Тимур Құлыбаев Халықаралық Олимпиада күнімен құттықтады

23 Маусым 2021, 14:19
Сурет: ҚР ҰОК

Бүгін, 23 маусым күні Қазақстан әлем елдерімен бірге Халықаралық Олимпиада күнін атап өтіп жатыр, деп хабарлайды zakon.kz.

Соған байланысты Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Тимур Құлыбаев арнайы үндеу жасады:

Құрметті қазақстандықтар!

Бұл мереке, олимпиадалық қозғалыстың өзі сияқты, ешқандай шекараға қарамастан барлығын біріктіреді. Олимпиадалық қозғалыстың ең жоғарғы құндылығы – адам. Оның негізгі қағидаттары достық, өзара түсіністік пен ынтымақтастық екені анық.

Биыл біз үшін оңай жыл болған жоқ. Адамзат спортты қоспағанда, біздің өміріміздің барлық салаларына әсер ететін жаһандық сынаққа тап болды. Салдарынан Олимпиада ойындары кейінге шегерілді, әлем және құрлықтық чемпионаттар, халықаралық жарыстар тоқтатылды.

Олимпиада отбасы белгісіздік, спорт жарыстарын ұзақ күту сынды қиын кезеңді бастан өткерді. Десе де, біздің спортшылар ешқашан үмітін үзген жоқ. Біз спортшыларымыздың осы кезеңді сабырлық танытып абыроймен өткізгені үшін мақтан тұтамыз. Біздің атлеттер мектеп оқушыларына дене шынықтыру сабақтарын өткізіп, үй жағдайында жаттығуын жалғастырып көпке үлгі бола отырып, Олимпиада ойындарында еліміздің намысын абыроймен қорғауға деген армандарына адал болды.

Тіпті пандемия жағдайында да Ұлттық Олимпиадалық комитеті спортшылардың жаттығуға мүмкіндігінше тезірек оралуға арналған жұмыстарын жалғастырды.

Біз мемлекет пен үкімет басшысына осы қиын кезеңде олимпиадашыларға жан-жақты қолдау көрсетіп, оларды барлық қажеттіліктерімен қамтамасыз ете білгендері үшін, сондай-ақ, жабық оқу-жаттығу жиындарында жағдай жасап, спортшылар мен жаттықтырушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз еткені үшін ризашылығымызды білдіреміз.

Тура бір айдан кейін Токиода тарихи жазғы Олимпиада ойындары басталады. Олимпиада ойындарын бүкіл әлем бес жыл күтті. Өз кезегінде Қазақстан еліміздің үздік спортшыларын мақтанышпен және үлкен үмітпен Токиоға аттандырады.

Мен барлығын олимпиадалық құндылықтарды алға тарта отырып, бірлікке, өзара түсіністік пен адалдықты, достықты бағалауға, әрдайым үздіктермен тең болуға шақырамын.

Еліміздің түкпір-түкпіріндегі олимпиадашыларға қолдау көрсетейік! Қазақстанның олимпиадалық отбасы атынан барлық қазақстандықтарға денсаулық, бақ-береке және табыс тілеймін!


zakon.kz жаңалықтарын оқыңыз
Жазбаларды көрсету

Көп оқылғандар

барлық жаңалықтар

ЖАҢАЛЫҚТАР

қате туралы хабарлау
Қате туралы хабарлау
Қате мәтін:
Түсініктеме:

Маңызды жаңалықтарды білгіңіз келе ме?