Бердібек Сапарбаев: "FoodFest-Taraz" - көп балалы аналарға кәсібін ашуға нақты көмек

28 Маусым 2021, 12:25
Сурет: zakon.kz

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев "FoodFest-Taraz" фестивалі жеңімпаздарын марапаттау рәсімінде сөз сөйлеп, өңірдегі көп балалы аналардың кәсіпкерлікпен айналысуына қолдау көрсететін жаңа жобаларды жариялады.

"FoodFest-Taraz" фестивалінде әр ұлттың тағамдар көрмесі, "Бауырсақ пати" және концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Іс-шараға зиялы қауым, өңірдегі этно-мәдени бірлестіктердің өкілдері, кәсіпкерлер, арнайы орта оқу орындарының шәкірттері мен қала тұрғындары белсене қатысты.

Аталмыш фестиваль Тараз қаласы әкімдігінің және "Жамбыл облысы іскер әйелдер қауымдастығы" қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен алғаш рет өткізіліп отыр.

Өңірімізде жүзге жуық ұлт пен ұлыс бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешуде. Әр ұлттың тарихы, мәдениеті мен руханияты, одан қалды асханасы өз алдына бір игілік. Бүгінгі фестивальде біз осыған тағы бір мәрте куә болдық. Сонымен қатар, мұндай іс-шара көпбалалы аналар мен кәсібін бастаймын деген қыз-келіншектерге үлкен мүмкіндік, - деп атап өтті облыс басшысы.

Аталмыш шараның басты мақсаты - елімізде тату-тәтті өмір сүріп отырған әр ұлттың тағамдарын дайындау дәстүрлерін одан әрі насихаттау, мемлекет тарапынан грант алған және өз кәсібін бастаған көпбалалы аналарды қолдау және жастар арасында сұранысқа ие аспаз мамандығына деген қызығушылықты арттыру болып табылады.

Мысалға, биылғы жылдың 5 айының көрсеткіштерін сараптайтын болсақ, атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны былтырғы жылмен салыстырғанда 19 мың адамға азайған.

Бұл дегеніміз, жамбылдықтар қол қусырып, мемлекеттен көмек күтпей, жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, тиісілі гранттарды иеленіп, жеке шаруашылығын ашып, өз ісін дөңгелетіп қана қоймай, өңірдің әлеуметтік мәселелерін шешуге де айтарлықтай үлес қосып келеді.

Облыс әкімі екі мың жылдан астам тарихы бар көне Тараз шаһары ерте заманнан бері Ұлы Жібек Жолы бойында сауда-саттықтың үлгісін күллі әлемге паш еткен қала екендігіне баса назар аударды.

Ұлы Жібек жолында орналасқан Тараз қаласы - б.д.д 40-36 жылдары тарихи-мәдени, ғылыми орталықтардың бірі болып қалыптасқан. Бұл қалада көптеген елдердің саудагерлері аялдап, түрліше заттар əкеліп сатқан. Араб саяхатшысы Ибн Хаукальда қаланы: "Тараз – мұсылмандардың түріктермен сауда жасайтын қаласы" деп суреттейді.

Тараздың мәдениеті мен руханияты, сонымен қатар қонақжайлылығы ұрпақтан ұрпаққа жетіп, тарих беттерінде қалған. Ертеде Тараз қаласындағы сауда базарын көргендер "Тараз базары – әлем айнасы" дейді екен.

Міне, бұл үрдіс ел тәуелсіздігін алғаннан кейін де жалғасын тауып отыр.

Еліміздегі пандемия салдары орта және шағын бизнес жұмысының тұралауына алып келді. Бұл орайда кәсіпкерлер "Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып", бір-біріне көмек қолын созып жатқандығы жерлестерімізді қуантады, - деді Сапарбаев.

Екі күнге созылған фестиваль нәтижесінде сан алуан ұлттық тағамдарды дайындау бойынша түрлі номинацияда жеңімпаз танылған көпбалалы аналар тоңазытқыш, ас үйге арналған плита, қысқа толқынды пеш, мультиварка сияқты бағалы сыйлықтарға ие болды.


zakon.kz жаңалықтарын оқыңыз
Жазбаларды көрсету

Көп оқылғандар

барлық жаңалықтар

ЖАҢАЛЫҚТАР

қате туралы хабарлау
Қате туралы хабарлау
Қате мәтін:
Түсініктеме:

Маңызды жаңалықтарды білгіңіз келе ме?