ЕҰУ және ҚазҰУ қалашықтары салынады, қазір жер учаскелерін бөлу пысықталып жатыр

ҚазҰУ Cурет: kaznu.kz
Үкіметте ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен кеңесте ғылым мен жоғары білім беруді дамытудың өзекті мәселелері қаралды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек қазіргі уақытта студенттер үшін жатақханалармен қамтамасыз ету жұмыстары жүріп жатқанын баяндады. Бұл ретте өңірлерде, атап айтқанда Астана, Алматы, Қарағанды және Түркістан облыстарында жаңа жатақханалар салу үшін құрылыс салушылармен және әлеуетті инвесторлармен жұмысты күшейту, сонымен бірге мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігін жетілдіруді жалғастыру жоспарланып отыр. 

Бұдан басқа, жекелеген әлеуметтік осал топтардың арасынан ауылдық жерлерден келген студенттерді жатын орындармен қамтамасыз ету үшін жаңа тетікті қолдану, атап айтқанда, жатақхана иелеріне операциялық шығындарды өтеу ұсынылады. 

Премьер-министр осы тәсілдерді қолдап, бұл механизмді колледж студенттеріне де қолдануды мақұлдады. 

Сонымен бірге кеңесте жоғары оқу орындарының инфрақұрылымын дамыту, атап айтқанда, ЕҰУ және ҚазҰУ қалашықтарын салу мәселесі қаралды. Бұл бағытта барлық қажетті коммуникацияны жеткізе отырып, жер учаскелерін бөлу пысықталатыны айтылды.

 "Бұл – ең маңызды мәселелердің бірі. Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарында білім алуға деген сұраныс тұрақты артып келеді, сондықтан қосымша корпустар мен жатақханалар салу мүмкіндіктерін табу қажет. Бұл мәселелерді Астана және Алматы әкімдіктерімен бірлесіп пысықтау керек", - деді Әлихан Смайылов. 

Сонымен бірге Премьер-министр 2023 жылы үш отандық жоғары оқу орнының базасында академиялық артықшылық орталықтарын құру жөніндегі пилоттық жобаның іске қосылуын қолдады. Оның аясында таңдалып алынған оқу орындарында қосымша құрал-жабдықтар пайда болады, Зерттеу университетінің моделіне көшу және жаңа оқу бағдарламаларын іске қосу басталады. 

"Адами капиталды дамыту, жастарға білім беру үшін инвестициялар тарту біздің алдымыздағы ең басым бағыттардың бірі болып табылады. Сондықтан жобаны республиканың басқа жоғары оқу орындарына одан әрі кеңейту мүмкіндігін пысықтай отырып, іске асыру қажет", - деді Әлихан Смайылов.  

Сонымен қатар Премьер-министр өңірлік экономиканың негізгі проблемаларын шешу үшін облыс әкімдіктеріне ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды (ҒЗТКЖ) қаржыландыру бойынша қосымша бюджеттік мүмкіндіктер беруді мақұлдады. Бұл жергілікті жерлерде инновациялық белсенділікті ынталандыруға мүмкіндік береді. Бұл ретте ол жер қойнауын пайдаланушылар ҒЗТКЖ жүргізуге өтінім қалдыра алатын бірыңғай цифрлық портал құруды бақылауда ұстау қажет екенін айтты. 

Сонымен қатар салалық жоғары оқу орындары мен ҒЗИ-ді басқару ісіне Ғылым және жоғары білім министрлігінің қатысу деңгейін арттыру, жоғары ғылыми-техникалық комиссияның қызметі, "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне ғылым мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын әзірлеу және тағы басқа мәселелер талқыланды. Кеңес қорытындысы бойынша қабылданған шешімдер кадрларды даярлау, жоғары білім беруді жаңғырту саласын дамытуға, жалпы қазақстандық ғылымның танымалдығы, тартымдылығы мен беделіне жақсы серпін береді.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
0
Толық оқу
Басты Топ LIVE Бәрі
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз