Айлығымыз 51 мың теңге! Алматыда метро құрылысшылары ереуілге шықты

13 Шілде 2021, 09:53
Сурет: gov.kz

Алматыда азық-түлік дүкендеріне дейін қарызға батқан метро құрылысшылары жалақысының көтерілуін талап етіп жер бетіне шықты. Қара жұмысқа жегіліп, жер астында ерінбей еткендердің еңбегіне алатын айлықтары небәрі 51 мың 663 теңге екен, деп хабарлайды zakon.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.

15 жылдан бері басшылары жалақысын 15 теңгеге де көтермеді дейді олар. 51 мың теңге айлықпен отбасын асыраған құрылысшылардың соңғы мәрте қашан ет жегені есінде жоқ. Алматылықтардың жер астымен жүйіткіп жүргені осы жігіттердің еңбегі. Әдетте бұл сағатта олар 25 метр тереңдікте жол салып жатуы тиіс еді. Алайда күн-түн демей, қажырлы еңбегімен жер қазған жұмысшылар бүгін жұртқа мұңын жеткізу үшін жер бетіне шықты.

Пахрдин Мұсалиев, "Алматыметроқұрылыс" АҚ жер асты үңгушісі:

- Жұрт бізді 200-дің үсті, көп алады деп ойлайды. Егер сенбейтін болсаңыздар, есеп парақшасын көрсетуге болады. Соңғы қымбатшылықты білесіз, қандай болып жатқанын, ол ештеңеге де жетпейді. Тіпті оны айтып жатудың еш қажеттігі жоқ.

Журналистерге жалақы түбіртегін көрсеткен құрылысшылар бет-жүзін төмен қаратты. Сөйтсек, "Алматыметроқұрылыс" компаниясының ең ауыр жұмысын атқаратын азаматтардың айлығы бар-жоғы 76 635 теңге. Зейнетақы мен медициналық сақтандыру қоры, тағы кәсіподақ жарнасын төлегенде, қолға тиетіні небәрі 51 663 теңге!

Метро басшылығы айлықтарын 15 жылдан бері 15 теңгеге де көбейтпепті. Елдегі ең ірі мегаполистің метросын салған мамандар азық-түлікті қарызға алып, ал етті тек түсінде көреді екен.

Дауытбай Алмат, "Алматыметроқұрылыс" АҚ жер асты жұмысшысы:

- Айтсақ, "қарызбыз біз" дейді. Ол бастықтың бізге айтқаны: сендердің айлықтарың 60 мың! 60 мың теңге азық-түлікке кетті. Оның ішіне етті қоспаңыз. Ет ол бөлек, етті қарызға барып алады тағы біреуден. Сонымен қарызға істеп жүр былай қарап тұрсаңыз. Біз шахтердің де жұмысын істеп жатырмыз, құрылысшының да жұмысын істеп жатырмыз, сылақшы, техничка дейді, жер астында солардың бәрінің жұмысын істеп жатырмыз. Метро жүрсін деп жүрміз.

Тоннельдегі құрылысшылардан гөрі, түрмедегі қылмыскерлердің жағдайы әлдеқайда жақсы ма дерсің. Жер астында күні бойы жер қазатын 100-ге тарта жұмысшы қуықтай ғана бөлмеде жуынады. Төрт адамға арналған тар моншада түн ортасына дейін ұзын-сонар кезек. Оның өзі қабырғасын көк басып, төбесі құлағалы тұр. Жұмысшылардың киім ауыстыратын бөлмесі. Бөлме деп айту қиын. Вагон. Мұнда 200-ге тарта темір шкаф бар. Бірақ жұмысшылар мұнда тек киім ғана ауыстырмайды, осында жуынады, тамақ ішеді. Терезенің барлығы бітеу. Ал жер астындағы жағдай қандай екенін ойлай беріңіз ... Тазалықтан жұрдай жерде тышқан қаптаған. Көгерген иіспен тыныстап, шаң жұтқан құрылысшылардың біразы денсаулығынан айырылып, ендігі мүгедек атанған. Алайда жер астында жүріп тапқан дертті емдеуге компания көк тиын де төлемейді екен. Жұмысшылардың жағдайына басы ауырмаған басшылар басы ауырғанын сылтауратын сұхбат беруден қашты.

Дастан Ержекенов, "Алматыметроқұрылыс" АҚ тау-кен департаментінің директоры:

- Мен ол кісілерге айтам, мені түсірмей-ақ қойыңызшы, мен ауырып тұрмын, шын айтамын.

Құрылысшыларға қамқор болады деп мемлекет осы нысанға бекіткен маслихат депутатына да шағымданыпты. Онда халық қалаулысы құрылыс басына келген. Алайда артынша коронавирусқа шалдықтым деп, ат ізін кесіпті. Содан бері үш ай өткенімен, депутат отандық дәрігерлерге сенбейтін болса керек, шетелге тағы емделуге кетіпті.

Есенгелді Талбидинов, Алматы қаласы мәслихатының депутаты:

- Мен емге шетелге кеттім. Шетелде емделіп жатырмын. Қазір шетелдемін. 18-шілдеде боламын.

- Сіз біздің бұл хатты жұмысшылардың жазғанын біреуге тапсырдыңыз ба, біреуге айтып кеттіңіз бе?

- Түсінбедім мен сені. Маған өйтіп сөйлемеші бауырым, мен сол кезде айттым, ол мәселені көтереміз деп, біріншіден, сендердікі метроқұрылыс жекеменшік компания, оған біз қатты тиісе алмаймыз. Өйткені өздері біледі.

Елді тиыннан тарықтырған алпауыт компанияға осылайша ешкімнің тісі өтпей тұр. Десе де жұмысшылары бұдан былай 51 мың теңге айлыққа төзбейді. Олар метро құрылысын тоқтатып, үйді-үйіне тарасты.


zakon.kz жаңалықтарын оқыңыз
Жазбаларды көрсету

Көп оқылғандар

барлық жаңалықтар

ЖАҢАЛЫҚТАР

қате туралы хабарлау
Қате туралы хабарлау
Қате мәтін:
Түсініктеме:

Маңызды жаңалықтарды білгіңіз келе ме?