзия" циклының аясында онкологиялық ауруы бар балаларды оқытудағы ең қиын және ең көңілді жағдаяттар туралы баяндады.

Мұғалімдер әулетінен шыққанмын, әжемнің және анамның ісін жалғап келемін және мұны мақтан тұтамын. Мұны борыш деп те, қажеттілік деп те айтуға болады.

Жұмысқа алғаш келгенімде-ақ бірден кірісіп кеттім, балаларды өз пәнім бойынша оқыту ғана емес, әр балаға жеке әдіспен келіп, жаныңмен кірісіп, әр сөзбен қолдау да ұнайды.

Бұған әдеттеніп алуға болмайтынын білемін, бірақ жыл өткен сайын бейімделіп, жарақат ізіне де, ампутациясына да, басқасына да қарамайтын болдым. Балалармен қарапайым оқушылармен сөйлескендей боламын, олардың өміріне төніп тұрған қауіпті диагноздарға да назар аудармайтын болдым.

Жұмысқа келіп, есікті жауып, жеке мәселелерімді сол жерде қалдырамын. Мен осы атмосфераға енемін, осылайша мына қабырғаларды, дәрі тамызғыштарды, қайғы-қасіретті көрмеймін. Менің ісім бар. Ең басты нәрсе үшін еңбектенемін – бір, екі, бес немесе он жылдан кейін менің бұрынғы оқушым қоңырау шалып, оның тірі және сау екенін айтуы үшін!

Маған туыстарым мен достарымның түсініп, қолдауы көмектеседі, бұл жақсылыққа сенуге және үміттенуге күш береді. Сондай-ақ маған балалардың болашаққа дұрыс көзқарасы ұнайды. Көбі мұғалім немесе дәрігер болғысы келеді, сонымен қатар ерікті болғысы келеді, әсіресе бастауыш мектепте оқитындар бұл туралы көп айтады.

Алдымен, әрине, мен әр бала үшін қатты уайымдадым және әлі де алаңдаймын, онсыз болмайды. Бірақ мен өзіме олар міндетті түрде сауығып, аурухана қабырғасынан сау және үлкен білім қорымен шығуы керек деген нұсқау бердім.

Әр бала әрқилы, бірақ бәрі қайырымды, сабырлы, еркін. Жұмыс істеген жылдарымда қырсық және ашушаң бала көрмедім. Бұл балалар өте төзімді. Ауруға шыдау керегін, берілмеу керегін біледі. Өздерімен бірге күнде көз жасымен және қорқынышымен күресіп жүрген, бірақ үміті сөнбейтін аналарын күнде көреді.

Балалар жас болғандықтан ауруының қаншалықты ауыр екенін түсіне бермейді (ерте жастан, 16-ға дейінгілер). Ересектері бәрін түсінеді, ақыры не боларын біледі. Үш есе кіші болса да өмірді менен көп білетіндей көрінеді. Бірақ мұнда бәрі жасқа байланысты емес, мәселе оқыған кітаптарының санында да емес. Ауыр сыннан өтіп жатқан адам – терезе алдында отырып-ақ тұңғиыққа батқан, тереңірек сезетін, жарқын көретін, жүрегімен еститін адам.

Әрине, ең мықты дәрі – сенім, достарыңның, жақындарыңның, дәрігерлер мен біздің, педагогтердің қолдауы.

Бөлімдегі оқу-тәрбие үрдісі толығымен реттелген. Біз әр баламен жеке айналысамыз және дәрігерлер бізге көп көмектеседі. Балаларды сабаққа шақырамыз, олар ауыр процедуралар мен қайғылы ойлардан алшақтайды. Сабақтар қазақ және орыс тілдерінде сынып бөлмесінде өткізіледі, онда балалар өзін аурухананың пациенті емес, қарапайым оқушылар сияқты сезіне алады.

Мұғалімдер сабаққа әр палатамен жеке-жеке дайындалады: карталар, бояу беттері, танымдық жаттығулар, қызықты мәтіндер, жеңілдетілген және сонымен бірге мазмұны бойынша толымды жаттығулар, тест материалдары. Кабинетте барлық пән мен сынып параллельдері бойынша оқулықтар, қосымша әдебиеттер бар. Егер бала ауыр процедуралардан немесе операциядан кейін болса және дәрігерлер оған оқуға рұқсат берсе, онда мұғалімдер онымен бірге палатада білім беріп қана қоймай, көңіл-күйін көтеруге тырысады. Баланың бөлімшеде болуының барлық режимі оның сауығуына бағытталған.

Мұғалімдер командасы үйлесімді және тату, үлкен жұмыс тәжірибесі бар. Дәрігерлермен, медперсоналмен және, әрине, менің достарыммен – қаламыздың бей-жай қалмайтын тұрғындарымен – біз осы күресте балалар мен олардың ата-аналарын қолдаймыз, олардың қиын күндерін шаттыққа толтыруға және өздерін қуантуға тырысамыз. Керемет адамдар көмектеседі, осы балалар үшін пайдалы және қуанышты нәрсе жасауға тырысады. Алғашқы қоңырау бойынша көмекке келіп жатады: олар балаларға ойындар, кітаптар, ойыншықтар, оқу құралдарын береді, жемістер, киім әкеледі.

