Оқу-ағарту министрі баланы мектепке ерте дайындаудың маңызы туралы ескертті

бала, балабақша Сурет: unsplash
Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов өзінің Telegram-дағы каналында жұмысы мен білім берудегі маңызды мәселелерді жазып отырады. Бұл жолы бас педагог мектепке дейінгі дайындық туралы жазып, халықаралық зерттеулерден деректер бөлісті, деп хабарлайды Zakon.kz.

Министр Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, халықаралық зерттеулердің нәтижесі балабақшаға барған және ерте жастан жазу мен санауды үйренген балалар мектепте үлгерімі бойынша өз қатарластарынан басым болатынын көрсетеді. Мысалы, PISA-2018 деректері бойынша үш жылдан астам балабақшаға барған оқушылар мектепке дейінгі ұйымдарға бармағандарға қарағанда жоғары нәтиже көрсеткен. Балабақшаға барған балалар қатарластарынан оқу сауаттылығы бойынша 20 ұпай және математика мен жаратылыстану сауаттылығы бойынша 16 ұпай алда болған.

Ерте дамудың маңызды екенін елеусіз қалдыруға болмайды. Баланың миы тез дамып, негізгі дағдылар мен мінез-құлық қасиеттері қалыптасады, сонымен қатар ол баланың денсаулығына негіз болады. Мектепке дейінгі мекемеге бару баланың бойында өзін-өзі реттеу, жаңа ортаға бейімделу және топта жұмыс істеу сияқты бірқатар пайдалы машығын дамытуға көмектеседі. Осы машықтың барлығы баланың мектепте үлкен жетістікке жетуіне ықпал ететіні дәлелденген, – деп жазды Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов

Сонымен қатар TIMSS зерттеуінің нәтижесі де балабақшаға барған оқушылардың жақсы нәтиже көрсеткенін дәлелдеді. Мысалы, балабақшаға бармаған 4-сынып оқушылары мен оған үш жылдан астам барғандар арасындағы айырмашылық математикадан 16 балл, ал жаратылыстану пәні бойынша балабақшаға барғандарда 23 балл болды. Ал ата-аналары мектепке дейін жазуды, оқуды және санауды үйреткен 4-сынып оқушылары ата-аналары анда-санда ғана оқуына көңіл бөлген балаларға қарағанда математикадан 15 ұпайға және жаратылыстану пәнінен 25 ұпайға жоғары алған.

Министрдің сөзінше, елдегі балалар мектепке дейінгі білім алған болса, ол адамның өзіне ғана емес, мемлекет экономикасына да пайда. Бірақ мектепке дейінгі ұйымдардың да сапасына ерекше көңіл бөлу керек.

Ерте дамыту мен мектепке дейінгі білім берумен қамту еліміздің экономикалық көрсеткіштеріне әсері жағынан да маңызды. Нобель сыйлығының лауреаты Д. Хекманның әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балалардың мектепке дейінгі біліміне жұмсалған бір доллардың экономикалық қайтарымы туралы тұжырымы кең тараған. Ол мемлекетке 8 (6) доллар пайда әкеледі. Зерттеулерге сай болашақта баланың көрсеткіштеріне әсер ететін маңызды критерий – ол мектепке дейінгі ұйымның сапасы. Мектепке дейінгі кезеңдегі баланың жағдайы мен білім берудің кейінгі кезеңдерінде дамуы үшін оның ерте жастан дамуына назар аудару маңызды екенін көріп отырмыз.Асхат Аймағамбетов
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
0
Толық оқу
Басты Топ LIVE Бәрі
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз