Қаржы пирамидасы делінген фирма директорының інісі күтпеген мәлімдеме жасады

25 Маусым 2021, 11:07
Сурет: zakon.kz

Атышулы "Астекс.кз" компаниясының директоры Алмас Құрманғалиевтің қарызын інісі Шыңғыс Құрманғалиев өтейтінін айтып, күтпеген жерден мәлімдеме жасады, деп хабарлайды zakon.kz КТК-ға сілтеме жасап.

Миллиондаған қаржысын сеніп құйып, артынан сан соққан салымшылар бұл кезекті алдау болмасын деп алаңдайды. Тіпті уәдесін алу үшін бүгін кеңсесіне арнайы барды.

Алматылық Меруерт Жапасбай "Астекс кз" компаниясының қақпанына түскендердің бірі. 15 млн теңгесін ойланбай санап құйған. Артынан бармағын шайнап қалған келіншек енді желге ұшқан миллиондарын Алмастың інісі Шыңғыстан талап етуге келді.

Меруерт Жапасбай:

- Ақпараты қолжетімді, адам сендіретіндей болған соң, осыдан екі жыл бұрын ақшамды салдым. Өзіме қажет заттарды, жылжымайтын мүлікті алам деген ойда болғанмын. Енді қазір ақшаны қайтару жайлап басталып жатыр. Ай аяғына дейін толық соманы қайтарымыз деп уәде берді.

Меруерт секілді аңқаулығынан алданғандар көп. О баста "ағам үшін жауап бермеймін" деген Шыңғыс Құрманғалиевтің кенеттен тонын айналдыруы көбіне түсініксіз. Енді тек "Астекс кз"-нің өзіне тікелей ақшасын құйғандардың қаржысын қайтарамын деп отыр. Яғни арада делдал агент болған Мударабаның салымшылары үшін жауап бермейді.

Шыңғыс Құрманғалиев:

- Атыма кір келіп жатыр. Бір шетінен сол салымшылар мені таныған соң, ағама ойланбай сенді деп ойлаймын. Өтірік айтпай-ақ қояйын, алдымен өз абыройым үшін адамдарға көмектесемін деп шештім. Қазір аудит жүріп жатыр. Сол бойынша нақты ағамның компаниясына ақша салғандардың қаржысын қайтарамын.

Осыған дейін 160 салымшы 2 млрд теңгеге жуық ақшасын "Астекс кз" компаниясына аударып тақырға отырған. Ортада делдал "Мудараба капитал" мекемесі болды. Олар да өзін жәбірленуші ретінде жариялап, алданғандармен бірге полицияға арыз жазды. Көп уақыт өтпей қаржы пирамидасын ұйымдастырған компания директоры Алмас Құрманғалиев ұсталды. Сотқа дейінгі тергеу әлі аяқталмады. Ал Шыңғыс Құрманғалиев шынында салымшылардың ақшасын қайтара ма, әлде бұл кезекті айла ма? Оны уақыт көрсетеді.


zakon.kz жаңалықтарын оқыңыз
Жазбаларды көрсету

Көп оқылғандар

барлық жаңалықтар
қате туралы хабарлау
Қате туралы хабарлау
Қате мәтін:
Түсініктеме:

Маңызды жаңалықтарды білгіңіз келе ме?