Әбсаттар қажының қазасы - барша мұсылман қауымының ортақ қайғысы

15 Шілде 2021, 11:36
Сурет: ҚМДБ

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Әбсаттар қажы Дербісәлінің қазасына байланысты марқұмның отбасына, барша мұсылман қауымына көңіл айтты, деп хабарлайды zakon.kz ҚР ҚМДБ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Әбсаттар қажы Дербісәлі дүниеден озды. Осындай қайғылы хабар жанымызға қатты батып отыр. Ғалымның ауыр хәлде жансақтау бөліміне түскенін естіген сәтте Діни басқарма қызметкерлерімен дұға еткен едік. Алланың әміріне амал бар ма?! Жалған дүниемен қош айтысатын уақыты жеткен екен. Марқұмның отбасына, туған-туыстарына, барша мұсылман қауымына қайғыра көңіл айтамын. Алла алдынан жарылқасын. Иманы саламат болғай. Ғұмырын ғылым мен білімге, діни ағарту саласына арнаған Әбсаттар қажы Бағысбайұлы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасын басқарған 10 жылдан астам уақыт аралығында мүфтияттың оқу-ағарту саласын жаңа деңгейге көтерді" делінген Бас мүфтидің көңіл айту жеделхатында.

Оның айтуынша, ғалымның қаламынан туған ғылыми еңбектер мен ғибратты шығармалар өз оқырмандарын ізгілік пен ізденіске, имандылық пен адамгершілікке үндей беретіні сөзсіз.

"Бас мүфти лауазымына сайланған сәтте батасын беріп, Діни басқарма жұмысын жандандыру бойынша ақыл-кеңесін айтып, жанашырлық ниетін білдіріп еді. Мүфтияттың құрылғанына 30 жыл толуына орай ұйымдастырылған халықаралық конференцияға да келіп, мазмұнды баяндама жасады. Діни басқарманы әр жылдары басқарған Бас мүфтилердің елорда төрінде басқосуы тарихи сәттердің біріне айналды. Әбсаттар қажы Дербісәлі Бас мүфти болған кезде қызметке деген ұқыптылығымен, іс-қағаздарды жүргізу барысында тиянақтылығымен, басқару ісінде ақылгөй басшы қасиетімен, адамдармен тіл табысуда зиялы болмысымен, ғылыми ізденісте табандылығымен, т.б. үлгі болар сипаттарымен есте қалды. Мұндайда ол кісі туралы өткен шақпен естелік жазу қандай ауыр десеңші?! Алла Тағала қадірлі ағамызды панасына алғай. "Достан – дұға" дегендей, ендігі қолдан келер іс – марқұмға Алладан жарылқау тілеу, Құран бағыштау. Жаныңыз жәннатта болсын, Хазірет!» делінген көңіл білдіру хабарында.


zakon.kz жаңалықтарын оқыңыз
Жазбаларды көрсету

Көп оқылғандар

барлық жаңалықтар

ЖАҢАЛЫҚТАР

қате туралы хабарлау
Қате туралы хабарлау
Қате мәтін:
Түсініктеме:

Маңызды жаңалықтарды білгіңіз келе ме?