"Түркістан-Аренада" Жемқорлыққа қарсы "Oiqazan" деген ойын өтті

22 Маусым 2021, 15:21
Сурет: Арайлым Тастемір

Ағымдағы жылдың 21 маусым күні Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қайта құрылғанына 2 жыл және Түркістан қаласының облыс орталығы мәртебесіне ие болуына 3 жыл толуына орай, Түркістан облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Департаментінің ұйымдастыруымен және Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен "Білім. Бірлік. Болашақ" тақырыбында "OIQAZAN" интеллектуалды ойыны өтті.

Түркістан облысында тұңғыш рет ұйымдастырылған ауқымды шара – сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте білім мен зердеге (ой-санаға) басымдық беру арқылы жемқорлық көріністеріне қоғам болып төтеп беруді, саналы ортаны қалыптастыру арқылы бармақ басты, көз қысты әрекеттерге жол бермеуді көздейді.

"Түркістан – Арена" стадионында өткен шараға қатысқан Түркістан облысы әкімінің орынбасары Рашид Аюпов сыбайлас жемқорлықтан азат парасатты қоғамды қалыптастыру - әрбір ел азаматына жүктелген ортақ міндет екендігін және білім мен бірлік салтанат құрған елдің болашағы жарқын болатынын жеткізіп, қатысушы командаларға сәттілік тіледі.

"OIQAZAN" зияткерлік ойынына еліміздің бірқатар өңірлерінен 7 қатысушыдан құралған жалпы саны 35 команда қатысты. Топтық ойын түрінде өрбіген сайыста командалар білім мен біліктілік, пайым мен парасат, тапқырлық пен шапшаңдық қабілеттері бойынша сынға түсті.

Өзара бақ сынаған командалардың құрамында Алматы, Қызылорда және Шымкент қалаларында орналасқан жоғары оқу орындарының студенттері, облыс орталығындағы Халықаралық оқу ордасы мен бірқатар орта кәсіптік білім беру мекемелерінің білім алушылары және Түркістан облысына қарасты мемлекеттік, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, үкіметтік емес ұйымдардың мамандары, кәсіпкерлер, журналистер мен блогерлер, сондай-ақ қоғам белсенділері болды.

Интеллектуалды ойын сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, Түркістанның тарихы, ой ұтқырлығына құрылған сұрақтар бойынша 7 кезеңнен тұрды.

Жанкүйерлер тарапынан санитарлық талаптар мен арақашықтық ережелерінің сақталуы қатаң қадағаланып, оларға "Ashyq" қосымшасы арқылы кіруге рұқсат берілді.

Бірнеше сағатқа созылған білім бәсекесінің нәтижесінде Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментінің "Тұмар" командасы көш басынан көрініп, бірінші орынды және Түркістан облысы әкімі аппаратының атынан сынға түскен "Фараб" командасы екінші орынды, сондай-ақ Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Түркістан облысы бойынша Департаменті мекемесінің мерейін асырған "Қайнар" командасы үздік үштіктен көрінді.

Және Департамент тарапынан Түркістан облысының 13-аймақ екендігі ескеріліп, 13 орынды месе тұтқан Түркістан жоғары медицина колледжінің "Салауат" командасына "жұбаныш" сыйлығы тарту етілді.

Сондай-ақ, жеңіс тұғырынан көрінген үздік үш командаға тайқазан үлгісінде әзірленген кубок пен бағалы сыйлықтар және Түркістанның көрікті жерлерін тамашалауға мүмкіндік беретін арнайы сертификаттар табыс етілді.

Бұдан бөлек, медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай, Түркістан облысы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына - "жұбаныш сыйлығы" және Түркістан облысы бойынша Төтенше жағдайлар департаментінің жанкүйерлеріне "Белсенді жанкүйер" номинациялары мен сыйлықтар табысталды.

"OIQAZAN" интеллектуалды ойынында көрермен назарына концерттік нөмірлер ұсынылып, сайыс соңы салтанатты шараға ұласты.


zakon.kz жаңалықтарын оқыңыз
Жазбаларды көрсету

Көп оқылғандар

барлық жаңалықтар

ЖАҢАЛЫҚТАР

қате туралы хабарлау
Қате туралы хабарлау
Қате мәтін:
Түсініктеме:

Маңызды жаңалықтарды білгіңіз келе ме?