Біздің елде алаяқтың алаяқ екенін дәлелдеу қиын

10 Шілде 2021, 21:33
Сурет: facebook.com

Біздің елде алаяқтардың алаяқ екенін заң бойынша дәлелдеудің өзі қиын. Ал егер, қалтаңызды сыпырып кеткен суайттың туған-туысы мемлекеттегі ықпалды адамдар болса ше? Онда, алдымен өзіңнің сотталып кетпей, аман қалғаныңа шүкір деуге кеп қалдық, дейді желіде журналист Тоқтар Жақаш.

Әңгіме Гүлмира Уәлиева мен белгілі жазушы Сәбит Досановтың туған бауыры – Ғабит Досановтың арасындағы бірнеше жылдан бері нүкте қойылмаған дауда болып тұр.

2015 жылы Гүлмира мен Ғабит бір жиында кездейсоқ кездесіп, танысады. Ғабит өзін жолы болған "сойқан-бизнесмен" ретінде таныстырады. Елдегі көптеген тендерлерді ұтып алғанын, тіпті, Шығыс Азия мемлекеттерінде жемісті еңбек етіп жатқан компаниялары туралы сөз қозғайды. Гүлмира Ғабиттың іскерлік қабілетіне қатты қызығады. Өйткені, бұрын өзі де ірі кәсіпкерлікпен айналысқан, сол ісін жалғамақшы болып жүр еді. Іздегенге сұраған тап келгендей көрінген. Гүлмира қатты қуанды. Кәсіпкерлікті сенімді адамдармен ары қарай дөңгелентемін деп қуанған еді. Сол үшін бірнеше жыл қатарынан жеке қорына едәуір қаржы жинап тастады.

Сыр суыртпақтаған "сойқан-бизнесмен" ақкөңіл Гүлмираның осы жағдайын біле қояды. Сөйтіп, Гүлмирадан ірі көлемде қарыз сұрайды.

Шын мәнінде, Ғабит Досанов айтқандай ешқандай "мега-бизнес жобалары" да, тіпті, тендерді "түтіп" жатқан компаниясы да жоқ еді. Бірақ Ғабиттың сөзіне баладай сенген Гүлмира келісе кетеді. Сенбеске де сылтау жоқ еді. Ғабиттың туған ағасы қазақ әдебиетінің классигі, туған құдасы әлемдік деңгейдегі ірі саясаткер.

Гүлмира үйін сатып, одан түскен 600 мың долларын Ғабит пен оның серіктесіне қолхат арқылы бере салады. Ең қызығы, бірінші қолхатқа Ғабит Досанов өзінің "бизнес-әріптесі" Тоқтар Садуақасовқа (Садвакасов) қол қойдырып, әкетеді. Айтуларынша, бұл қаржыны Тоқтар Садуақасовтың атына тіркелген "ММС Company" ЖШС-н дамытуға жұмсамақ екен. Бір сенімге кіргесін қоя ма? Гүлмира мен әкесінде тағы біршама қаржы барын білген Ғабекең 2016-2018 жылдар аралығында тағы да түрлі қулықпен арбап, Гүлмираның сақтап отырған ақшасына қол жеткізеді. 230 мың доллар, сосын 170 мың доллар, одан кейін 1 млн 430 мың теңгесін тағы да Тоқтар Садуақасовтың қолхаты арқылы алып кетеді.

2016 жылы Ғабит Досанов пен Тоқтар Садуақасов Гүлмира мен оның әкесіне өздеріне тиесілі "Oz Sistem Kazakhstan" ЖШС компаниясына қаржы салуды өтінеді. Гүлмираның әкесі де кісіге қастығы жоқ, сенгіш адам екен. Бірден басындағы үйін сатып, әлгі компанияға 34 млн 436 238 теңге қаржы аударып тастайды. Әрине, бұл қаржы да кері қайтарылмайды.

Сатқан үйдің ақшасының едәуір бөлігін Гүлмира қызының атынан депозит ашып салып қойған еді. Одан да хабары бар Ғабит Досанов енді қайтсе де сол қаржыны түп-түгел қолға түсірудің амалын жасайды.