Біз концерт ұйымдастырамыз, әртістер өнер көрсетеді, жануарларды жаттықтырушылардың қойылымдарын ұйымдастырамыз, сүйікті тағамдарымен дастархан жаямыз, сыйлықтар дайындаймыз. Барлығы аурухана (кейбіреулері үш ай және алты ай жатады, бұл балалар үшін көп уақыт!) әрдайым ауырсынумен, қайғымен және үмітсіздікпен байланысты болмауы үшін жасаймыз. Кез келген іс-шарамызда балалар күледі, қуанады, ауруын ұмытады.

Кейбір балалардың емі өте қиын болады. Бұл шаштың түсуіне, ауыр зардаптарға, ампутацияға және басқа салдарға әкелетін химиялық және сәулелік терапиялар. Бірақ, ештеңеге қарамастан, біздің балаларымыз күле алады. Олар шынымен өмір сүргісі келеді, үйренеді, қарым-қатынас жасайды, болашақ туралы армандай алады, жоспар құра алады. Бұл олардың өмірі, балалық шағы – осы аурухана қабырғасында өтеді.

Ал шашы түскеніне қатты алаңдайтындарға шаш бекер кетпейтінін, оның орнына үміт сыйлайтынын айтып жұбатамыз. Жаңа өмірге үміт дейміз. Ескі өмірді диагноздарымен қоса қырып тастайды дейміз. Жаңасы өседі, ай сайын бір сантиметрден өсіп отырады дейміз.

Жұмысымдағы ең қиыны – оқушыларымды жоғалту. Бұдан артық қиын және қорқынышты нәрсе жоқ. Бұған етің үйрене алмайды, бірақ бөлімшеден кетіп қалуға да болмайды: бізді күтетін, бізді керек ететін, оқығысы келетін басқа балалап күтеді.

Мен тек мұғалім емес, сонымен қатар бұл балалардың досымын. Бұл менің балаларым, мен оларды өте жақсы көремін және оларсыз өмірімді елестете алмаймын. Оларға өз кезегінде менсіз мүмкін емес болып көрінетін шығар. Барлық фотосурет, сабақтарымыз бен қарым-қатынасымыз – бәрін жадымда сақтаймын.

Ең қуаныштысы, хэппи-эндпен аяқталатын оқиға көп. Никита есімді бала туралы әңгімелеп берейін. Ол – жақсы бала, қатерлі ауруды жеңіп шықты, енді балалық шағын рахаттана өткізіп жатыр.

Никита бір жыл емделді, ол ауруханаға он жасында түскен. Қазір бала толығымен сау, үйінде тұрады, мектепке барады, аулада құрдастарымен сөйлеседі, қарапайым балалар сияқты ойнайды. Менің ойымша, балаларда бәрі оңай болады, олар жағымсыз сәттерге назар аудармауға тырысады. Никита мен жүздеген басқа балалар ауруханада өткізген күндерін ұмытып кетті деп үміттенемін.

Пандемияға, карантинге байланысты осы жалпыға ортақ оқшаулану кезеңінде біздің онкологиялық орталықтардағы пациенттеріміз бен басқа да ауыр науқастар ең мықтысы болды. Оларға оқшаулауға "үйреніп", әлеуметтік байланыстарды жоғалту, серуендеу, көкке шығу және күнделікті өмірдің басқа да қуаныштарынан айырылғанын ойлап өкінудің қажеті жоқ. Ғажайып емес пе?! Әлсіз әрі бақсытсыз саналғандар бәрінен де мықты болып шықты.

Оқшауланудың көкесін осылар біледі. Балалар ауыр науқастанғанда есейе түседі. Өмір сүріп, өміріне қуана біледі. Бірден емес. Мұның бәрі біз ойлағандай оңай бола қоймайды. Көбіне жақындарының көмегімен. Олар өмірдің әр күнінде ең басты нәрсені көре білуді үйренді. Не құнды, ал не құнсыз екенін біледі. Адамдарды тани біледі, ең жақын адамдарының жылуын сезінеді.

Онкологиялық бөлімшедегі балаларымыздың жағдайын осы карантин мен оқшауланудан кейін жете түсінетін шығармыз.

Бұл балаларды оқыта отырып, өгелерден, сау адамдардан басқасы не жасырғанын, не сыры барын жете түсіне бастағанымызға сенімдіміз. Өзара оқытамыз: оларға ғылым негіздерін оқытсақ, олар бізді төзімді әрі ұстамды болуды, махабатты, өмір сүруге деген ұмтылысты, жас төге отырып күлуді, ертеңгі күнімізге сену керегімізді үйретті!


zakon.kz жаңалықтарын оқыңыз
Жазбаларды көрсету

Көп оқылғандар

барлық жаңалықтар

ЖАҢАЛЫҚТАР

қате туралы хабарлау
Қате туралы хабарлау
Қате мәтін:
Түсініктеме:

Маңызды жаңалықтарды білгіңіз келе ме?