Павлодар облысында қандастар туыстарының елге оралуына көмектесуді сұрайды

1 Шілде 2021, 16:53
Сурет: pavlodarnews.kz

Павлодар облысына қоныс аударған қандастар туыстарының елге оралуына көмектесуді сұрайды. Бұл жайында Ертіс және Ақтоғай аудандарына іссапармен барған арнайы топпен кездесу барысында айтылды, деп хабарлайды zakon.kz.

Рavlodarnews.kz мәліметі бойынша, өңірлік ақпарат және қоғамдық даму басқармасының мәліметі бойынша, кездесудің мақсаты - облысымызға шет елдерден және оңтүстік өңірлерден көшіп келіп жатқан қандастар мен жерлестердің жаңа ортаға бейімделуіне байланысты консультациялық-әдістемелік көмек көрсету.

Топ жетекшісі – Павлодар қалалық мәслихатының депутаты, "Otandastar qory" КеАҚ облыстық фронт кеңсесінің жетекшісі Болат Зауттың айтуынша, мұндай іссапарлар облыстың он ауданы мен үш қаласында жалғасатын болады.

Ертіс ауылындағы аудандық кітапханада өткен кездесуге ауданның жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің басшылары, жұмыспен қамту орталығының директоры, аудандық ПБ-нің көші-қон жөніндегі инспекторы, ауыл әкімдері, көшіп келген қандастардың өкілдері қатысты. Аудан әкімінің орынбасары Нығман Жүсіпов, Ертіс ауданына көшіп келушілердің "қандас" мәртебесін алып, үй-жаймен, жұмыс орындарымен қамтамасыз етіліп жатқаны туралы хабардар етті.

- Сіздермен ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында кездескеніме қуаныштымын, - деді Болат Заут. - Біздің жұмысымыздың негізгі бағыты қандастарға әдістемелік көмек көрсету, жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп көші-қонды реттеу болып табылады.

Сонымен қатар, Болат Заут кездесуге қатысушыларға Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайы шешімінің іске асырылуының барысы, қандастарды қолдауға арналған бірыңғай байланыс орталығы мен қоғамдық қабылдау жобасының жүзеге асырылуы туралы жан-жақты таныстырып, қандастарға мемлекет тарапынан көрсетілетін көмектер туралы толық ақпарат берді. Сондай-ақ, ол "Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы" РҚБ мен "Отандастар қоры" КеАҚ облыстық фронт-кеңселері, ғаламтордағы ресми сайттар, әлеуметтік желідегі аккаунттар, бірыңғай байланыс нөмері 1404-ке хабарласу жөнінде ақпарат берілді.

Кездесуде қандас бауырлардың өңірге көшіп келу барысында туындайтын мәселелер бойынша кеңес беріліп, Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сөйлеген сөзінен үзінді келтірілген бейнебаян, "Алыстағы ағайын" сериясымен түсірілген "Ұлы көш" деректі фильмі, қандастардың құжат рәсімдеуі бойынша дайындалған қысқаша роликтер көрсетілді.

Оңтүстік өңірден Жаңаөзен қаласына көшіп, қазір Ертіс ауданының Майқоңыр ауылында тұрып жатқан Башар Махамбет үй сатып алу барысында құжаттарды рәсімдеу бойынша қиындықтар болғанын атап өтіп, ауыл әкімдері осы мәселені реттеуін сұрады. Қызылорда қаласынан көшіп келген Дидар Мұратқызы қазіргі кезде Ертіс ауылында дайын тағам өнімдерін үйге жеткізу бойынша өз кәсібін ашқанын айтып, аудан басшылығына алғысын білдірді.

Қандастармен кездесу Ақтоғай ауданында жалғасты. Кездесуді Ақтоғай ауданы әкімінің орынбасары Ермек Машырықов ашып, кездесуге жиналған қауымды күн тәртібімен таныстырды.

Кездесу барысында тұрғындардың сауалдарына "Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы" РҚБ мен "Отандастар қоры" КеАҚ облыстық фронт-кеңсесінің мамандары, ақпарат және қоғамдық даму басқармасының бас маманы Ербол Теміров, аудандық жұмыспен қамту орталығының басшылары жауап берді.

Қытай Халық Республикасының Тарбағатай өңірінен Алматы облысына көшіп келіп, кейінгі жылдары облысымыздың Ақтоғай ауданына қоныстанған Бақай Ілежан, Кәбәй Еркін есімді азаматтар қандастар көшінің сұйылмауын тілеп, сол жақта қалған туыстарына эпидемиологиялық ахуал түзеліп, шекара ашылған соң елге оралуына көмек көрсетуді сұрады.


zakon.kz жаңалықтарын оқыңыз
Жазбаларды көрсету

Көп оқылғандар

барлық жаңалықтар

ЖАҢАЛЫҚТАР

қате туралы хабарлау
Қате туралы хабарлау
Қате мәтін:
Түсініктеме:

Маңызды жаңалықтарды білгіңіз келе ме?