2017 жылы Ғабит Досанов өзінің банктегі есеп шотына 65 млн теңге инвестиция ретінде аударуды өтінеді. Алдап үйренген ауыз бұл қаржыны да кері қайтармайды. Бұл ақшаның бір бөлігіне туған апасына көлік сыйлап, оны Серік деген жездесінің атына жазады. Ал екінші бөлігін жиені Балғатайға су жаңа автокөлік әпереді. Қалған бөлігіне той жасайды. Сенімге әбден еніп алған Ғабит Досанов Гүлмираның әкесінің атындағы мемлекеттік нөмірі 010 ZA 02 "Ниссан Патрол" автокөлігін өз атына жаздырып алады. Бұл көліктің ақшасын да ешкімге төлеген жоқ. Қазір автокөлік Нұр-Сұлтан қаласында, Ғабит Досановтың жеке көлігі қызметін атқарып жүр.

"Алтын шыққан жерді белден қаз" деген мәтелді Ғабит Досанов мықтап ұстанған секілді. 2018 жылы Ғабит Досановтың "айналымдағы қаржыны толықтыру" деген сылтауына сеніп, Гүлмира "Актан KZ" ЖШС-не 50 млн теңге салады. Бұл ақшаны Ғ.Досановтың қойған адамы Д.Әлімбетов түгел ұрлап әкетеді. Кейін, бұл іс бойынша Д.Әлімбетов қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Д.Әлімбетов полициядан жасырынып, қашып кетеді. Қылмыстық іздестіру нәтижесінде "қашқын ұры" қолға түсіп, біраз шындықты мойындайды. Сот барысында қаржының көп бөлігін Ғабит Досановтың айтуымен "сойқан бизнесменнің" ұшақпен әрі-бері ұшуына, тамағына және ұйымдастырған шараларын қаржыландыруға жұмсалғаны белгілі болады.

Ғабит Досановтың жоқ бизнесін қолдаймын деп, Гүлмира осылайша тақырға отырды. Ғабиттың осыншама қаржыны кейін қайтаратын ниеті жоқ екеніне көзі жеткесін, Гүлмира Алматы қалалық полициясына арыз жазды. Бірақ "күштінің арты диірмен тартады" демекші, Ғабиттың атын естісімен, Алматы полициясы алаяқтық белгілері көзге ұрып тұрған істі азаматтық іске айналдырып, жауып жіберуге пейіл. Тіпті, бір рет негізсіз жауып та тастады. Бірақ шындық іздеген Гүлмираның енді тоқтайтын ойы жоқ. ҚР Президенті әкімшілігіне, полицияға, прокуратураға толассыз хат жазуда. Соның арқасында бұл істі қайта қозғауға Бостандық аудандық прокуратурасы қаулы қабылдады. Бірақ полиция өкілдері одан әрі нақты әрекет жасамай отыр. Сірә, заңда қарастырылған "қылмыстық қудалау мерзімін" өткізіп жіберіп, Ғабит Досанов пен Тоқтар Садуақасовты жауапкершіліктен құтқарып жібергісі келетін сияқты. Қылмыстық істегі "алаяқтық белгілерді" көрсе де көрмегенсуін басқаша жору да мүмкін емес.

Қазір Гүлмира баспанасынан айырылып, үш баласымен пәтер жалдап күн көріп жатыр.

Ал полициямыз әділ болса, ешкімнің лауазымы мен фамилиясына қарамастан, ҚР Конституциясы, "Қылмыстық Кодексі" мен парламентіміз мақұлдаған халықаралық заңдарды басшылыққа алады деп сенгіміз-ақ келеді, дейді пост авторы.

Суретте солдан оңға қарай: Ғабит Досанов және Тоқтар Садуақасов.


zakon.kz жаңалықтарын оқыңыз
Жазбаларды көрсету

Көп оқылғандар

барлық жаңалықтар

ЖАҢАЛЫҚТАР

қате туралы хабарлау
Қате туралы хабарлау
Қате мәтін:
Түсініктеме:

Маңызды жаңалықтарды білгіңіз келе ме?