Бердібек Сапарбаев Тараз қаласын дамыту жөнінде кеңес отырысын өткізді

28 Маусым 2021, 13:03
Сурет: gov.kz

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен Тараз қаласы әкімдігінің ғимаратында облыстық басқармалар мен қалалық бөлім басшыларының, коммуналдық шаруашылық кәсіпорындарының, құқық қорғау органдары өкілдерінің қатысуымен кеңес өтті.

Қала әкімі Ержан Жылқыбаевтың айтуынша, ағымдағы жылдың жоспары ауқымды. Тозығы жеткен үш мектептің жаңа ғимараты бой көтерсе, тағы бір жаңа мектеп салу жоспарлануда. 37 көппәтерлі үйдің құрылысы жүргізілуде, балалар алаңшасымен қамтылған 15 аула жөнделіп, Тастандиев көшесінен Майқы би көшесіне дейін, Ы. Дүкенұлы көшесінен Элеваторная көшесіне дейінгі су құбырлары қайта жаңғыртылуда десек, Көктем тұрғын алқабын газдандырудың екінші кезеңі басталған. Қант зауыты ауданын да газбен қамту жұмыстары қолға алынбақ.

ТКШ саласындағы мәселелерді шешу жүйелі жұмыстарды талап етеді. Осыған көңіл бөлген қалалық әкімдік коммуналдық саланы дамытудың үш жылдық жоспарын әзірлепті.

Шаһар аумағында «Асарлатып үй салу» жобасы бойынша 13 үй салынуда. 2021-2022 жылдары қала билігі 10 миллиард 284 миллион теңгенің 5 инвестициялық жобасын іске асыруға ниетті, ол бойынша 855 жаңа жұмыс орны ашылады деп көзделуде.

Сақалды құрылыс мәселесі де шешімін табуда. Атап айтсақ, 12 нысанның құрылысы жанданып, бір нысан пайдалануға берілген. «Қызыл» сызық талабын бұзған 47 дүңгіршектің 35-і бұзылған.

Ержан Жылқыбаев жұмыссыздықпен күрес шаралары туралы да тоқталып өтті. Жыл басынан бері жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен 3828 тараздық қамтылған.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қала басшысының есебін мұқият тыңдап, өзекті мәселелерге қатысты сауалдар жолдады.

455 адам қайтарымсыз грантқа қол жеткізген. Мүмкіндігінше мұндай қайтарымсыз грантпен көп адамды қамту қажет. Бұл көпбалалы аналарға өз бизнесін бастауға тамаша мүмкіндік, - деді облыс әкімі.

Сондай-ақ, Тараз қаласының әкімдігіне бұған дейін облыс орталығын санитарлық тазарту жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу тапсырылғандығын еске салды.

Қаланың әр бөлігінде әлі де қоқыс үйінділері азаймай тұр, - деді аймақ басшысы.

Әлеуметтік желілерде күн сайын жергілікті атқарушы органға қатысты түрлі пікірлер жазылуда. Қала тұрғындары жасыл желектердің күтім мәселесін көптен бері көтеріп келеді.

«Тектұрмас» кешенінің аумағындағы, «Қазақ халқына мың алғыс» монументінің жанында ағаштар қурап жатыр. Мен өзім барып, тексердім. Егер ешкім күтіп-баптамаса, оларды неге отырғыздық? - деп сұрады облыс әкімі.

Аймақ басшысы ирригациялық жүйелерді қалпына келтіруге айтарлықтай қаражат бөлінгенін, бірақ нәтижесі көрінбейтінін атап өтті.

Тағы бір маңызды тақырып – бұл қоғамдық көліктің жай-күйі.

Біз тұрғындарға лас және ыңғайсыз салондардың, кондукторлар мен жүргізушілердің мәдениетсіздігіне қатысты мәселелердің міндетті түрде шешілетініне уәде берген едік. Бірақ бұл бағыттағы жұмыстарды ешкім бақылап отырған жоқ. Электрондық билеттендіруді енгізу үдерісі де назардан тыс қалды. Жақсы жобаларды қолға алғанмен, аяғына дейін жеткізу керек, - деді облыс әкімі.

Сондай-ақ Бердібек Сапарбаев қала әкімдігіне құқық қорғау органдарымен, Төтенше жағдайлар департаментімен, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментімен бірлесіп базарлардағы өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету, санитарлық нормалардың сақталуын бақылау бойынша шаралар қабылдауды тапсырды.

Қала тұрғындары мерекелік шаралар өткізіп, қоғамдық орындарда бетпердесіз жүруде, барлығы карантиндік шараларды ұмытып кетті. Таразда вакцинация көрсеткіші төмен. Сақтық шараларын сақтап, ұжымдық иммунитетті дамыту арқылы ғана біз бұл вирусты жеңе аламыз, - деді облыс әкімі.

Бердібек Сапарбаев сонымен қатар жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға ойдағыдай көңіл бөлінбей отырғандығын алға тартты.

Жазғы демалыста балалар пайдалы істермен айналысуы керек. Өткен жылы ашылған спорттық-сауықтыру кешендерінің таңертеңнен кешке дейін жұмыс істеуі маңызды, сонда ғана балалар кез келген уақытта ол жерде жаттыға алады, - деді ол.

Егер балалар қадағалаусыз қалса, онда оның арты жақсы болмауы мүмкін.

Бір ғана мысал. «Қазақ халқына мың алғыс» монументінің жанында балалар бассейнде шомылуда. Қауіпті жерлерде велосипед және самокат тебуде. Ешкім оларды бақылап отырған жоқ. Учаскелік полиция инспекторларының жұмысын жандандыру қажет, - деді облыс әкімі Тараз қалалық полиция басқармасының бастығы Асылхан Заурбековке қарата.

Облыс әкімі басқосу барысында жарықтандыру жұмыстарын жүргізу, «Тектұрмас» кешені аумағында автотұрақтар ұйымдастыру, ыстық су беруді тоқтатпау, абаттандыру және көгалдандыру бойынша жұмысты күшейтуге қатысты бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді.

Кәсіпкерлермен өзара байланыс орнату керек. Олар өз аумақтарын ретке келтіріп, таза ұстауы тиіс, - деді облыс әкімі.


zakon.kz жаңалықтарын оқыңыз
Жазбаларды көрсету

Көп оқылғандар

барлық жаңалықтар
қате туралы хабарлау
Қате туралы хабарлау
Қате мәтін:
Түсініктеме:

Маңызды жаңалықтарды білгіңіз келе ме?