Еңбек министрлігі еліміздегі орташа зейнетақы көлемін атады

12 Шілде 2021, 10:07
Сурет: zakon.kz

Жыл басынан бері қазақстандықтарға 1,3 триллион теңгеден астам зейнетақы төленді. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарламасында айтылады, деп хабарлайды zakon.kz.

2021 жылдың қаңтар - маусым айларында республикалық бюджеттен базалық зейнетақы төлеуге 410,8 млрд теңге, ынтымақты зейнетақы төлемдеріне 928,9 млрд теңге бағытталды. 2021 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша зейнеткерлер саны 2 млн 239 мың адамды құрайды, делінген Еңбек министрлігінің хабарламасында.

Атап айтқанда, 2021 жылғы маусымда республикалық бюджеттен зейнетақы төлемдеріне 222,3 млрд теңгеден астам, оның ішінде базалық зейнетақыны төлеуге – 68,2 млрд теңге, ынтымақты зейнетақыны төлеуге – 154,1 млрд теңге бағытталды.

Зейнетақы төлемдерінің орташа мөлшері (оның ішінде базалық зейнетақы) 2021 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша 99 898 теңгені құрады, деп атап өтті құзырлы орган.

Еске салайық, 2018 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі, оның зейнетақы жүйесіндегі тәжірибесін ескере отырып, әр алушыға жеке тағайындалады.

Бұл ретте 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ынтымақты жүйеде жұмыс істеген уақыты, сондай-ақ міндетті зейнетақы жарналары төленген кезеңдер (бұдан әрі - МЗЖ) зейнетақы жүйесіндегі еңбек өтіліне қосылады.

Сонымен, егер зейнетақы жүйесіндегі жұмыс өтілі 10 жыл немесе одан аз болса, сондай-ақ егер мүлде жоқ болса, базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54%-ын құрайды, содан кейін 10 жылдан асқан әр жыл үшін оның мөлшері 2%-ға артады. Мысалы, егер сіз 20 жыл қатыссаңыз, базалық зейнетақы күнкөріс деңгейі құнының 74%-ды, 30 жыл – күнкөріс құнының 94%-ын құрайды. 33 және одан да көп жыл жұмыс өтілі болса, күнкөріс құнының 100% жоғары мөлшерінде белгіленеді.

Егер бір ай ішінде МЗЖ бірнеше рет Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына жасалса, жинақтаушы жүйеге қатысу мерзімі бір айды құрайды.

Осылайша, міндетті зейнетақы жарналары неғұрлым тұрақты және толық салынатын болса, зейнетақы жасына жеткенде базалық зейнетақы төлемдерінің мөлшері соғұрлым көп болады.

Өз кезегінде, жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшері 1998 жылғы 1 қаңтардағы жұмыс өтіліне (кем дегенде 6 ай қажет) және зейнеткерлікке дейінгі кезеңде алынған орташа айлық табысқа байланысты болады.


zakon.kz жаңалықтарын оқыңыз
Жазбаларды көрсету

Көп оқылғандар

барлық жаңалықтар
қате туралы хабарлау
Қате туралы хабарлау
Қате мәтін:
Түсініктеме:

Маңызды жаңалықтарды білгіңіз келе ме?