Білім мазмұнын сараптау орталығының басшысы оқулықтардағы "қателер" туралы айтты

оқулық Сурет: Zakon.kz
Оқу жылының басынан бері әлеуметтік желіде жарияланған оқулықтардағы "қателер" туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі, Білім мазмұнын сараптау республикалық ғылыми-практикалық орталығының басшысы Елдос Нұрланов айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.

Елдос Нұрлановтың айтуынша, интернеттегі оқулықтарға қатысты сыни пікірлер сенімсіз болып шықты. Сараптама 5-21 қыркүйек аралығында жүргізілді.

Осы уақыт аралығында BMSO тексеріп, түсіндірме берген жарияланым саны – 16. Оның барлығы дерлік расталмады, өйткені оқулық пен ОӘК-нің "қатесі" я "кемшілігі" деп келтірілген ақпарат іс жүзінде олқы болмады.Оқу-ағарту министрлігі, Білім мазмұнын сараптау республикалық ғылыми-практикалық орталығының басшысы Елдос Нұрланов

Оның айтуынша, мұның бірқатар себебі бар. Олар 5 топқа жіктелген:

1. "Пост авторының қате пайымы немесе ақпаратты тексермей жариялауы"

Бұл топқа келесі 5 пост жатады: 1) желі қолданушысы сан разрядын 0 санымен шатастырған (түсіндірме алған соң постын өшірді); 2, 3) қолданушы «жазбаша сөйлеу» ұғымы барын ұмытып кеткен, сонымен қатар «Қазақ тілі» мен «Ана тілі» екі бөлек пән екенін білмеген немесе ескермеген (видеомен кешірім сұрап, постын өшірді); 4, 5) орыс батырлары туралы жырды мұғалім оқулықтан тыс дереккөзден алып, үй жұмысына тапсырған (қолданушы мектепті атамады және мәселенің мектепте шешілетінін хабарлады).Елдос Нұрланов

2. "Қалың көпшілік арасында ТерминКом 2000-жылдары бекіткен кейбір қазақ сөздері емлесінің сіңбеуі"

Бұл жайт көптен бері көтеріліп келеді. 2016 жылы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты бұған байланысты түсініктеме берген еді. Институт өкілдері қоғам пікірін ескере отырып, жаңа және үйреншікті емлені қатар қолдануды ұсынды: қыргүйек/қыркүйек, көгөніс/көкөніс, шегара/шекара және т.с.с, - деді ол.

3. "Оқулықтың контрафакт көшірмесі"

Ата-аналар 2-ші және 4-сынып оқулықтарында беттердің төңкеріліп не шатасып басылуын видеоға түсіріп көрсеткен. Тексере келгенде, «Алматыкітап» пен «Атамұра» баспа үйлерінің түпнұсқа оқулықтарында мұндай полиграфиялық ақаулардың кездеспейтіні белгілі болды. Желі қолданушының бірі кейін оқулықтарды мектеп кітапханасынан емес, бейресми сауда-саттық нүктесінен алғанын мойындады. Енді бір қолданушы видеоны бір реттік аккаунттан жариялап, байланысқа шықпай қойды. Мемлекеттік мектептерде оқулық пайдалануға тегін беріледі.Елдос Нұрланов

4. Бұл топта келесі себептер біріктірілген:

"Оқу бағдарламасының мазмұнынан хабарсыздық немесе субъективті пікір" (2 пост)

Елдос Нұрлановтың айтуынша, желі қолданушылары оқулықтағы әңгімелердің үзінділерін сынады. Талдай келгенде, әңгімелердің тәрбиелік мәні зор, балаларға арналған әдебиеттің классигі В.Ю. Драгунскийдің шығармаларынан алынғаны белгілі болды. Бұл қолданыстағы "Литературное чтение" пәнінің үлгілік оқу бағдарламасына толығымен сәйкес келеді.

"Оқулықтағы сөйлем мен сөзді қазақ тілінен орысшаға тікелей аудару"(2 пост)

1) «көгөністен жасалатын тағамдарды ата» – «назови блюда из газона» (желі қолданушысы постты өшірмеді, оның пікірінше қате аударма емледен болды);

2) «тыйым сөз» – «запретные слова» (қолданушы, тыйым сөзді балағат сөзбен шатастырған. Түсіндірмеден дейін алғыс білдіріп, постын өшірді).

5. "Орфоэпиядан хабарсыз болу"

2-сынып «Әдебиеттік оқу» оқулығында «көңілді» сөзінің айтылуы мен жазылуында айырмашылықтың бары кестемен көрсетілген: көңүлдү / көңілді. Желі қолданушысы мұны қатеге балап, оқулық авторларын қазақ сөздерін бұрмалап отыр деп айыптады.

Құрметті әлеуметтік желі қолданушылары, достар, сіздерден өтінеріміз, оқулық туралы сын жазбас бұрын, я болмаса, өзгенің сыни постын бөліспес бұрын ақпаратты тексергеніңіз абзал. Біздің Call-орталығымызға (8-708-425-06-29, WhatsApp) және электронды поштаға (info@bmso.kz) жүгінуіңізге болады. Мектеп оқулықтары туралы жалған ақпарат ұлттық білім беру жүйесінің беделіне нұқсан келтіріп, жағымсыз ой-пікірлердің тарауына әкеп соғатынын ескергейсіз, - деп жазды Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығының басшысы Елдос Нұрланов.
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
0
Толық оқу
Басты Топ LIVE Бәрі
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз