Сәтбаев тұрғындары наурызды екі жыл пандемиядан соң дүбірлетіп тойлады

наурыз Сурет: Сәтбаев қаласы әкімдігі
Жаһанды жайлаған пандемия уақытында екі жыл қатарынан атаусыз қалған ұлтымыздың ұлық мерекесімен биыл сәтбаевтықтар сағына қауышты. Ерекше құрметпен, ұлттық нышанмен тойланып, тұрғындардың еңсесін көтеріп, бір түлетті.

Құшағына қаланың барша қауымын сыйдырған орталық алаңда наурыз – көктем, наурыз – думан орын алды. Даланы ән мен күйге бөлеген жарқын көңілдің лебі мен нұры ескендей болды. Алаңды айнала сауық құрып, ауа райының салқындығына қарамастан бар өнерін ортаға салған өнерпаздар елдің ауызбіршілігі мен ырыс-ынтымағының келісті келбетін айшықтады. Үлкендердің төрден орын алып, жастардың жымия тілдесуі мерекенің ажарын аша түсті.

Ш.Ділдебаев атындағы кеншілер сарайы, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ұйымдастырған концерттік бағдарлама айтулы шараның шырайын кіргізіп, ұлттық дәстүрді ұлықтады. Игі істің бастамашысы болған қала әкімі Асқар Ыдырысов қалың жұрттың ортасынан табылып, ізгі лебізін жолдады.

Мұнан соң бағзы заманнан қазақтың қанына сіңген арқан тартыс, асық ату, қол күрес сынды сайыстар да шараның көркін қыздырды. Сайланып келген жігіттер кір тасын аспанға атты. Жүзден жүйрік шығып, тұғырдың төрінен көрінген жеңімпаздар марапатталды. 


наурыз

Сурет: Сәтбаев қаласы әкімдігі

Ежелден жаңарудың бастауы, ырыс пен берекенің арқауы болған ұлыс күні кешірім сұрау ләзім. Ренжіскен жандардың қайта татуласып, сәлемін түзеуі мерекенің жазылмаған заңдылығы. Ата-баба аманаттаған асыл мұралармен астасқан айбынды күннің қасиетін қаз-қатар тігілген ақшаңқан киіз үйлер одан әрі асыра түсті. 

Білім бөлімі, қалалық жылумен, сумен жабдықтау кәсіпорны, Ш.Ділдебаев атындағы кеншілер сарайы, «Әділ жол» ҚБ, «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС құрылымдық бөлімшелері санамызға нұр боп сіңген құндылықтарды қасиеттеді.


наурыз

Сурет: Сәтбаев қаласы әкімдігі

Әр отауда ақ дастархан жайылып, мәзірін наурыз көжемен әрлендіріп, қолөнер көрмесі, театрландырылған қойылымдар ұйымдастырылды. Атына заты сай келіп, сән-салтанаты жарасқан киіз үйлерге «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС «КәсіпҚорған» кәсіподақ ұйымының дипломы мен арнайы сыйлығы табыс етілді. 

«Достық» үйіндегі этномәдени бірлестік өкілдері және Б.Балқыбайұлы атындағы мешіт қызметкерлері тегін тағам таратып, игілікті істерді ұлықтады. Алтыбақан теуіп, «жақсы ас қалғанша, жаман қарын жарылсын» дескен үлкен-кіші наурыз көжені тоя ішті.

Ақсақалдар ақ батасын беріп, әз наурыздың әр отбасына бақ-береке, молшылық, жақсылық әкелуін тілеп, батасын береді. Жиналған жұрт: «Ауызды ақтан айырмасын, қызылды уақытымен көрсетсін!» деген тілекпен тарқасты.


наурыз

Сурет: Сәтбаев қаласы әкімдігі

Наурыз мейрамы - ежелгі заманнан қалыптасқан жыл бастау мейрамы. Қазіргі күнтізбе бойынша (наурыздың 22) күн мен түннің теңесуі кезіне келеді. Көне парсы тілінде нава=жаңа + рәзаңһ=күн, «жаңа күн» мағынасында, қазіргі парсы тілінде де сол мағынамен қалған (но=жаңа + роуз=күн; мағынасы «жаңа күн»), яғни «жаңа жылды» (күн өсуін белгілеуі) білдіреді.

2010 жылдың 10 мамырынан бастап Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас ассамблеясының 64-қарарына сәйкес 21 наурыз "Халықаралық Наурыз күні" болып аталып келеді. Бас ассамблея өзінің берген түсініктемесінде "Наурызды көктем мерекесі ретінде 3000 жылдан бері Балқан түбегінде, Қара теңіз аймағында, Кавказда, Орта Азияда және Таяу Шығыста 300 миллион адам тойлап келе жатқандығын" мәлімдеді. Ал UNESCO болса, 2009 жылдың 30 қыркүйегінде Наурыз мейрамын адамзаттың материалдық емес мәдени мұра тізіміне кіргізді.

Қазақстанда Наурыз мейрамы үш күн: 21-23 наурыз аралығында аталып өтіледі (2010 жылдан бастап). Жалпы, Наурыз парсы, кавказ және түрік халықтарының арасында көктем мейрамы және жаңа жылдың басталуы ретінде тойланады. Ол Иранда 21 наурызда, Орталық Азия елдерінде және Әзірбайжанда, мемлекеттік мереке ретінде Тәжікстанда және Қазақстанда - 22 наурызда, Өзбекстан мен Түркияда 21 наурыз күні аталып өтіледі.

Дәстүрлі қазақ қоғамында Ұлыс күні жыл басы саналған. Халықтың мифологиялық түсінігі бойынша 21 наурыз түні даланы Қыдыр аралайды. Ұлыс күні қазақ елі үшін әрқашан қасиетті, киелі саналған. Халық таза, жаңа киімдерін киген. Ауылдың ер адамдары бір-бірімен қос қолдасып, төс қағыстырады; әйелдер құшақтасып, бір-біріне игі тілектер айтады. Бірін-бірі мерекеге арнап дайындалған наурыз көже ішуге шақырады. Оған қойдың басы мен сүр ет салып пісірілуі – қыс тағамымен (етпен) қоштасуды, құрамына ақтың қосылуы – жаз тағамымен (сүт, ақ) қауышуды білдіреді.

Әдетте, осы күні адамдар арам пиғыл, пендешілік атаулыдан тазарып, ар-ожданы алдында арылады. Ауыл ақсақалдары араларына жік түскен бауырлас ел, руларды, ағайын, дос-жарандарды бір дастарқаннан дәм таттырып, табыстырған, жалғыз жарым жетімдерді үйлендіріп, жеке отау еткен. Кембағал, мүгедектерді жақын туыстарының қарауына арнайы міндеттеп тапсырған. Жұтқа ұшырап қиналғандарға жылу жинап берген. Алтыбақан басында ән айтылып, күй тартылады. Дәстүрлі ұлттық ойындар (көкпар, аударыспақ, күрес, қыз қуу,алтыбақан, тең көтеру, т.б.) ойналады. Таң ата көпшілік биік төбенің басына шығып, атқан таңды қарсы алады.


Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
0
Толық оқу
Басты Топ LIVE Бәрі
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз