Тоқаев: Павлодар облысының инфрақұрылымын дамыту – басым міндеттердің бірі

Павлодар облысына жұмыс сапары Сурет: akorda.kz
Мемлекет басшысы экология мәселелерін шешуді Павлодар облысындағы екінші басым міндет ретінде атады. Сондай-ақ өнеркәсіптің дамуы экологияға үлкен салмақ түсіретінін айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бүгінде елде шығарылатын қалдықтардың үштен бірі осы облысқа тиесілі. Бұл  жыл сайын шамамен 700 мың тоннаны құрайды.

Күнделікті жұмысы бүкіл еліміздің индустриялық өсіміне арналған аймақ тұрғындарын туған өлкесіндегі қоршаған ортаның жай-күйі қатты алаңдатады. Экологиялық жағдай – азаматтардың тұрмыс сапасының маңызды көрсеткіші. Сондықтан өндірістік әлеуетті күшейту мен экологияны қорғау арасындағы тепе-теңдікті сақтау аса маңызды. Естеріңізге сала кетейін, Қазақстан 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жөніндегі ұстанымын жариялады. Қазір осы маңызды міндетті шешуге мүмкіндік беретін ұзақ мерзімді стратегия әзірленіп жатыр. Қоршаған ортаға келтірілетін залалды едәуір төмендететін жаңа тәсілдер мен модельдерді өндіріске дәйекті түрде енгізу маңызды. Өңірдің төрт кәсіпорны озық технологияларды пайдалану үшін кешенді экологиялық рұқсат алды. Бұл шығарылатын қалдықтарды 2030 жылға қарай 47 мың тоннаға төмендетеді деп болжанып отыр. Үкімет пен облыс әкімдігі қалған кәсіпорындардың осындай рұқсат алуын жеделдетуі керек. Қасым-Жомарт Тоқаев

Президент өнеркәсіптердің шығаратын қалдықтарын қайта өңдеу ісін дамытуды тапсырды. Осы ретте күл үйінділері әлі де жергілікті тұрғындар үшін заңсыз пайда табудың көзі болып отырғанын атап өтті. Бұдан бөлек, Үкіметке өңірді газбен қамту жолдарын әзірлеу тапсырылды.

Мемлекет басшысы жергілікті тұрғындарды алаңдатын тағы бір мәселеге назар аударды.

Жыл сайын Ертіс бойында орналасқан елді мекендердің тұрғындары шыбын-шіркейлердің қаптап кетуінен зардап шегеді. Жәндіктерді улау үшін мол қаржы бөлінеді. Бірақ бұл жұмыстың нәтижелері, әсіресе аудандарда байқалмайды. Егер бұрынғы әдістер тиімсіз болса, онда оның жаңа жолдарын іздеу керек. Мәселені көктемге қалдырып, содан кейін бәрін табиғат жағдайына байланысты деп жаба салуға болмайды. Мамандарды қазір тарта отырып, маңызды халықаралық тәжірибені зерттеген жөн. Шыбын-шіркейлерге қарсы күресте ғылыми әдіс керек және ең бастысы, жергілікті атқарушы органдар тарапынан тиісті бақылау қажет, – деді Президент.

Мемлекет басшысы Павлодардағы экологиялық қозғалыс мүшелерінің жағдайға немқұрайлы қарамайтынын және ерекше белсенді екенін атап өтті. Сондай-ақ Павлодар мен Екібастұз жастарының жақында "EcoStudentKZ" республикалық экологиялық челленджін қолдап, студенттердің саябақтар мен гүлзарларды тазалағанынан хабардар екенін айтты.

Бұл тұрғыда мен Қазақстандағы көптеген волонтерлардың еңбегін атап өткім келеді. Өздеріңізге мәлім, мен 2020 жылды Волонтер жылы деп жарияладым. Бұл шешім өзін ақтады. Халықаралық ұйымның қызметкері ретінде мен волонтерлық қозғалыспен жаһандық ауқымда айналыстым. Ал Қазақстанда волонтерлық жастардың ынта-жігеріне ғана негізделген маңызды күш деп есептеймін. Біздің жастарымыздың бұл жасампаз күшін, әрине, еліміздің игілігі үшін, халқымыздың игілігі үшін, атап айтқанда, табиғатымызды таза ұстап, қорғау үшін пайдалану керек. Қасым-Жомарт Тоқаев

Президент облыстағы суармалы жердің көлемін екі есе ұлғайтып, 300 мың гектарға дейін жеткізу керек деп санайды. Сондай-ақ Ертістің суын тиімді, үнемді пайдаланған жөн екенін жеткізді.

Тағы бір маңызды мәселе – өңірдің инфрақұрылымын дамыту. Президент Үкіметке облыс орталығын айналып өтуге жол ашатын жаңа көпір салуды тапсырды. Сонымен қатар жолды күтіп ұстауға және қыс мезгілінде жолдарды тазалау жұмыстарына баса назар аудару қажет екенін айтты. Осы ретте Мемлекет басшысы "Астана – Ерейментау – Шідерті" бағытында қар тазалайтын техникаларды көбейту маңызды екенін атап өтті. Үкіметке жыл соңына дейін "Павлодар – Астана" бағытындағы тұрақты әуе қатынасын қалпына келтіру және жергілікті әуежайдың ұшу-қону жолағын жөндеу мәселесін пысықтау тапсырылды.

Жалпы, өңірдің инфрақұрылымы едәуір инвестиция салуды қажет етеді.  Мысалы, облыс орталығындағы жылу желісінің 80 пайызы тозған. Соның кесірінен тұрғындар қыстың көзі қырауда қайта-қайта жылусыз қалады. Екібастұздағы Жылу электр орталығының жағдайы сын көтермейді. Қаланың жылу желісі әбден ескірген. Еліміздегі барлық электр қуатының төрттен бірін Екібастұз өндіреді. Соған қарамастан қыс келген сайын қалаға жылусыз қалу қатері төнеді. Бұл – еш қисынға келмейтін жағдай. Павлодардағы бірінші Жылу электр орталығы мен Екібастұздағы Жылу электр орталығын кезең-кезеңімен жаңғырту керек.   Үкіметке акционерлермен бірлесіп, бұл мәселеге қатысты нақты ұсыныстар енгізуді тапсырамын. Әкімдік инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту жоспарын ұсынып отыр. Үкімет оны қаржыландыру мүмкіндіктерін қарастыруы қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Үкіметке Екібастұз қаласын дамытудың кешенді жоспарына енгізілген жобаларға басымдық бере отырып, қаржыландыру тапсырылды. Президент Павлодардың трамвай жүйесін дамытуды жалғастыру, пойыздарды жаңарту жұмыстарын жеделдету және облыс орталығында көпфункционалды мұз сарайын салу мәселесін пысықтау маңызды деп есептейді.

Президент басымдық беретін тағы бір сала ретінде креативті индустрия мен туризмді дамытуды атады. Мемлекет басшысының пікірінше, еліміздің қуаты адамдардың қайратына, біліміне және патриоттығына байланысты. Сондықтан адамға бағдарланған қызмет мемлекеттік саясатымыздың негізгі өлшеміне айналды.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
0
Толық оқу
Басты Топ LIVE Бәрі
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз