Айтулы іс-шараға Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев, ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев, Уфа университетінің ректоры Олег Баулин мен проректоры Наиль Чанышев, Жәңгір хан университетінің басқарма төрағасы-ректор Асқар Наметов және серіктес компаниялардың басшылары қатысты.
Сурет: БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі
"Үйден – шетелдік білім" қағидасын жүзеге асыру мақсатында ашылған Уфа мемлекеттік мұнай техникалық университеті өкілдігінің лентасын қию рәсімі ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев пен Уфа университетінің ректоры Олег Баулинге ұсынылды.
Бұдан соң батысқазақстандық әріптестеріне Башқұртстан елінің сәлемін бейнеэкран арқылы жолдаған Башқұртстан басшысының әкімшілік жетекшісі Максим Забелин бастаған топ қос университеттің арасындағы әріптестік байланыстың кеңеюімен құттықтады.
Сурет: БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі
Сонымен қатар Уфа университетінің ректоры О.Баулин екі елдің арасындағы ынтымақтастықты бекітуге қосқан үлесі үшін Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Нәжімеденұлына Башқұртстан Республикасының басшысы Р.Хабировтың "Алғыс хатын" табыстады.
ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Асылханұлы өзінің құттықтау сөзінде батысқазақстандық университетте шетелдік ЖОО-ның өкілдігінің ашылуы – Мемлекет басшысының 2025 жылға дейін Қазақстанда шетелдік жетекші жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу жөнінде берген тапсырмасын орындауға жасалған алғашқы қадам екенін атап өтті.
Облыс әкімі Ғали Есқалиев бір жыл бұрын Башқұртстан елінде болып, бірнеше бағыттар бойынша ортақ келісімге келгендерін атап өтті.
Жоғары білім беру саласында бір жыл ішінде осындай нәтижеге қол жеткізгеніміз қуантады. Шетелдік білімді "үйде" отырып алу – өте тиімді шешім. Соның ішінде мұнай-газ секторы – маңызды сала. Бұл бастама кейіннен құзырлы министрліктің қолдауымен филиал ашуға ұласып жатса, нұр үстіне нұр болар еді. Облыс әкімі Ғали Есқалиев
Бұдан әрі Жәңгір хан университеті мен Уфа университетінің ректорлары өкілдіктің ашылуы жөніндегі келісімге қол қойды.
Сурет: БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі
Өкілдіктің ашылу салтанатынан кейін қонақтар "Ғылым – аймақтың экономикасы үшін" атты ғалымдардың өндіріске енгізуге дайын ғылыми жұмыстарының көрмесімен және Erasmus+ жобасы бойынша "Қазақстандағы индустриалды автоматика және робототехника бойынша қосарлы білім беру (DIARKAZ)" жобасы аясында ашылған робототехника зертханасының жұмысымен танысты.
Сурет: БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі