Жаңалықтар тізбегі
0

Президент қазақ елінде жаңғыру дәуірі басталатынын жариялады – Бақытбек Смағұл

Бақытбек Смағұл, сурет - Zakon.kz жаңалық 16.03.2022 19:07 Сурет: parlam.kz
Мәжіліс депутаты, Amanat фракциясының мүшесі Бақытбек Смағұл мемлекет басшысының Қазақстан халқына жолдаған жолдауына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бақытбек Смағұл бұл жолғы жолдау Қазақстанның шыңдалуына, шыңды алуына бастайды деп есептейді.

Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі жолдауында қазақ елінің төл жаңғыру дәуірі басталатынын жария етті. Бұл ретте Қасым-Жомарт Кемелұлы «реформация» деген бейнелі терминді ауызға алды. Мысалы, XVI ғасырда Еуропада жүрген реформация тұтас дәуірдің жарқын символына айналғаны мәлім. Мұндай жаңғыруға гуманизм идеалдары негіз болды. Тарихтан білеміз, кейін «қасиетті» атанған Мартин Лютер ықпал еткен Батыс елдеріндегі реформация дінді қарадүрсін схоластикадан «Жаратқан Ие мен адам арасындағы тікелей, әрі ашық диалог» қалыбына көшірді. Шіркеу жоралғылары халыққа түсінікті тілде жүргізілетін болды, дінмен біте қабысқан билік бұқараға мейлінше жақындай түсті. Еуропа халықтарының ахуалы жақсарып, ауқаты артты. Бақытбек Смағұл

Мәжіліс депутатының айтуынша, Тоқаевтың Қазақстандағы реформациясы зайырлы билікті әр қазақстандыққа барынша жақын етуге, мемлекет пен халық арасындағы диалогты күшейтіп, елдің билікке сенімін нығайтуға бағытталған. Ол бүгінгі жолдау арқылы президент ел перзенті екенін білдірді деп есептейді.

Халық күткен, қоғам біраздан ілгерілеткен күн тәртібін, өзекті мәселелерді көтерді және солардың нақты шешімін ұсынды. Шыны керек, іргедегі бауырлас елдер соғысып, батыс жұрты көмекке келіп, геосаяси дауыл тұрып, әлем әлемтапырық болып жатқанда кейбір саясаттанушылар, сарапшылар тарапынан «Қазақстан Президенті ірі саяси бастамаларын кейінге қалдыратын болар» немесе «реформаларының бесінші топтамасын шолтиған, қысқартылған күйде жариялайтын шығар» деген ой-пікір айтылып қалды. Бұл ретте Мемлекет басшысы ел үмітін ақтады, ер сөзінде тұрды. Оның Жолдауындағы саяси бастамалар ауқымымен таңғалдырды, тәнті етті. Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл

Бақытбек Смағұл жаңа облыстардың құрылуы мәселесін жұртшылық біраздан көтеріп келе жатқанын айтып отыр. Депутат жолдау арқасында жаңа 3 облыс пайда болатынына қуанышты. Бұл қадам өңірлердің, қалалардың қайта түлеуіне, жаңғыруына жол ашады деп есептейді.

Парламенттің рөлі күшейтіледі. Қазақстан пропорционалды-мажоритарлық, яғни аралас сайлау жүйесіне көшеді. Бұл жүйе партияларға да, жекелеген тұлғаларға да өз әлеуетін жарқырата ашуға мүмкіндік береді. Сайлаушылар ел үмітін ақтамаған, уәдесін сақтамаған депутаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатуға ықпал ете алатын болады. Мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылту науқаны басталады. Қоғамның сұрауымен елде Конституциялық сот құрылады. Елдегі саяси реформалардың алдыңғы төрт топтамасын пысықтауға зор үлес қосқан Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі таратылып, оның орнына ата-баба дәстүрінен тамыр тартқан, қазақылыққа жақын Ұлттық құрылтай құрылады. Бақытбек Смағұл

Amanat фракциясы мүшесінің сөзінше, қазіргі жаһандағы күрделі жағдай, іргеде бейбіт аспанды қара бұлттың торлауы, елдегі пандемия тудырған экономикалық дағдарыстың жаңа күйзеліске ұласу қаупі көптеген азаматтардың бойында физикалық-психологиялық күш-қуаттың сарқылуына, басқа түскен ауыртпалықтан қажып, торығуға соқтырғандай.

Осы орайда Президент халық бойына сенім құя сөйледі: әлемде терең күйзеліс бар, бірақ дүрлігуге себеп жоқ. Қазақстан кең ауқымды дағдарысты еңсеру үшін қажет барлық резерв пен құралдарға ие.Жаңа реформалар арқасында Жаңа Қазақстанымыз алдағы замандардың сыны мен тезіне төтеп берерлiк күштi бойына жинайды, тұлғалана түседі. Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауында жария еткен саяси реформалар мен бастамалар – соңғысы емес. Олар әрі қарай жалғасын табады. Ең бастысы – Қазақстан үшін қазір ширығу, шыңдалу, сөйтін жаңа шыңдарды алу кезеңіне өту. Бақытбек Смағұл

Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдау жариялады.

Бүгінгі Жолдаудың мән-маңызы айрықша. Оның арқалайтын жүгі бір жылмен шектелмейді, ауқымы кең, мазмұны да бөлек. Біз алдымызға биік мақсаттар қойып отырмыз. Өздеріңізбен бірге Жаңа Қазақстанды құруға кірістік, – деді президент.
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: