«Қоғамдық қабылдау» тобының жұмысы қарқынды жүріп жатыр

Жамбыл облысында құрылған «Қоғамдық қабылдау» тобы құқық қорғау органдарымен бірлесе отырып,  қаңтар айындағы жаппай тәртіпсіздіктерге қатысты ұсталған күдіктілермен және олардың ата-аналары, жақындарымен кездесулер өткізіп, түсіндіру, зерделеу жұмыстарын жүргізуде, деп хабарлайды Zakon.kz

Жалпы, 4-5 қаңтар күндері Тараз қаласында орын алған жаппай тәртіпсіздіктерге қатысы бар деген күдікпен 1500-ден астам адам полицияға жеткізілген.

900-і түсіндіру жұмыстары жүргізілгеннен кейін үйлеріне қайтарылды.

Әкімшілік жауапкершілікке 600 адам тартылған ( 175-і әкімшілік  қамаққа алынса, 54-іне айыппұл салынып, 371-іне ескерту берілген). ҚР Қылмыстық кодексінің әртүрлі баптары бойынша 141 қылмыстық іс қозғалып, соттың шешімімен 85 тұлға қамауға алынған.

Аталған топ жетекшісі, «Қоғамдық қабылдау» тобының жүргізген жан-жақты жұмыстарының нәтижесінде бүгінге дейін төрт жасөсіпірім қамаудан босатылды. Бұл бағыттағы шаралар жалғасуда.

Сурет: Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Құрамына еңбек ардагерлері, зиялы қауым, БАҚ, этномәдени бірлестік өкілдері, депутаттар, кәсіпкерлер, қоғам белсенділері енетін топ жаппай тәртіпсіздіктерге қатысы бар деген күдікпен ұсталғандардың және олардың жақындарының өтініштері мен шағымдарына жіті көңіл бөліп, өзекті мәселелерге айрықша назар аударуда.

Бұдан бөлек, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл облысымызға жұмыс сапары барысында уақытша ұстау изоляторында ұсталғандармен кездесулер өткізіп, жағдайларымен танысты. Олардың тарапынан зорлық-зомбылық жөнінде арыз-шағым айтылған жоқ.

Қазіргі таңда арнайы құрылған тергеу топтары тергеу шараларын жүргізіп жатыр. Тергеу аяқталғаннан кейін барлық іс бойынша ақпараттар ашық айтылатын болады.

Сурет: Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Тараз
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: