Мәжіліс депутаттары Атырау облысы тұрғындарымен кездесті

12 Шілде 2021, 11:36
Сурет: баспасөз қызметі

Мәжіліс депутаттары Дүйсенбай Тұрғанов және Нұрлыбек Ожаев Атырау облысының Исатай ауданына жұмыс сапарымен барды, деп хабарлайды zakon.kz.

Қос депутат 2022 жылдың соңына дейін аяқталуға тиіс Атырау-Астрахань күре жолының құрылысымен танысты. Пандемия кезінде жол салу жұмыстары тоқтамағанымен, жергілікті тұрғындардың айтуынша, құрылыс баяу жүруде. Мәжіліс депутаттары осы мәселенің жай-жапсарымен танысып, құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан мекеме өкілдерімен жүздесті. Айта кету керек, қазір 277 шақырым жолдың 53 %-тен астам бөлігі аяқталған.

Өз кезегінде, депутат Ожаев:

- Қазіргі уақытта ел іші қауіпті індеттен зардап шегіп отырғанда, жол салу жұмыстарының тоқтамай жүргізілуі көңілге қуаныш ұялатады. Десе де, бұл мәселе халықтың көп жылдан бері күткені, әбден шынбайынан өткені де белгілі. Себебі, жол - елмен елді, ауылмен ауылды қатынастыратын негізгі көрсеткіштің ажырамас бөлігі. Сол үшін де маңызы мен мәні биік осы жол құрылысының сапалы жүргізіліп, уақытылы аяқталуы басты назарда болады, - деді.

Сапар барысында халық қалаулылары Исатай ауданының орталығы Аққыстау ауылында тұрғындармен жүздесіп, олардың өтініш-тілектерін тыңдады. Тұрғындар экологиялық мәселелерді ортаға салып, ұсыныстарын да жеткізді. Қазір аудан су тапшылығының салдарынан қиындық көріп отыр. Өйткені, жайылым мен шабындыққа су шықпай, төрт түліктің жағдайы қиындаған. Одан бөлек, Каспий теңізі деңгейінің төмендеуіне байланысты қалыптасқан қиындықтар да айтылды. Мәжіліс депутаттары аталған мәселелердің оң шешілуіне күш салатындарын жеткізді.

Одан әрі депутаттар Жанбай ауылына арнайы ат басын бұрып, тұрғындармен кездесті. Жанбайлықтар өздерін толғандырған түйткілді мәселелерін ортаға салды. Халық қалаулылары әр мәселенің уақытылы шешім табатынын айтты.


zakon.kz жаңалықтарын оқыңыз
Жазбаларды көрсету

Көп оқылғандар

барлық жаңалықтар

ЖАҢАЛЫҚТАР

қате туралы хабарлау
Қате туралы хабарлау
Қате мәтін:
Түсініктеме:

Маңызды жаңалықтарды білгіңіз келе ме?