Акцияға беделді халықаралық жарыстарда ел намысын қорғайтын танымал спортшылар қатысты. Бокстан Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев, бокстан әлем чемпионы Мерей Ақшалов, шорт-тректен Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Мәдиғали Қарсыбеков, Қысқы Олимпиада ойындарының қатысушылары Яна Хан, Абзал Әжғалиев және басқа да спортшылар қаламызды көгалдандыруға өз үлестерін қосты, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
"Ағаш отырғызу-тазалық пен жақсылықтың белгісі. Менің ойымша, әрбір азамат қоршаған ортаны қорғау, оның тазалығы, аумақты абаттандыру, көгалдандыру үшін үлкен жауапкершілікті өз мойнына алуы тиіс. Бұл - ортақ іс. Бүгін біз ағаш отырғызып, қолтаңба қалдырамыз, бұл оқиға тек жақсылықтың символы ғана емес, сонымен қатар еліміздің абаттандырылуына қосқан аз ғана үлес деп санаймын", - деді шорт-тректен Қазақстан құрамасының бас бапкері Мәдіғали Қарсыбеков.
Экоакцияның негізгі мақсаты-қаланың көркеюіне үлес қосу.
Қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Самат Жылқыбаев қайырымдылық акциясы жыл сайынғы дәстүрге айналғанын атап өтіп, спортшыларға алғысын білдірді.
Айта кету керек, өткен аптада Нұр-Сұлтанда көктемгі санитарлық-экологиялық айлық басталды. Елордалық 300-ден астам спортшымен бірге спорт басқармасының ведомстволық бағынысты мекемелерінің қызметкерлері көшелерді тұрмыстық және өсімдік қалдықтарынан тазалап, қаланы абаттандыруға өз үлестерін қосты.
"Ер адам бұл өмірдегі үш нәрсені өзінің міндеті деп санайды. Бұл ұлды тәрбиелеу, үй салу және ағаш отырғызу. Мен үшін Астанада ағаш отырғызу және қаланың гүлденуіне үлес қосу үлкен мәртебе. Бізге осындай мүмкіндік бергені үшін қалалық әкімдікке және Нұр-Сұлтан қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасына рахмет", - деп атап өтті бокстан әлем чемпионы Мерей Ақшалов.