Әділдік жоқ! Шымкентте жасөспірім еш дәлелсіз 5 жылға сотталды

22 Шілде 2021, 10:08
Сурет: 24kz

Шымкентте сегіз жасар қызды зорламақ болды деп айыпталған жасөспірім 5 жылға сотталды. Апелляциялық сот 15 жасар Аймұрат Айбекке тағайындалған ауыр жазаны өзгертусіз қалдырды, деп хабарлайды zakon.kz КТК-ға сілтеме жасап.

Ауыр жазаға кесілген жасөспірімнің ісін апелляциялық сот жабық есікте өткізді. Жасөсіпірімнің туыстарының айтуынша, қыздың психикалық ауруы туралы анықтама мен оның ешқандай бүлінбегені туралы құжаттарды да сот тағы да назарға алмапты.

Айнұр Әділова, сотталушының анасы:

- Кішкентай баланың тағдырына бұлар балта шауып жатыр. Кішкентай баланың тағдырын құртып жатыр. Әділ шешім сұраймыз. Дәлелсіз, иә. Бізде бүкіл қағаз бар, сараптаманың бәрін дайындадық, бірақ Шымкентте әділ шешім жоқ.

Жағдай былтыр жазда болған. Қыздың отбасы Аймұраттың үйінде бір бөлме жалдап тұрған екен. Бір күні сегіз жасар қыз анасына қожайын ұлдың өзіне тиісіп зорлағысы келгенін айтыпты. Қыздың анасы ашумен бірден полиция шақырып, олар оқушыны үйінен жедел ұстап әкетіпті. Бірақ жеткіншек қыздың психикалық ауруы бар екенін ескермеді, енді ұлға обал болды дейді сотқа келген қыздың шешесі.

Айгүл, жәбірленушінің анасы:

- Он күннен кейін шәй ішіп отырған кезде қызым "Аймұрат тәте қайда?", - деді. "Аймұрат тәтеңді қамап қойды ғой, сен тиісті деп айтқан соң" деген едім, "мен оны түсімде көрдім ғой, мен оны бекер айтыппын ғой түсімді, соған бола Аймұрат тәтемді қамап қойды ма?" деп айтты. Сосын мен тергеушіге бардым, мен қайтып алам арызымды, қайтып алам деп, тергеуші: "арызыңызды қайтып ала алмайсыз, қайтып алсаңыз өзіңіз 10 жылға қамалып кетесіз, мен сізге арызыңызды бере алмаймын" деп айтты.

Сотталушының қорғаушысы істе шикілік тым көп деп отыр. Полицейлер баланы қорқытып, сексуалдық сипаттағы әрекетке бардым деп күштеп жаздыртты дейді. Мұны сотталушының өзі айтып берген. Екіншіден, қыздың ақыл-есі кеміс деген сараптаманы сот назарға алмаған. Үшіншіден, қызды тексерткенде денесінен ешқандай зорлық-зомбылық белгілері анықталмады дегенді айтады.

Жарылқап Өмірзақов, адвокат:

- Әр сараптамада бір-біріне қарама-қайшы болған кезде, сот оны жоюға әрекет жасау керек, көз жеткізу керек. Мынау ҚК талаптарына сай болжамдарға сілтеме жасауға болмайды. Болжаммен адам соттауға болмайды.

Апелляциялық сот шешімді мың ойланып, дәлелдерге сүйене отырып шығардық дейді. Бірақ заңнамаға сәйкес мұндай істе ашық айтуға болмайтындықтан, дәлелдерді жарияламаймыз дегенді алға тартты.

Ербол Жанғазин, Шымкент қаласы сотының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының төрағасы:

- Енді бір нақты әрекеттер жасады, зорлық-зомбылық әрекеттер жасады. Жыныстық тиіспеушілікке қатысты. Сізге бәрін анандай сөздермен айтып, ол мына кісі жаңа айтып қалды ғой, сондай мәселелер. Оның бәрін біз айтуға міндетті емеспіз. Негізі жабық сот отырысы.

Екі күн бұрын ғана 16 жасқа толған жасөспірім әзірше уақытша қамау абақтысында отыр. Бірақ соңғы соттың шешімі күшіне енген соң колонияға ауыстырылуы тиіс. Алайда баланың жақындары мен жәбірленуші тарап енді үкім күшін жойсын деген талаппен Жоғарғы сотқа арызданбақшы.


zakon.kz жаңалықтарын оқыңыз
Жазбаларды көрсету

Көп оқылғандар

барлық жаңалықтар

ЖАҢАЛЫҚТАР

қате туралы хабарлау
Қате туралы хабарлау
Қате мәтін:
Түсініктеме:

Маңызды жаңалықтарды білгіңіз келе ме?