Волонтерлар Қазақстан экономикасына 4 млрдқа жуық пайда әкелді

22 Маусым 2021, 12:27
Сурет: pixabay.com

Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Волонтерлікті дамытудың 2021-2023 жылдарға арналған жол картасының орындалу барысы қаралды, деп хабарлайды zakon.kz.

Волонтерлік қазақстандықтардың азаматтық белсенділігінің маңызды формасына айналуда. Волонтер жылын өткізу нәтижесінде волонтерлік ұйымдар саны 3 есеге, белсенді еріктілер саны 4 есеге артты, делінген primeminister.kz сайтында.

Пандемия кезеңінде елімізде еріктілер 950 мыңнан астам азаматқа, оның ішінде гуманитарлық көмекті таратуда, мүмкіндігі шектеулі адамдармен, балалармен және жасөспірімдермен жұмыс істеуде және т. б. көмек көрсетті.

Өткен жылы құрылған волонтерлердің республикалық және 17 өңірлік фронт-офистерінің жұмысы жалғасуда. Осы жылдың І жартыжылдығында 113 мыңнан астам волонтердің қатысуымен 6 мыңға жуық іс-шара өткізілді.

Волонтерлікті дамытудың 2021-2023 жылдарға арналған жол картасы аясында 528 млн теңге сомасына 40-тан астам жобаны іске асыру көзделген. "TALAP" орталығының бағалауынша, 2020 жылы волонтерлердің Қазақстан экономикасына қосқан экономикалық үлесі 3,9 млрд теңгені құрады. Волонтерлік қызметтің ең көп үлесі денсаулық сақтау және әлеуметтік қызметтер саласына – 68%, абаттандыру және тазалық саласына – 12% тиесілі.

"Біз еріктілер қозғалысының зор әлеуеті мен нақты пайдасын көрдік. Сондықтан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасы бойынша биылғы жыл волонтерлік бастамалардың жалғасына айналды. Қоғамда өзара көмек пен қайырымдылық принциптерін одан әрі дамыту қажет", — деді Мамин.

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп волонтерлік қызмет мәселелері бойынша заң жобасын сапалы пысықтауды қамтамасыз ету және оны биылғы 1 шілдеге дейін Үкіметке енгізу, сарапшылармен бірлесіп волонтерлік қызметті қолдау стандартын әзірлеу және волонтерлікті одан әрі дамытудың негізгі бағыттары бойынша мемлекеттік органдарға ұсынымдар әзірлеу тапсырылды.

Премьер-Министр мемлекеттік органдарға құқықтық және психологиялық көмек көрсету, тарихи-мәдени мұра объектілерін сақтау, төтенше жағдайлардың салдарын жою және басқа да салаларда салалық волонтерлікке, оның ішінде цифрлық, онлайн-волонтерлік, эковолонтерлік үшін жағдай жасауды және жандандыруды тапсырды. Өңірлердің әкімдіктеріне еріктілер қозғалысын ынталандыру шараларын күшейту, тұрақты мониторинг жасау жүйесін жолға қою және осы жылдың 1 тамызына дейін 2023 жылға дейінгі Өңірлік жол карталарын қабылдау тапсырылды.

Үкімет басшысы Тәуелсіздіктің 30 жылдығын мерекелеу аясында волонтерлік ұйымдармен бірлесіп, Жалпыұлттық игі істер марафонын іске асыруға жұртшылықты кеңінен тарту қажеттігін атап өтті. Ақпарат министрлігіне мемлекеттік органдармен және Ұлттық волонтерлік желімен бірлесіп, үздік волонтерлік тәжірибелерді белсенді түрде насихаттау және барлық деңгейде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту тапсырылды.


zakon.kz жаңалықтарын оқыңыз
Жазбаларды көрсету

Көп оқылғандар

барлық жаңалықтар

ЖАҢАЛЫҚТАР

қате туралы хабарлау
Қате туралы хабарлау
Қате мәтін:
Түсініктеме:

Маңызды жаңалықтарды білгіңіз келе ме?