Оның айтуынша, Түркістан облысының 2022-2023 жылдардағы жылыту кезеңіне 907,6 мың тонна көмір қажет екені анықталған. Бюджеттік мекемелерге қажетті көмір толық жеткізілген. Тұрғындардың көмірге қажеттілігі (жылы жайлар мен жеке тұрғын үйлер) - 658,4 мың тонна.
Облыс әкімдігі тарапынан жасалынған талдау нәтижесінде 25 қаңтардағы "Қазақстан темір жолы – Жүк тасымалы" ЖШС Шымкент бөлімшесінің деректері бойынша, Түркістан облысына 480,9 мың тонна (жалпы көлемнің 53%) жеткізілген. Былтырғы жылмен жобалас.
Бүгінгі күнге облыс бойынша 1618 тонна көмір қоры бар. Оның ішінде: Сарыағашта – 1311, Созақта – 100, Арыста 207 тонна көмір жинақталған. Кеше 49 вагон көмір түсті. Бүгін 102 вагон түсуде. Жалпы 349 вагон көмір жолда келе жатыр.
"Түркістан өңірінде 26 көмір қабылдайтын темір жол тұйықтары, 21 көмір тасымалдайтын мекеме бар. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, аудан, қала әкімдіктері өз елді мекендерінде орналасқан темір жол тұйығы немесе база, склад, қоймаларға халықты тұрақты көмірмен қамтамасыз ету үшін көмір жеткізуші, сатушылармен тиісті жұмыстар атқаруда. Рейдтік іс-шаралары тұрақты түрде жүргізілуде. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, "ҚТЖ" және кен орындарымен бірге келіссөздер өткізіп, Түркістан облысына көмір жеткізуді ұлғайту жөнінде келісімге келдік. Көмірді жеткізу 60-70 вагоннан бірнеше бағыттар бойынша жүзеге асырылады, негізгі бөлігі жылыжайларға Сарыағаш ауданына жөнелтіліп жатыр. Көмір тапшылығы жоқ. Үкімет басшысы Әлихан Смайылов шалғайдағы елдімекендерді көмірмен қамтамасыз ету мәселелері бойынша кеңес өткізді. Өңірлік операторлардың көмірді жеткізу жөніндегі қызметін талдауды және делдалдарсыз әлеуметтік объектілермен халыққа кен орындарынан тікелей көмірді жеткізудің жаңа тетігін пысықтауды тапсырды. Бұл бағытта жұмыс жүреді. Жылыту маусымының барысы және көмір мәселесі тұрақты бақылауда. Кейбір аймақтарда анықталған кемшіліктер бойынша жұмыс жүргізіліп, көмір қорын жеткізу және жылыту маусымы тұрақты бақылауға алынған". Арман Жетпісбай
Брифингте Түркістан облысына бөлінген көмірдің көрші мемлекетке саудаланып жатқаны туралы сауалға да жауап берілді.
Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментіне қарасты Кедендік әкімшілендіру басқармасының басшысы Серік Мәліковтің айтуынша, Түркістан өңірінде шетелге көмір тасымалдайтын оператор тіркелмеген.
"Былтыр жауапты министрлік тарапынан 30 қыркүйектен бастап шетелге автокөлікпен көмір тасымалдауға тыйым салынған. Ал теміржолмен шығаруға мүмкіндік бар. Былтырғы 30 қыркүйектен бері Қазақстаннан Өзбекстанға 210 мың тоннадан астам көмір экспортталған. Айта кететін мәселе – көмірді эскпорттаушы компаниялар Қарағанды, Павлодар, Ұлытау облыстарына тіркелген және кедендік рәсімді сол өңірлерде ресімдеген. Түркістан облысы аумағында көмір экспорттайтын салық төлеушілер тіркелмеген және мемлекеттік кірістер департаментінде ресімделмеген", – деді ол.
Яғни, бұл операторлардың Түркістан өңіріне қатысы жоқ.Ауа райының күрт суытуы салдарынан өңірдегі жылыжай шаруашылықтары қиындыққа ұшырады. Брифингте бұл мәселе де сөз болды. Жауаптылар жылыжай шаруашылығы үшін арнайы көмір бөлінбегеніне қарамастан қолдау шаралары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
Түркістан облысының ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұржігіт Мырзахметовтың айтуынша, жылыжай шаруашылықтары тиісті көмір қорын қалыптастырмағандықтан қолданыстағы көмірмен жылытылатын 591,0 гектар (1058 агроқұрылым) жылыжайларға қыс маусымына 200,8 мың тонна көмірі отыны қажеттілігі анықталып, "Қазақстан темір жолы" АҚ-ы арқылы 186,7 мың тонна көмір облысқа жеткізілді.
Жалпы жылыжайлардың 94%-ы фермерлік қолдан жасалған жеңіл конструкциялы жылыжайлар болғандықтан 167 тауар өндірушінің 37 гектар жылыжайлары қар салмағын көтере алмай жарамсыз күйге түсті.
Сонымен қатар 9 гектарды құрайтын 3 өнеркәсіптік жылыжайдың өнімдерін үсік шалды. Ал жалпы өңірде 1500 гектардан астам жылыжай бар.
"Осыған орай, мемлекет тарапынан жылыжай тауарын өндірушілердің қаржы ұйымдары алдындағы берешектерінің (несие қаржы) өтеу мерзімдерін ұзарту мүмкіндігі қарастырылуда. 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие беру жұмысы да зерделенеді. Жалпы басқарма тарапынан жылыжай шаруашылықтарын қолдау шаралары бойынша министрлікке нақты ұсыныстар жолданды. Оның ішінде жылыжай кешендерінде пайдаланылған энергия көздерінің (электр энергиясы, газ) 50%-ын субсидиялау, жылыжайларға қажетті әлеуметтік көмір отынын ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы" АҚ арқылы мерзімінде тікелей жеткізу жолдарын қарастыру көзделген", – деді ол.
Көмір бағасын негізсіз көтеру, делдалдық жүйесінің алдын алу бағытында да жұмыстар қадағаланып жатыр.
ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Әліби Тұрысбаев көмір бағасына қатысты мәселе сарапталып, заңға сәйкес тиісті жұмыс жүретінін мәлімдеді.