Өңір әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, өрт 2 сағаттың ішінде ауыздықталған.
Даниал Ахметовтың пікірінше, қалада жылу беру тоқтап қалады деп уайымдауға негіз жоқ. Оның айтуынша, 4 қазандық жұмыс істеп тұр, станция отынның басқа түрі - мазутқа уақытша көшірілді.
"Алғашқы апат орын алған күн - 6 қарашадан бері Риддер ЖЭО меншік иесі жағдайды түзеу үшін ештеңе істеген жоқ, қазір тек облыстық әкімдіктің кепілдік беруімен Қаражырадан көмір, ҚазМұнайГаздан мазут жеткізіліп жатыр. Шамамен 600 млн теңге құрылыс және шұғыл қалпына келтіру жұмыстарына жұмсалды, бүгіндері кәсіпорын жұмысқа қабілетті күйде. 4 жыл бойында мүлде күрделі жөндеу деген болмаған. Мұнда технологиялық тәртіп сақталмаған, желдету, тазалау жүйесі мүлде жұмыс істемейді, салдарынан көп көлемде күлдің шаңы жиналып қалған. Біз бірнеше мәрте ескерту жасадық, алайда станция қожайыны мәселені еңсеру үшін ешқандай әрекет жасамады", - дейді Даниал Ахметов
Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары "Риддер ЖЭО" АҚ меншік иелеріне қатысты тергеу амалдарын қолға алды, ол аяқталғаннан кейін станцияның болашақ тағдыры туралы мәселе шешілетін болады.
"ЖЭО не мемлекеттің меншігіне өтеді, не біз Риддер тұрғындары алдындағы барлық шарттық міндеттемелерді орындауға дайын инвестор табамыз", – деп сөзін қорытындылады өңір басшысы.
Бұған дейін Шығыс Қазақстан облысында Риддер қаласында ЖЭО аумағында өрт болғандығы хабарланған болатын. Оның видеосы желіде жарияланды.