Қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша Алматыда көліктердің экологиялық нормаларға сәйкестігін тексеру рейдтері жүргізілуде, деп хабарлайды Zakon.kz.
Күн сайын Жасыл экономика басқармасы мен Полиция департаментінің қызметкерлері 11 экипажбен жолға шығады.
Экопосттардың тестілік режимдегі жұмысы барысында 2550 көлік тексерілді, оның ішінде 1193 көлік дизельдік отынмен, 1357 көлік бензинмен жүрсе, 589 көлікте пайдаланылған газ мөлшері қалыптан асқан. Тексерілген барлық көліктің 23 %-ы экологиялық нормаға сай келмейді.
Құрылыс алаңдарында қоршаған ортаны қорғау шараларын бұзған 269 жүк көлігі анықталды.
Сонымен қатар "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" Кодекстің 334-бабына сәйкес жүріс кезінде ауаны ластайтын шығарындылары мен шуы бекітілген нормадан асып түсетін көлік пен өзге де жылжымалы құралдарды пайдаланғаны үшін ескерту немесе жеке тұлғаларға он, заңды тұлғаларға жүз айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл қарастырылған.
Сондай-ақ, осы баптың бірінші тармағына сәйкес, аталған құқық бұзушылық бір жылдың ішінде тағы қайталанған жағдайда жеке тұлғаларға жиырма, заңды тұлғаларға екі жүз айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады.
Еске сала кетейік, қазіргі кезде Алматының кіре берістерінде 19 экопост орнатылды. Қазіргі таңда оның 15-і іске қосылды, қалғаны осы жылдың аяғына дейін іске қосылады деп күтілуде. Барлық посттар арнайы өлшеуіш құралдар мен бейне бақылау камераларымен жасақталған.
Қалалық Полиция департаменті "Әкімшілік құқықбұзушылық туралы" Кодекстің 334-бабына сәйкес соңғы он ай ішінде 18799 көлікке қатысты жалпы сомасы 24 876 млн теңгені құрайтын әкімшілік хаттама толтырған.
Мониторинг экологиялық нормалардың бұзылуы негізінен Талғар, Қарасай аудандарынан келетін көліктерде көптеп байқалатындығын көрсетті.